Демократиялық жаңғырудың жаңа жолы
Сайлаухан Аухадиев, Өскемен қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы:
– Президенттің өз құзыретіндегі кейбір өкілеттіктерді Үкімет пен Парламентке бөліп беру жөніндегі шешімін өз басым құптаймын. Иә, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елең-алаң кезеңде билікті бір қолда ұстау керек те болды. Мұны уақыттың өзі талап еткен. Қазір бәрі өзгерді ғой. Еліміздің саяси басқару жүйесі демократиялық бағытта дамып келеді. Қоғамдық ұйымдар, оның ішінде әсіресе, үкіметтік емес ұйымдардың рөлі жоғарылап, белсенділігі күшейе түсті. Осының өзі демократиялық қоғамның сипаттарын көрсетпей ме?
Сондай-ақ, Елбасы мемлекеттік басқару жүйесіндегі Парламенттің пәрмені күшейетінін де атап өтті. Парламентте халықтың өзі сайлаған өкілдері отырғанын ескерсек, бұл да демократиялық басқару жүйесіне жасалған қадамдардың бірі дер едім. Ал енді бұған дейін Президенттің құзыретінде болып келген кадрлық өзгерістер, бағдарламаларды бекіту, басқару органдарын құру секілді міндеттердің Үкімет пен Парламентке жүктелуі аталған органдардың жауапкершілігін одан сайын арттырып, оларға қойылатын талапты күшейте түсетіні рас. Бұл басқа да жауапты орындардың маңызды мәселелерге араласып, қоян-қолтық жұмыс істеуіне ықпал етпек.
Алия Мұқашева, Көкпекті ауданы кәсіпкерлері палатасының басшысы:
– Кеше Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесіне байланысты жариялаған өз үндеуінде бұл шараның ел дамуының жүйелі және заңды кезеңі болып табылатынын атап өтті. Бұған дейін Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаның да соңғы пункті -Үкіметке қосымша атқарушылық өкілеттіктер беруді, ашық мемлекет жүйесін құруды көздейді. Үндеуде Президент мемлекеттік басқару жүйесінде Парламенттің және Үкіметтің рөлінің пәрменді түрде күшейетінін де айрықша айтты.
Елбасы айтқандай, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы билік өкілеттіктерінің нақтыланып, қайта құрылып отыруы қазіргі күні елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың, бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуына мемлекеттік органдар мен атқарушы биліктің жауапкершілігін арттыруға бірден-бір мүмкіндік туғызады. Елбасымыз айрықша атап көрсеткендей, өзіміз өмір сүріп жатқан қазіргі жаңа қоғамда өкілеттіктерді қайта бөлу – еліміздің болашағы, ертеңі үшін қажет маңызды шара. Оны құрудың үдерістері Мемлекет басшысының назарында болмақ. Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі жөнінде құрылған жұмыс комиссиясы елімізді басқару тетігін жетілдірудің нақты, өміршең бағытын, тәртібі мен жүйесін ұсынады деген ойдамыз.
Үкіметіміздің дербестігі мен жауапкершілігінің күшейуі, сот-құқық саласындағы жаңғыртулар сөз жоқ, еліміздегі биліктің, жергілікті әкімдіктердің халыққа қызмет көрсету сапасын көтеріп, мемлекеттік қызметкерлердің елге қызмет көрсетуін анағұрлым жақсартары даусыз деп білемін.
Нәдірбек ӘПСАЛЯМОВ,
экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан инновациялық университетінің президенті, Семей:
– Елбасымыз Үндеуінде билік тармақтарын .үлестіру барысында қырыққа тарта президенттік құзыреттің Парламентке және Үкіметке берілетінін мәлім етті. Қандай маңызды мәселе болмасын, Елбасымыз өзінің сарабдал саясаты, кемеңгерлік басшылығының арқасында халқымыздың бірлігін, елдігін, ынтымағын сақтап келе жатыр. Жұмыс тобы Конституция нормаларын түзетуді көздейтін 40-қа жуық ұсынысты жеке қарады. Осының өзі ауызбіршіліктің көрінісі. Енгізілген ұсыныстар Парламент пен оның палаталарының өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді, соның ішінде олар Үкімет құрамын жасақтауға да қатысты болып отыр. Сонымен қатар, Үкіметтің Парламент пен оның палаталары алдындағы есептілігін күшейту ұсынылды. Мен демократиялық бағыттағы оң өзгерістердің барлығын қолдаймын. Осының бәрі ел ертеңін айқындар құжат деп білемін.
Галина Борисович, белорус этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі:
– Білесіз бе, қазір бүкіл әлем түрленіп жатыр. Қазақстан да өзгеруде. Осыдан ширек ғасыр бұрынғы кеңестер одағынан енді бөлініп шыққан Қазақ елі мен қазіргі Қазақ елін салыстыруға келмейді. Рас, еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, бізде мықты президенттік билік қалыптасты. Елбасының өкілеттіліктері мен құзыреттілігі де көп болды. Енді солардың бір парасы Үкімет пен Парламентке ауысады. Өзіңіз ойлап қараңыз, бала кішкентай кезінде біз оны барынша қорғаймыз, ал өсе келе оған құқықтар мен жауапкершіліктер жүктей бастаймыз. Сол секілді атқарушы билік те осы 25 жыл ішінде ауыр жауапкершілікті алуға пісіп-жетілді. Елді басқару жүйесін жаңғырту керек, оны Елбасы бұрыннан айтып келеді. Енді сол қадамдар нақты қолға алына бастады. Менің ойымша, жергілікті әкімдіктерге де өкілеттіліктер берілмек. Заң шығарушы органдарды сайлайтын еліміздің әр азаматының да жауапкершілігі артады. Елбасымыз – өте дана, парасатты саясаткер. «Мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып, осындай байлам жасадым» деді Президентіміз. Менің ойымша, ел үшін, жер үшін бүкіл жауапкершілік бір ғана Елбасының мойнына артылып келді, ал болашақ үшін биліктің барлық тармақтары да, барлық қоғам да жауапты болуы тиіс. Біздер, Шығыс өңірін мекендеп отырған мың жарымға жуық белорус диаспорасы, өзге де қазақ жерінен пана тапқан ұлттар мен ұлыстар, Елбасының бұл шешімін қызу қолдаймыз.
Ержан Құттыбаев, Тарбағатай аудандық мәслихаттың депутаты:
Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Үндеуінде Тәуелсіздіктің 25 жылында президенттік басқару басым болғандығын айтты. Бүгінгі күні әлем өзгеріп жатқандығын, сондықтан Қазақстанға да өзгеріс керектігіне тоқталды. Бес институттық реформаны іс жүзіне асыру уақыты келгендігін атап өтті.
Президент: «Қазақстанның таңдаған бағыты – демократия, сондықтан ел Парламенті мен Үкіметіне биліктің өкілдіктері көбірек беріледі» – деді. Осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылғандығын тілге тиек етті.
Парламентке Үкіметті жасақтау, оған сенімсіздік білдіру құқығы берілетіндігін, ал Үкіметке әлеуметтік – экономикалық мәселелерді толықтай беру керектігінатап көрсетті. Конституциялық кеңес пен сот биліктеріне де өзгерістер қажеттігін, министрліктер мен әкімдіктерді де үлкен өзгерістер күтіп тұрғандығын ескертті.
Міне, Елбасының Үндеуінен біз елімізде тарихи бетбұрыс болатындығын, оған әрбір қазақстандық дайын болуы керектігін ұғындық. Жергілікті жердегі өзін – өзі басқаруды іс жүзіне асыру қажеттігін түсіндік.
Сергей Боков, кәсіпкер, «Бриссоль» ЖШС директоры:
– Бұл Үндеуден мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты Елбасының нақты ұстанымдарын естідік. Бәрі де ойға қонымды. Кәсіпкер ретінде бүгінгі қадамды соңғы жылдары қарқынды жүріп жатқан реформалық өзгерістердің заңды жалғасы деп қабылдадым. Елімізде жүргізіліп отырған реформалардың сәтті іске асырылуына мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру мәселесі орынды көтеріліп отыр деп санаймын.
Менің ойымша бұл дер кезінде жасалған қадам. Мемлекет жасаған жағдайдың арқасында кәсіп дөңгелетіп отырғандықтан әрбір оң өзгеріске қуанып, елеңдеп отырамыз. Өкілеттіктерді қайта реттеу жайындағы мәселені жуықта ғана Елбасының өзі көтерген болатын. Қоғам үшін бұл көптен күткен дүние екені анық. Еліміздің даму бағыты, Елбасының о баста ұстанған сарабдал саясаты бүгінгі шешімге әкеліп отыр. Демек, бұл ел дамуының заңды бір кезеңі деп айтуға болады. Үкіметі білікті, құқықтық жүйесі әділетті, бәсекелік ортасы ашық, бизнеске қолайлы мемлекет болу үшін түбі бір осы өткелден өтуіміз керек болатын. Сол қадам дәл уақытында жүзеге асты деп айтар едім.
Шаймардан Оралбаев,
Зайсан аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы:
Еліміз өркендеп, экономикасы дамып, алға қарай батыл жылжып келеді. Елбасының Үндеуінде билік тармақтары арасындағы өкілеттікті қайта бөлу жөнінде нақты айтылған. Президенттік басқарудың бірнеше өкілеттігін Үкіметке қарай жылжыту, Парламенттік басқаруды жетілдіру мәселесі кәсіптік мемлекет құру идеясынан туып отырғаны белгілі. Бес институттық реформаның бірінші қадамында бұл жайлы көрсетілген. Демек, Елбасы алысты болжап, көрегендік танытып, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған реформаны бастап кетті.
Зайсан ауданының тұрғындары Үндеуде айтылған қағидаларды толық қолдап отыр. Қазіргі таңда жас мамандардың білімі мен біліктілігін жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтыр Зайсан ауданында жас мамандарға арналған жаңа тұрғын үй берілді. Бірнеше дәрігер қоныс тойларын жасады. Міне, бес институттық реформаларда бұл жайттар назардан тыс қалмаған.
Аудан экономикасы дамып келеді. Өткен жылы 17 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылды. Астықтан мол өнім алынып, мал басын асылдандыруда қыруар шаруалар тындырылды. Ауданда бірнеше спорт модульдері іске қосылды, қазір 144 дүкен, 12 дәріхана, 19 наубайхана, 9 қонақ, үй тұрғындар игілігіне қызмет көрсетуде. Аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, жұртшылық Елбасы жүргізіп отырған реформаны қызу қолдайды, еліміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлестерін қоса береді.