Демократиялық жаңғырудың айқын жолы
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде ұйымдастырылған «Қазақстанның Конституциялық реформасы: демократиялық дамудың жаңа кезеңі» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымдар, мемлекеттік қызметшілер, Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері Елбасының билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлуге қатысты Үндеуінде көрсетілген ұсыныстарды жан-жақты талқылап, өз пікірлерін ортаға салды.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Татьяна Сидоренко Конституциямыздың баптары әр жылдары қалай жетілдірілгенін жіліктеп берді. 1998 жылы 16-бапқа өзгеріс енгізіліп, Парламенттің өкілеттігі арттырылған. Мәжіліс депутаттарының саны өсті. Сонымен қатар, сот билігінде енгізілген үлкен жаңалық – үкім шығаруға алқа билердің қатысуы. Ал 2007 жылы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің рөлін арттыру, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен тиімділігін жетілдіру, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандығын сақтау функцияларын кеңейтуге қатысты өзгерістер кірді. Енді тұтқынға тек соттың санкциясымен алу нормасы енгізілді.
Жергілікті биліктің рөлі кеңейтіліп, қала, аудан әкімдерін тағайындауға мәслихаттың келісімі қажеттігі заңдастырылды. 2011 жылы Президенттік сайлауды кезектен тыс өткізу туралы норма енді. Татьяна Сидоренко 2017 жылы енгізілмек өзгертулердің екі мақсатты көздейтінін айтты. Алғашқысы билік тармақтарының өкілеттіктерін бөлумен байланысты болса, екіншісі – Парламенттің Президент пен халық алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Сондай-ақ, басқосуда университет ғалымдары Алпамыс Тоқсанбаев, Раушан Айдарбекова, Нелли Краснобаева, Элеонора Столярова, Михайл Дудкин өз ойларын ортаға салды.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит Елбасының Үндеуі демократияландыру мен институционалдық реформаларды жүзеге асырудың айқын көрінісі екенін жеткізді.
– Еліміздің болашағы үшін маңызды өзгерістерді талқылау барысында бүгінгідей басқосулар көп нәрсені шешеді. Елбасы өзінің бірсыпыра функцияларын Парламент пен Үкіметке жүктейтінін айтты. Президенттің 40-тан астам өкілеттілігі Үкіметтің құзырына өтті. Конституциялық реформаға қатысты құрылған жұмысшы топ еліміздің түкпір-түкпірінен халықтың ұсыныстары мен пікірлерін жинастыруда. Облыста депутаттардың қатысуымен 68 кездесу ұйымдастырылды. Осы конференцияда айтылған ұсыныс-пікірлерді де нақтылап, Астанаға жолдаймыз,- деді Ирина Смит.
– Демократиялық жаңғырудың басты индикаторы – биліктің қызметіне қоғам тарапынан қадағалаудың артуы болып табылады. Бүгінгі таңда бізде Үкімет мүшелері де, әкімдер де тағайындалады. Бұрын халық алдында Президент жауап берсе, енді кім жауап беретін болады? Осы орайда сайлау туралы заңдылықтарға өзгертулер енгізілу керек сияқты,- деген ойымен бөлісті осы кафедраның доценті, әлеуметтік ғылымдардың кандидаты Элеонора Столярова.
Жиынға қатысушылар Елбасының бастамасымен енгізілмек өзгерістер еліміздің демократиялық жолмен дамуының көрінісі екенін атап өтті. Ал Конституциямыздың 26-бабына сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, оны жұртшылыққа түсіндіруде. Мамандардың айтуынша, Конституцияның 26-бабындағы өзгерістерге қатысты шетелдіктерге жерге меншік құқығын беру туралы мәселесі бойынша пікірталастар негізсіз, өйткені аталған баптың 1-тармағындағы нормалар әркімнің мүлік, сондай-ақ жер алу құқығын қарастырмайды.
Жұмыс тобының Конституцияның 26-бабына ұсынған өзгертулері бірінші кезекте Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдік азаматардың және азаматтығы жоқ тұлғалардың меншіктерін қорғау мәселесіндегі теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Көрсетілген конституциялық нормадағы «Қазақстан Республикасының азаматы» сөзін «әркім» сөзіне алмастыру барлық жеке және заңды тұлғалардың жеке меншіктік құқығы мен оның бұзылмаушылығына кепілдік болып, инвестициялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді, сонымен бірге, басқа да адам құқықтары мәнін айтарлықтай айқындауға жағдай жасайды.
Кәмәл Естай