Қоғам

Демократиялық күштер елордаға Елбасы есімін беруді қолдады

Демократиялық күштер елордаға Елбасы есімін беруді қолдады


Облыстық Достық үй – қоғамдық келісім орталығында «Қазақстан – 2050» демократиялық күштерінің аймақтық коалициясының мәжілісі өтіп, онда өңір тұрғындарының мүддесін жеткізуші жалпы ұлттық бірлестік өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елордамыздың атауын «Нұр – Сұлтан» қаласы деп өзгертуін бірауыздан қолдауға бағытталған үндеу қабылдады.

Тарихи маңызды шешімді қолдауға түгелімен қатысқан еліміздегі саяси партиялардың облыстық филиалдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері өз Үндеулерінде Тұңғыш Президент-Елбасының Қазақстанды дамытудағы, әлемдік сахнада танытудағы және мемлекет ретінде қалыптастырудағы баға жетпес ерен еңбегін барынша атап көрсетуге тырысты.

– Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының бүгінгі отырысы ел тарихындағы ең жауапты да аса маңызды кезеңде өтіп отыр. Өздеріңізге белгілі, биылғы 19 наурызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеуін жариялап, өзінің президенттік өкілеттігін ерікті түрде тоқтататындығын мәлімдеген болатын. Мұндай шешімнің бір сәтте қабылданбағаны бәрімізге белгілі. Ол үшін Тұңғыш Президенттің ұзақ ойланып, маңызды мәселені әбден саралап, салмақтағанын түсініп отырмыз. Өйткені, Елбасы қашанда ел мүддесін бірінші кезекке қойып, әр кезде де дұрыс шешім қабылдады. Қазірдің өзінде еліміздің Тұңғыш Президентінің есімі аса көрнекті реформатор, ұлы саясаткер тұлға ретінде еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылғандығы сөзсіз. Ол елімізді кешегі кеңестік мемлекеттердің қатарынан алып шығып, заманауи дамыған, әлем таныған мемлекетке айналдырды. Сондықтан біз Елбасы есімінің Астана қаласына берілуіне бірауыздан қолдау білдіреміз, – деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.

Жұртшылыққа жолданған Үндеудің толық мәтінін жиналғандарға облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков оқып берді. Онда Нұрсұлтан Әбішұлының жылдар бойғы Тәуелсіздікті күшейтуге, елді жүйелі жаңғыртуға және әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған сарабдал саясаты толық көрініс тапқан.

Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лео Шик Елбасының сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Ассамблеяны құрудағы көрегенділігіне, бұл институтты әлем елдері мойындап, өздеріне тәжірибе ретінде енгізгендігіне, көпұлтты еліміздегі ұлтаралық және дінаралық келісімге тоқталып, бұл баға жетпес құндылықты өзге елдерде болып жатқан қақтығыстармен, саяси соғыстармен салыстыра отырып айтып берсе, Шығыс Қазақстан облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстандағы және әлемдегі бейбітшілікті сақтауға қосқан, Астананы әлемдік діндер көшбасшыларының тұрақты сұхбат алаңына айналдырған ерен еңбегіне нақты мысалдармен тоқталды.

Тұңғыш Президенттің Қазақстанды дамытудағы, дүниежүзі таныған мемлекет етіп қалыптастырудағы қажырлы еңбегін өз сөздерінде Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы облыстық филиалының бірінші хатшысы Шыңғыс Байдәулетов пен облыстық «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, Тталдау және болжау институтының директоры Олег Чернышов та ерекше атап өтсе, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев Елбасы негізін қалаған бейбітшілік пен экономикалық тұрақтылықтың дәл бүгінгі күндегі маңыздылығына тоқталып, оны бүкіл қоғам болып ары қарай да сақтай білуге шақырды.

Жиынға қатысқан барлық партиялар мен ұйымдардың өкілдері аталған Үндеуді жолдауды, онда айтылған Елбасы еңбегін толық қолдайтындықтарын жеткізді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button