Демеушісі көп мектеп түрленіп келеді

150 жылдық тарихы бар С. Ғаббасов атындағы орта мектепте 50 ұстаз еңбек етіп келе жатса, 500-ге тарта оқушы білім алады. Ұжымда сегіз бірлестік жұмыс істейді. Мектеп жанынан ашылған шағын балабақша орталығы да бар.
– Киелі білім ордасы өз тарихында елуден астам «Алтын белгі», «Күміс белгі», ерекше аттестат иегерлерін түлетіп, құтты ұяларына қондырған екен. Олар да өздерінің білім ордасына мейлінше көмектесіп, демеушілік жасап келе жатыр, – дейді Мамырсу ауылдық округінің әкімі Архат Ибрайшин.
– Құлжанов, Асаубаев сияқты меценаттар мен кейінгі толқын ағаларымыз Серік Орақбаев, Жайық Жұмаханов, Қанат Оспанов, Самат Сепбосынов, Бауыржан Үмбетов, Қайрат Ибрайшин, Айдар Абжанов, Ермек Шаяхметов – демеушіліктерін үздіксіз көрсетіп жүрген нар тұлғалы азаматтар. Мектебіміздің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында мәрт көңілді кәсіпкерлер Медғат Құлжанов, Қанат Оспанов, Жайық Жұмахановтардың қолдауымен ауылымыздың, білім ордасының тарихы жайындағы «Құтты қойнауым, киелі алтын ұям» атты кітаптың жарыққа шығуына демеушілік жасады. Кітаптағы тарихи деректер, естеліктер, мектеп өмірінің өткені мен бүгіні, ауылымыздағы Ұлы Отан соғысы, еңбек ардагерлері, алтын алқалы аналар, елге танымал адамдар туралы деректер енгізілді. Киелі ауылымыз өзінің майталман басшыларын, республикаға танымал кәсіпкерлерін мақтан тұтып, өз қарлығаштарын үлгі етеді.
«Туған жерге – тағзым» акция аясында орта мектепте Дариға Сепбосынова, Серікқали мен Серікқайша Үмбетовтер, Мырзахан Абжанов, Марфуза Мускина, Рақымжан Шарафутдинов сияқты ұлағатты ұстаздарға арнап кабинеттер жабдықталған екен. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагері Әлімғазы Ибрайшинге, қоғам қайраткері Рафих Хасеновке, мектеп түлегі Бейбіт Мұстахимовқа арналған биология, география, тарих, химия, қазақ тілі, математика, алғашқы әскери дайындық кабинеттері заманауи талапқа сай толық жабдықталған. Демеушілер жабдықтаған жеті кабинеттің әрқайсысына 800 мыңнан 1
000 000 теңгеге дейін қаржы жұмсап, балалардың сапалы білім алуына үлестерін қосып келеді.

Бұдан басқа мектептің жоғары санатты ардагер ұстазы, «Құрмет» орденінің иегері Гүлсімхан Жамантаеваның атында қазақ тілі кабинеті ашылыпты. Оған да мектеп түлектері Бақытнұр Оспанова, Айнұр Заманбекова, Бақыт Тілеубаева қаржылай демеуші болыпты. Бүгінде бұл кабинеттер жас ұрпақтың білім алуына мүмкіндік туғызып отыр.
– Жалпы, ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы шамалары келгенше өз үлестерін үздіксіз қосып келеді. Берекесі мен ынтымағы жарасқан ауыл десем де болады. Бұл – талай ауылға үлгі боларлық жайт. Бірнеше кәсіпкерлеріміздің демеушілігімен және мемлекет тарапынан бөлінген 8 миллион теңгеге спорт залын толығымен жөндеуден өткіздік, – деді мектеп директоры Рифхат Дүйсекенов. – Нәтижесінде 2016-2017 оқу жылына айтарлықтай дайындықпен келдік. Ұзақ жылдан бері жаңаланған мектеп мүлкі жаңартылып, интерактивті тақталар орнатылды. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында облыс басшысы Даниал Ахметовтің «Менің мектебім» бастамасы бойынша тағы екі бастауыш сынып кабинеттері жабдықталып жатыр. Ел Тәуелсіздігі күні салтанатты түрде ашсақ деген ойымыз бар. «Бітер істің басына – жақсы келер қасына» дегендей, оған демеуші болған Докуртовтар кабинетті бастауыш сынып мұғалімі Райхана Ғафуроваға, екінші кабинетке қаржылай көмек көрсеткен Орақбаевтар әулеті халыққа қалтқысыз қызмет көрсеткен, мәрт көңілді ауылдың ару қызы Гүлнар Орақбаеваның құрметіне арнады. Осы тұста ауыл азаматтарының басын қосып, олардың туған жеріне демеушілік жасауына ықпал ете білген іскер де ұйымдастырушылық қабілеті зор ауыл әкімі Архат Ибрайшиннің еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Бастауыш сынып кабинетін жабдықтап жатқан Бақыт Орақбаевқа хабарласқан едік. С.Ғаббасов атындағы мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін тамамдаған. Бақыт Қалиназарұлы Желтоқсан оқиғасының белсенді қатысушысы екен. Елбасының 1991 жылғы Жарлығына сәйкес 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде «саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп танылып, 1993 жылы ақталып шығыпты. Еңбек жолын Семей қаласындағы облыстық қорғаушылар коллегиясынан бастап, кейін туған елі Аягөзде прокурордың аға көмекшісі, прокурордың орынбасары болып қызмет етеді. Бұрынғы Шұбартау ауданының прокуроры, Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы тергеу басқармасының аға прокуроры, сондай-ақ Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарында, Семей қаласында прокурор қызметтерін атқарған. Әділет кеңесшісі, «І дәрежелі прокуратура озаты» атағының иегері – қазір дербес зейнеткер.
-Бастауыш сынып кабинетіне толықтай жөндеу жұмыстарын жасадық, – дейді Бақыт Қалиназарұлы.- Сынып еденіне линолеум төседік. Кермелі төбе, жарық шамдары мен терезелеріне жалюзи орнаттық. Арнайы стендтер мен жаңа тақта қойдық. Енді пластик есік, терезелер орнатып, проектор сатып алып береміз.
Біз ағамыздан жұмсаған қаржы мөлшерін сұрағанымызда, қарапайымдылық танытып:
-Мәселе жұмсалған қаржы шығынында емес, түлеп ұшқан мектебімізде балаларымыз заманға сай жабдықталған әрі жарық сыныпта алаңсыз білім алса екен. Ағайын-туыстардың көмегімен жабдықтап шықтық қой. Шамамен бір миллиондай қаржы жұмсалды,- дейді Бақыт Орақбаев.
Тілеукен Тілеубердіұлы