Қоғам

Демеушілікті әдетке айналдырған Досбаевтар

Қазіргі дағдарыс заманында бір-бірімізге қайырымдылық жасап, алғыс айту – парызымыз. Қазақ халқының ұғымында неғұрлым көп алғыс алған адам бақытты болады. «Алғыспен ер көгерер» деген мәтел соны меңзейді. Жанымызда жүректері мейірімге толы, жақсылық жасауға қашанда дайын тұратын адамдар қаншама?!

Осының дәлелі ретінде Біржан ауылдық округіндегі кәсіпкерліктің биік белесін бағындырған Досбаевтар жанұясын айтуға болады. Олар – «Ақниет» азық-түлік дүкенінің иелері. Ауыл тұрғындарының көбі осы дүкеннен керек-жарағын, күнделікті тұтынатын заттарын алады. Аудандағы алғашқы кәсіпкерлердің бірі деп мақтана айтуға болатын отбасы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ кәсіпкерлікке ден қойып, ерінбей еңбек еткен олар бүгінде осы саланың көрігін қыздыруда.

Тоқырау жылдарындағы қиындықтар тұрғындарға оңай тиген жоқ. Өндіріс тоқтап, сауда орындары жаппай жабыла бастады. Дүкен сөрелері қаңырап қалды. Айлап зейнетақы, еңбекақы болмады. Соған қарамастан іскер адамдар ауылдардағы бірен-саран дүкендерді сақтап қалуға тырысты, тұрғындар қарызға керегін алып отырды.

Кәсіпкерлікті нөлден бастаған, ыстық-суығына төзген Досбаевтар өз еңбектерінің жемісін көруде. Дүкен иелері ауылдың өркендеуіне қол ұшын созуды дағдылы әдетке, үйреншікті іске айналдырған. Сонымен қатар ауылда өтетін мәдени іс-шараларға үнемі демеушілік жасап, жомарттық танытып келеді.

«Оң  қолыңның бергенін сол қолың білмесін» деген қағиданы ұстанған кәсіпкерлер өздері туралы айтқанға құштар емес. Осы мерейлі мереке күні халық алғысын арқалап жүрген «Ақниет» дүкенінің иелеріне алғыс айтамыз. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Н. Медеубаева, кітапхана қызметкері                                                                       

Зайсан ауданы

Осы айдарда

Back to top button