Қоғам

Демеушілеріне дән риза

    Бозай ауылындағы Сергиополь орта мектебінде екі бірдей іс-шара болып өтті. Облыстық мәслихаттың депутаты Жайық Жұмаханов биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған  жиырма оқушыға «ТZ 2716» планшетті компьютерлер сыйға тартты. Сондай-ақ осы ауылдың байырғы тұрғыны, мектептің директоры болған марқұм Мырзатай Әбдірасыловтың ұрпақтары мектеп қабырғасына ескерткіш-тақта орнатып, әкелерінің атындағы орыс тілі кабинетін ашты. 

– «Ауыл – алтын бесік» деген ұғым бар қазақта, – деді Жайық Амангелдіұлы мектеп табалдырығын тұңғыш аттап отырған жиырма баланың ата-аналары алдында. – Ұрпақтарымызға сапалы білім бере білуіміз қажет. Сол үшін де мына бір шағын сыйымды қабыл алыңыздар. Бұл қолда бармен бөлісуден туған ізгі ниет деп қабыл алыңыздар.

Шынында да, Жайық Амангелдіұлын бұл мектептің жалғыз демеушісі деуге болады. Алты жылдан бері мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келе жатқан жомарт азамат. Мектеп директоры Дәулет Есентеміров бозайлықтар атынан депутатқа алғысын білдірді.

Сергиополь орта мектебінің қабырғасына ескерткіш-тақтасы орнатылып, жеке сыныбы ашылып жатқан Мырзатай Әбдірасылов 1910 жылы Аягөз ауданы Орта Аягөз ауыл советінде дүниеге келіп, 1974 жылы қайтыс болған. Ұрпақ тәрбиелеудегі жанкешті еңбегі еленіп, әлденеше медальдармен марапатталған жан. Ол 1930 жылы Жүзағаш ауыл советіне қарасты «Жаңа таң» мектебінде бір жыл, «Жұмыскер» колхозында 1932 жылға дейін еңбек етті. 1932 жылдан «Буденный» бастауыш мектебінде мұғалім, 1939 жылдан осы мектепте директор болып қызмет етеді. Кейін Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралысымен 1946 жылдан 1959 жылға дейін осы  мектепте қызмет етеді. 1965 жылдан 1970 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін сол кездегі Аягөз ауданына қарасты Қарақол совхозының №2 фермасының бастауыш мектебінде директор болды. Бұл күні осынау игі іс-шараға мұрындық болған абзал ағаның ұрпақтары – қыздары Үміт, Гүлбаршын, ұлдары Серікқали, Ерғали және немересі Балжан келіп, жерлестерімен жүздесті.

Ұлы Отан соғысының ардагері, байырғы ұстаз Мырзатай Әбдірасыловтың рухына бағышталып қатым-құран түсірілді.

Берікхан Тайжігіт

  Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button