Аймақтар аухалы

Демалыс орындарына шалдықпай жетер күн жақын

Шыбындыкөл мен Дұбығалы көлдеріне шалдықпай жетер күн жақын. Алдағы уақытта аталмыш туристтік орындарға баратын жолдар жөнделеді. Осы мақсатта облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген.Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті.

– Аюды демалыс орнына Манат ауылы арқылы баратын жол 2021 жылға дейін жөнделеді. Қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ауданда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Бүгінде онда демалушыларға сапалы қызмет көрсететін 18 туристтік нысан жұмыс істейді. Бұдан бөлек, жаңа демалыс орындары салынуда. Мәселен, Қоржынкөлдежалпы құны екі миллиард теңгені құрайтын «Жібек жолы» мейрамхана-кешенінің құрылысы жүргізілуде. Ал «Аблакетка» су қоймасында спорттық-әуесқойлық балық аулау клубы ашылады деп жоспарлануда.

– Садыркөлде 100 орындық демалыс орны салынуда. Оған 40  миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар Дұбығалыда «Мұзтау» ЖШС-нің бастамасымен жалпы құны 35 миллион теңгені құрайтын демалыс үйлері қолданысқа беріледі, – деді аудан әкімі.

Брифинг барысындаНұрымбет Сақтағанов аудандағыбарлық ауылдыинтернет желісімен қамтамасыз ету жұмыстары  қомақты қаражатты талап ететінін атап өтті. Алайда бұл мәселе уақыт өте келе рет-ретімен шешімін таппақ.

– Барлық мектеп 100 пайыз интернет желісімен қамтамасыз етілді. Ал ауылдарға ғаламтор желісін тарту мәселесіне келетін болсақ, бұл болашақтың еншісіндегі шаруа, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Аудан басшысының айтуынша, адам саны аз 10 ауылда  блоктық-модульдік станциялар орнатылады. Мұндағы басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру. Ал келесі жылы  Герасимовка мен Тарғын ауылдарының тұрғындары сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.

– Сағыр, Украинка, Ново-Одесское, Пролетарка, Жоғарғы Тайынты, Баяш Өтепов, Ізғұтты Айтықов ауылдарына орталықтандырылған су құбырлары тартылады. Осы мақсатта тиісті жұмыстары атқарылуда, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Брифинг барысында аудан басшысы алдағы үш жылдың ішінде кейбір ауылдардағы әбден тозығы жеткен электр желілері қайта ауыстырылатынын атап өтті. Оған тиісті қаражат қарастырылған. Сондай-ақ биыл елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру мақсатында техникалық құжаттар әзірленіпті. Осы мақсатта 2,1 миллион теңге жұмсалған.

– Ауданда кәсіпкерлерді қолдау, ауыл шаруашылығы мен туризм саласын дамыту сияқты экономиканың ілгерілеуіне серпін беретін жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Түптеп келгенде, мұның бәрі өңірімізді өркендету мақсатында жасалуда, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button