Қоғам

Демалыс орталығындағы дүбірлі дода

Өскемен қаласының іргесіндегі «Конный двор» демалыс орталығында облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Туризм –есірткіге қарсы» акциясы өтті.

Демалыс орталығындағы дүбірлі додаАкцияға облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев, мектептердің, кәсіптік лицейлердің, колледждердің оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, облыс пен қала тұрғындары қатысты.

Шараның ашылу салтанатында облыс Әкімінің аса маңызды тапсырмалар жөніндегі бас инспекторы, спорт ардагері Василий Ахаев қатысушыларды құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Есірткінің адам ағзасына зияны туралы айта келіп, жастарды спортпен тұрақты түрде шұғылдануға шақырды.

– Акцияны өткізудегі басты мақсатымыз – жастарды шаңғы спортына тарту, салауатты өмір салтына насихаттау, есірткіге қарсы іс-шараларды спорттық жарыстар арқылы жүргізу, – деген «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының жастар саясаты бойынша кеңесшісі Мұхит Сүттібаев алдағы уақытта да жастар арасында осындай іс-шараларды жалғастыра беретінін жеткізді.

Міне, шаңғышылар жарысы да басталып кетті. Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің оқушысы Төлеген Сәлімханов мәре сызығынан бірінші болып өтті. Григорий Булгаков (экономика колледжі) екінші, Николай Ситников (қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі) үшінші орынды еншіледі. Қыздар арасында Елена Пашке (облыстық «Рудный Алтай» газетінің тілшісі) бірінші, Алена Зоветская (медицина колледжі) екінші, Салтанат Найделданова (экономика колледжі) үшінші орынды иеленді.

– Біздің колледж оқушыларының барлығы да шаңғымен айналысады. Олар алдымен өзіміздің біріншілікке қатысуға даярланып, шынығып, шыңдалады. Осы акцияға біздің колледжден 20 оқушы қатысты. Бір мезгілде 70 оқушыны қамтамасыз ететін шаңғымыз бар. Шаңғыларды жыл сайын жаңалап отырмыз, – деді Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі денешынықтыру бөлімінің меңгерушісі Болатбек Дауымов.

Арқан тартуда, шанаға кезектесіп отырып, бірін-бірі сүйретіп жүгіруде Ұлан ауданы, Привольное орта мектебінен келген оқушылар бірінші үштіктен орын алып, арнайы жүлделерге ие болды.

– Өскеменнен 150 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдан келдік. Шаңғы жарысында біздің мектептің оқушылары жақсы өнер көрсетті. Ауылымызда «Багратион» шаруа қожалығының жетекшісі Василий Воропай салып берген спорт кешені бар. Ондағы екі залда балалар бокспен, күреспен, футболмен, волейболмен айналысады. Хоккей ойнайды, шаңғы тебеді. Біздің мектептің оқушылары темекі тартпайды, өйткені, олардың барлығы спортпен шұғылданады, – дейді оқушыларды осы жарысқа бастап әкелген Привольное орта мектебі алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі Шерияздан Зәкәриянов.

Василий Воропай бұл жолы да оқушылар-дың көлігіне бензин құйып, жолазықтарын салып беріпті. Оқушылар осындай ағаларының көмегі арқасында аудандық, облыстық, респуб-ликалық әртүрлі жарыстарға жиі қатысып жүр.

Мектеп оқушылары арасындағы жарыс қорытындысында Андрей Такенов (№13 орта мектеп), Дмитрий Василенко (№4 орта мектеп), Александар Чуев (№34 орта мектеп), қыздар арасында Валентина Дедюхина (№36 орта мектеп), Лариса Переверзева, Настя Маврина (екеуі де №13 орта мектептен) үздік нәтижеге жетті.

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button