Демалыс базалары қатаң қадағаланады

Алтай ауданында арнайы құтқару құрылғыларымен жабдықталмаған демалыс базалары жұмыстарын бастамайды.
Бұл туралы аудан әкімдігінде өткен кездесу барысында айтылды. Өрт қауіпсіздігі және суға түсу маусымына қатысты өткізілген шарада шомылу маусымының басты мәселелері пысықталды. Адамдардың суға кетіп мерт болуының алдын алу мақсатында аудандық төтенше жағдайлар қызметі бірлескен шаралар жоспарын құрып, демалыс және мереке күндері профилактикалық рейдтер өткізу туралы кесте құрған. Сондай-ақ кездесуде адамдардың суға бату себептеріне егжей-тегжейлі талдау жасалып, мәселені шешу жолдары қарастырылды.
Кеңес нәтижесінде су жағалауларындағы қауіпсіздік талаптарына сай қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген қоғамдық демалыс орындарының санын көбейтуге, құтқару бекеттері жоқ демалыс орындарын ашпауға, қауіпті және құтқару құрылғыларымен қамтамасыз етілмеген учаскелерге шомылуға тыйым салатын ескерту белгілерін орнатуға қатысты ұсынымдар берілді. Сонымен қатар балаларды суда малтауға және адамдарды құтқаруға қатысты дағдыларға үйрету жұмыстары жалғасатын болды.
Азамат Темірбеков