Қоғам

Демалушылар дайын. Жағажайлар ше?

Нұржан Кенжеұлы

1 маусымда Шығыста ресми түрде суға шомылу маусымы басталды. Облысымыздағы су қоймаларында шомылуға болатын қанша учаске бар? Биыл аймақтағы танымал жағажайлар демалушыларды қабылдауға қаншалықты дайын? Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Ағажаевтан сұрап білген едік.

Оның  хабарлауынша, бүгінде Шығыс Қазақстанда екі мыңнан астам су қоймасы бар болса, оның басым бөлігінде шомылуға тыйым салынған. Ал рұқсат етілген учаскелерге келсек, қазір олардың барлығы бірдей келушілерді қабылдауға дайын емес екен. Белгілі болғандай, жыл басынан бері облыста үш адам суға кеткен, оның біреуі – бала. Еске салайық, былтырғы суға шомылу маусымында 35 жазатайым оқиға тіркелген.

– Өкінішке қарай, судан ажал құшқандар саны азаймай тұр. Айта кетерлігі, аталмыш жазатайым оқиғалардың барлығы шомылу үшін жабдықталмаған учаскелерде болған. Бұл бірінші кезекте үлкен қалалар маңындағы су қоймаларына қатысты. Негізінен, өңірдің су айдындарында азаматтардың өліміне әкеп соғатын бірнеше ғана себеп бар. Ол – жабдықталмаған жерлерде шомылу, суда жөнді жүзе алмау, өз күшін дұрыс бағаламау, балаларды қараусыз қалдыру және алкогольдік ішімдіктер ішіп суға түсу, – дейді Дәурен Ағажаев.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстандағы су қоймаларында жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған 16 учаске белгіленген. Сол сияқты, шомылуға тыйым салынған жерлер де анықталған. Бұл тізімге 116 учаске кіреді. Бүгінге дейін аталған жағажайларда 157 ескерту белгісі қойылыпты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.

Осы ретте, Дәурен Ағажаев облысымыздағы танымал демалыс орындарының дені келушілерді қабылдауға дайын екенін жеткізді.

Белгілі болғандай, қазір құтқарушылар полиция қызметкерлерімен бірге арнайы рейдтерге шығуда. Рейдтер барысында мамандар демалушылар көп шоғырланатын жағажайларды тексеріп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал судағы қауіпсіздік талаптарына жүрдім-бардым қараған азаматтар қомақты мөлшердегі айыппұл арқалайды.

Бұл күндері ТЖД қызметкерлері «ШҚО судан құтқару қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мамандарымен бірге, жаппай шомылатын орындар акваторияларының түбін зерттеу және тазарту жұмыстарын жалғастыруда.

Облыста қоғамдық құтқарушыларды дайындау мәселесі де назардан тыс қалмауда. Бүгінге дейін 30-дан астам қоғамдық құтқарушы оқудан өтіп, жұмысқа кірісіп кетіпті. Сол сияқты, жаз айларында демалушылардан арылмайтын жағажайларда балаларға арналған шомылу учаскелерін жабдықтау, құтқарушылар мен дәрігер бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру және суда жүзудің шекараларын белгілейтін қалтқылар орналастыру сияқты іс-шаралар қолға алынуда. Әсіресе, балалар лагерьлеріндегі қауіпсіздік шараларына ерекше мән беріледі, дейді мамандар.

ТЖД-ның сүңгуірлік-құтқару бөлімшесінің бастығы Андрей Лисянскийдің айтуынша, су жағасына демалуға барған адамдар бірнеше қарапайым ережені қаперде ұстауы тиіс. Мәселен, ішімдік ішіп, есірткі пайдаланған адамдарға суға түсуге қатаң тыйым салынады. Сол сияқты, қайықтардан, кемелер аялдайтын айлақтар мен бұл мақсаттарға арналмаған өзге де нысандардан суға секіруге, суының түбі тексерілмеген және шомылу үшін жабдықталмаған жерлерде сүңгуге болмайды. Жүзуге арналмаған заттардың көмегімен суға түсуге де тыйым салынады.

Ал суға батып бара жатқан адамды көріп, оған жағаға шығуға көмектескен болсаңыз, зардап шегушіге қажетті алғашқы медициналық жәрдем беруді де ұмытпағаныңыз жөн.  Бұл туралы департамент жанындағы госпитальдік бөлімшенің бастығы Әлия Тантыбаева айтты.

– Жәбірленушіні судан шығарған кезде ұйқы артериясындағы тамыр соғысын тексеру қажет. Егер пульс болмаса, шұғыл түрде реанимацияны бастау керек. Ал тамыр соғысы бар болған жағдайда, зардап шегушіні бүгілген тізеңізге етпетінен жатқызу қажет. Осы ретте, зардап шеккен адамды етпетінен жатқызған кезде оның ішінің тізеңізге тіреліп, кеудесі мен басы төмен салбырап тұрғаны маңызды. Осыдан кейін қолдарыңызбен арқасынан басып, іштегі суды шығару керек. Суды шығарғаннан кейін зардап шегушіні шалқасынан жатқызыңыз. Егер тынысы болмаса, қолдан тыныс алдыру тәсілдерін жасаңыз. Мұндай іс-шараларды жәбірленуші есін жиғанша немесе құтқарушылар мен жедел жәрдем жеткенге дейін қайталаған жөн, – дейді маман.

Айта кетейік, Шығыста шомылу маусымының басталғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан, өңірде өзен-көлдерге лап қойғандар жетіп артылады. Бұған соңғы күндері ауа температурасының күрт көтерілуі де септігін тигізді.

Сөз соңында, облысымызда суға шомылуға жарамды, яғни толықтай жабдықталған алты жағажай бар екенін айта кеткеніміз орынды болар. Оның екеуі Өскемен қаласында («Самал» мен Сол жағалау кешеніндегі жағажайлар) орналасса, тағы екі учаске Алтай ауданында (Жаңа Бұқтырма және Прибрежный кенттеріндегі жағажайлар) тіркелген. Сонымен қатар шомылуға рұқсат етілген учаскелер тізіміне Ұлан ауданындағы Сібе көлдерінің және Үржардағы Алакөлдің жағажайлары енгізілген-ді.

Осы айдарда

Back to top button