Полицейлер қызметтерін адал атқарады
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні облыстық ішкі істер департаментінде болып, ондағы жеке құраммен кездесті, салтанатты сап түзеген тәртіп сақшыларын құттықтады.
Аймақ басшысы алдымен ішкі істер органдарының қаза тапқан қызметкерлеріне арналып орнатылған еңселі стеллаға гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң сапта тұрған полиция қызметкерлерінің қасына келген облыс әкімі облыстық ІІД қызметкерлеріне тиімді жұмысы, қала көшелеріндегі тәртіпті қадағалау, қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі кәсібиліктері мен батылдықтары үшін алғыс білдірді.
– Отанымызға адал қызмет еткендеріңіз үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Қашанда елдің тыныштығын қорғап жүрсіздер. Елге тәртіп, тыныштық, қауіпсіздік керек. Сіздерді елге деген адалдықтарыңыз, Президент тапсырмаларын мүлтіксіз орындағандарыңыз үшін құрмет тұтамыз. Өткенде Ақтөбе қаласында орын алған қанды оқиғада ІІД қызметкерлері антқа беріктіктерін, қашанда алдыңғы шепте екендіктерін, Отан алдындағы борышын абыроймен, адал орындайтындықтарын көрсетті. Бізде ұрпақтар сабақтастығы жалғасқан. Ардагерлерімізге жас полицейлерге үлгі бола білгені үшін алғысымыз шексіз. Баршаларыңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Еске салар болсақ, облыстың ішкі істер органдарының 41 қызметкері өз міндетін орындау барысында қаза тапқан. Олардың 11-і қылмыстың алдын алуда ерлікпен көз жұмған. Көпшілігі қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталған. Қаза тапқан қызметкерлер отбасына облыстық ІІД тарапынан материалдық және басқа да көмектер ұдайы көрсетіліп келеді.
Кездесу барысында қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің жесірлерімен әңгімелескен аймақ басшысы Отанына қызмет етіп жүріп, жанын қиғандардың ерлігі мәңгі ұмытылмайтындығын, басшылық тарапынан олардың отбасына тұрақты көмек көрсетілетіндігін атады.
Солардың бірі – Айгүл Мұрымбаеваның жолдасы, полиция капитаны Жәлелхан Мұрымбаев Тарбағатай аудандық ішкі істер бөлімінің жол полициясы бөлімшесінің бастығы қызметінде жүргенде, 2001 жылдың 6-қаңтарында қатты аяз бен боранның құрсауында жолда қалған адамдарды құтқару барысында қаза болған. Айгүл жолдасынан айырылған кезде оңай болмағанын бүгінде күрсініспен еске алады. Көңіл жұбатарлығы, артында қалған ұлы Дарын Жәлелханұлы әкесінің жолын қуып, Алматы қаласындағы ІІМ Академиясын бітіріп, полиция лейтенанты атанған. Қазір Үлбі полиция бөлімінде жедел уәкіл. Айгүлдің өзі де полиция майоры, ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқаруда.
– Кеңестік заманда бізде штатта 100 адам болса, бір жеңіл көлік және қолдан жасалған үйшігі бар бір жүк көлігі ғана болатын. Қыста тоңып, тапсырмаға жаяу баратынбыз. Қазір мүлдем басқа заман. Жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Сондықтан қылмыстың алдын алуда үздіксіз қызмет декоративный камень в Алматы ету қажет. Облыстың ішкі істер органдары ардагерлерінің атынан полицейлерге жасалып жатқан қамқорлық пен ерекше назар үшін облыс басшылығына алғыс айтқым келеді, – деді облыстың ішкі істер органдарының және Ұлттық гвардияның ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев жиын барысында.
Жас полицейлердің атынан әріптестерін құттықтаған полиция аға лейтенанты Әсем Борантаева жастарды төзімді болуға, қиыншылықты жеңе білуге, Отанға адал қызмет етуге шақырды. Ағымдағы жылдың бес айында облыстың ішкі істер органдарына қызметке 128 жас қабылданған. Олардың 56-сы офицерлік, 72-сі сержанттық құрамға алынған. Әрбір жас қызметкерге тәжірибелі полиция мамандары бекітілген.
Сондай-ақ аймақ басшысы Өскемен қалалық ІІБ Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.
Дәурен Аллабергенұлы