Биылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі өтуде. Аталған жұмыс заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен қатысушылары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары сияқты 3,9 миллион азаматты қамтитын болады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінен хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдан бастап елімізде басталған жалпыға бірдей декларациялау бағдарламасы әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету сияқты міндеттерді шешуге бағытталған.
Декларациялаудың бірінші кезеңі мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға және олардың жұбайларына қатысты болған. Бұл санатқа 579 мыңға жуық адам кірген. Ал 2023 жылы басталған екінші кезеңде декларация беруге міндетті азаматтар санатының тізімі кеңейіп, қамтылатын адамдар саны 2,1 миллионға жетті. Бұл мемлекеттік мекеме қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор субъектілері және олардың жұбайлары еді.
2024 жылы басталған үшінші кезеңде, жоғарыда жазғанымыздай декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен қатысушылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсыруға тиіс. Келер жылы декларацияның төртінші кезеңі басталып, жеке тұлғалардың қалған санаттарын қамтымақ. Осы ретте, төртінші кезең аясында шамамен 6,4 миллион адам декларация тапсыруы керек болады. Осылайша, Мемлекеттік кірістер комитетінің болжамынша, 2025 жылға қарай елімізде 13 миллион азамат өз декларацияларын ұсынуы керек.
Мобильді аудармаларды басқару
Үшінші кезең бастала салысымен халық тарапынан заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған салықтық мобильді аударымдарды басқаруға қатысты көптеген сұрақтың туындағаны рас.
Қазіргі уақытта кей кәсіпкерлер сатылған тауар немесе көрсетілген қызмет үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Мысал ретінде дүкендердегі сатушылар мен такси жүргізушілерін келтіруге болады. Алайда, бұл аударымдар бақылау-кассалық машиналар, POS-терминалдар мен QR-кодтардың көмегінсіз жүргізіледі. Яғни, чектер берілмейді. Демек, тұтынушылардың құқықтары бұзылады.
Бақылау-қадағалау іс-шаралары барысында тексеру критерийлеріне қатарынан үш ай ішінде жүз және одан да көп адамнан мобильді аударымдар алған азаматтардың кіретінін білген маңызды. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген мұндай адамдарға қатысты бақылау-қадағалау күшейеді.
Активтер мен міндеттемелер
туралы декларация
250.00 нысаны бір рет ұсынылады және активтер мен міндеттемелер, атап айтқанда Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде, шет мемлекетте тіркелген мүліктің болуы туралы декларацияны табыс еткен жылдың алдындағы жылының 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша мәліметтерді қамтиды. Мұндай активтер мен міндеттемелер қатарына құны 1 000 айлық есептік көрсеткіштен асатын мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар мен басқа да дүние-мүлік енеді. Осы ретте, мүлікті бағалауды декларация тапсырылғанға дейін жасаған жөн екенін айту керек.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну туралы талап әрекетсіз және қызметін тоқтатқан адамдарға да қолданылады.
– Филиалдар мен өкілдіктердің басшылары 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынуға міндетті емес, өйткені олар заңды тұлғалар болып табылмайды, – деп нақтылады облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінен.
Сондай-ақ жеке тәжірибемен айналысатын адамдар, яғни нотариустар мен адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен кәсіби медиаторлар да декларация ұсынбайды.
Белгілі болғандай, декларацияны бірнеше жолмен ұсынуға болады екен. Мәселен, cabinet.salyk.kz сайтындағы салық төлеушінің кабинеті немесе «eSalyqAzamat» мобильді қосымшасы, «электрондық үкіметтің» веб-порталы (egov.kz) арқылы ұсынуға болады. Сонымен бірге «eGovmobile» мобильді қосымшасы немесе moldir.qoldau.kz веб-портал арқылы да декларация бере аласыздар, дейді мамандар.
Декларацияны толтырар алдында Мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері Қазақстанда бағалы қағаздар, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар, сенімгерлік басқаруға берілген мүлік, қарыз шарттары сияқты активтер мен міндеттемелердің бар-жоғын өз бетінше тексеруді ұсынады. Ол үшін Doculite жүйесі арқылы республикалық нотариаттық палатаға өтініш жолдау қажет.
Декларация жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша 15 қыркүйекке дейін берілуге тиіс.
Жеке тұлғаның жауапкершілігі
Бір жыл ішінде декларацияны ұсынбаған жеке тұлғаларға заңнамада белгіленген тәртіп бойынша ескерту беріледі. Мұндай жағдай бір жыл көлемінде қайталанса, жеке тұлғалар 55 380 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Декларацияда толық емес не анық емес мәліметтерді ұсынған тұлғалар алдымен ескерту алады. Дәл осындай жағдай жыл көлемінде қайталанған болса, адамға 11 076 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
Жыл көлемінде салық салу нысандарын жасырған жеке тұлғаларға қатысты бірінші жолы төленбеген салықтар сомасының 200 пайызы мөлшеріндегі айыппұл санкциялары қарастырылған. Бір жыл ішінде дәл осындай жағдай қайталанса, айыппұл мөлшері 300 пайызға дейін өседі.
Жалпыға бірдей декларациялау туралы толығырақ Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті сайтының «Жалпыға бірдей декларациялау» бөліміне өтіп білуге болады. Онда декларацияны толтыру бойынша қадамдық нұсқаулық пен Қазақстанда өз активтерін тексеруге қатысты бейне-нұсқаулық орналастырылған.