Руханият

«Әдеби Шығыс» рухани әлемге есік ашады

 «Әдеби Шығыс»  рухани әлемге есік ашады


Біз кейде балаларымызға «туған жеріңнің тарихын таны, әдебиетін біл» дейміз. «Ұлттық тамырыңнан ажырама» дейміз тағы да. Дұрыс. Бірақ қазіргі бала құр сөзді құлағына ілмейді ғой. «Жүз рет естігеннен бір көрген артық» дейді халық даналығы. Осы орайда үстіміздегі жылдың 31 мамыры мен 17 маусымы аралығында облыстық білім басқармасы мен «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Әдеби Шығыс» оқу-тәжірибелік айналымының маңызы өте зор. Жақында мәресіне жеткен шараға аймақтағы жалпы білім беру мекемелерінің 1500-ден астам оқушысы қатысты.

 «Әдеби Шығыс»  рухани әлемге есік ашады

Бір атап айтарлығы, бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынып, облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша өтті. Мақсаты – әдебиет саласын оқуда ерекше қабілет танытқан оқушыларды анықтау және ынталандыру, оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту, өскелең ұрпақты туған өлкенің әдеби мұрасымен таныстыру. «Әдеби Шығыс» оқу-тәжірибелік айналымының алдында арнайы байқау өткізілген болатын. «Барлығын қамтитын диктант», «Мақтанамын кең байтақ Шығысыммен», «Жастар таланты – туған өлкеге арналады» атты аталымдардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері осы шараға қатысуға мүмкіндік алды. «Әдеби Шығыс» оқу-тәжірибелік айналымының біріне біз де оқушылармен бірге жол тартып, Шығыста дүниеге келген шайырлардың туған топырағына барып, көп нәрсені көңілімізге түйіп қайтқан болатынбыз.

Ұлылар жүрген жолмен жүрді

Ағарып атқан таңмен таласа облыс орталығы – Өскеменнен шыққан автобустың іші толған оқушылар. Барлығы да «Әдеби Шығыс» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Алғашқы бағытымыз – Абай ауданындағы Жидебай қорығы. Оқушылардың кейбірі ұлы ақынның туған жеріне табаны тигенше тағатсызданып отыр. «Апай, қашан жетеміз?» дейді жанарлары жәудірей. Сағат тілі таңертеңгі тоғыздан енді асқанда Семейге жетіп қойдық. Автобус үлкен шаһарға көп аялдамады. Абай ауданының орталығы Қарауылға апаратын тас жолға түсті. Иә, алдымызда тағы да ұзын жол жатыр… Осынау жолға автобустағы жасөспірімдер ерекше бір үмітпен көз тастап қояды. Бұл – қазақтың Абайы, Шәкәрімі мен Мұхтары жүрген ұлы жол… Бұл жолмен хан да, қара да, дана мен бала да талай сапар шеккен…

Бұл жол ұлы Абай дүниеге келген киелі топыраққа апарады. Бұл жол даналыққа бастайды… Бүгін бұл жолмен Абайды іздеген ұрпақ жол тартып келеді. Ақындар айтқандай, «Абайды іздеу – бақыт». Бұл дегеніңіз – руханиятты іздеу, бұл дегеніңіз – ой тереңіне сүңгу.

Міне, Күшікбай асуы… ХVІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген уақ батыры жайлы Семейдегі Абай атындағы мұражай-қорығының қызметкері Үмітқайша Ибраева барынша түсіндіріп-ақ жатыр. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің жазуынша, «Күшікбай батыр 21 жасында дүние салған екен. Ерте күннен батыр атағын алған. Ол қолбасы атанған тұста шешек тиіп, көп уақыт қозғала алмай жатып қалады. Осыны білген дұшпандары оны қапыда алмақшы болады. Кек буған батыр жалаңаш денесіне желбегей жамыла салып, жауға атой беріпті. Жауын жеңген ол осы асуда ат үстінде найзасына сүйенген қалпы жантәсілім етіпті». Жол бойындағы төбеде дулыға тәрізді етіп салынған батырдың қабірі де көзге көрініп тұр. Күшікбай бұлағынан су ішіп, шөл қандырып, бой жазып алғаннан соң, әрі қарай қозғалдық. Біраз жүргеннен соң, автобус Ералы жазығының шығыс жағында орналасқан «Еңлік-Кебек» ескерткішіне аялдады. Қос ғашықтың хикаясын бастасақ, әңгімеміз әзірге таусылмас. Оның қаншалықты қасіретті оқиға екенін ескерткішке қашалып жазылған «Көп жасамай, көк орған, Жарасы үлкен жас өлім» атты Абайдың сөзінен-ақ байқауға болады. Осы жерде оқушылар естелік суретке түсті.

Жұмбағы көп Жидебай

Сағат түскі бірден аса оқушылар мінген автобус Жидебайға келіп жетті. Осындағы халыққа қызмет көрсету кешенінің қызметкерлері алыстан ат терлетіп келген оқушыларға арнап дастархан жайып қойыпты. Жидебайдағы бұл халыққа қызмет көрсету кешені кезінде талай дау-дамайға айналғанын жақсы білеміз. Біреу жабу керек, біреу ашу керек деген тартысқа ақыры облыс әкімі Даниал Ахметов өзі араласып, нүкте қойылып, бүгінде кешен осы араға тәу етіп келген туристерге қызмет көрсетуді жалғастыруда. Қызық болғанда, бүгінде бұл халыққа қызмет көрсету кешенін Абайдың жалғыз ағасы Тәкежанның Әзімбайдан тарайтын ұрпағы Құсман Берлешов жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр екен. Тамақтанып алған соң, балалар Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйін аралады. 1895 жылы өз жобасымен салдырған бұл үйде Абай өмірінің соңғы он жыл ғұмырын өткізіпті.

– Балалар Абайдың мұражай-үйін өте бір қызығушылықпен тамашалайды. Қоятын сұрақтары да өте көп. Сол сұрақтардың барлығына ерінбей-жалықпай жауап беруге тырысамыз, – дейді Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйінің қызметкері Лаура Күзенбаева.

Бұдан кейін оқушылар қозыкөш жерде орналасқан Абай-Шәкәрім кесенесіне барып, тәу етті. Ұлы Абайдың қабірінің басында Жидебай қорығының меңгерушісі Ерғали Икенов құран оқыды.

Ертесінде де оқушылар кезінде қазақтың рухани астанасы атанған Семей қаласының көрікті жерлерін аралап, Абай мен Ф.Достоевскийдің, Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері мұражайларын тамашалады.

Әлемдегі жеті мұражайдың бірі

Семейдегі Ф.Достоевский мұражайы да оқушыларға ерекше әсер сыйлады. Бұл мұражай Қазақстанның киелі 100 нысанының тізіміне енген. Жалпы, әлемде Ф.Достоевскийге арналған жеті мұражай болса, соның бірі Семейде. Мұражай қызметкері Жұлдыз Нұрмұхаметова жазушының Семейдегі өмірі жтуралы оқушыларға кеңінен сыр шертті. Ф.Достоевский Семейге 1854 жылы көктемде әскери қызметпен келген. Бүгінде мұражайға айналған пошташы Лепухиннің бұл пәтерін жазушы 1857-1859 жылдары жалдап тұрған. Осында Федор Достоевский бірінші жұбайы Мария Исаеваны жолықтырады. Қазақтың ағартушы-ғалымы Шоқан Уәлиханов та осы үйге соғып, жазушымен кездесіп тұрған. Жазушы Семейде өзінің «Степанчикова ауылы және оның тұрғындары», «Ағайдың түсі» атты шығармаларын жазыпты.

Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері мұражайы да құнды жәдігерлерге өте бай екен. Оқушылар мұнда С.Щедрин, К.Лебедев, К.Брюллов, И.Шишкин, Ә.Қастеев, Б.Табиев секілді қылқалам шеберлерінің туындыларына терең бойлады. ЭТаныстырушы Э.Халитованың айтуынша, Невзоровтар отбасы Семей мұражайына 500-ден астам коллекциясын тарту етіпті. Бүгінде мұражайда бес мыңнан астам жәдігер бар.
Бұдан кейін оқушылар мінген автобус Шемонайха ауданына бет түзеді. Бұл өңір «Көлеңкелер талтүсте жоғалады», «Мәңгілік шақыру» атты шығармалардың авторы, жазушы Анатолий Ивановтың туған жері. Осы өңірдегі жазушының шығармасына арқау болған Марья жартасының өзі келушілерге қайталанбас сезім сыйлайды.

 «Әдеби Шығыс»  рухани әлемге есік ашады

Сондай-ақ айналым барысында шеберлік-сыныптары, Абай, Шәкәрім шығармаларынан сахналық қойылымдар өткізіліп, оқушылар арасында туған өлкенің әдеби мұрасын білуге арналған сауалнама да жүргізілді.

– Маған екі күндік саяхатымыз өте ұнады. Көп нәрсені біліп, қазақ әдебиетінің алыбы Абай, орыс жазушысы Ф.Достоевский туралы көп дүние біліп жатырмын. Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері мұражайы да көңілімнен шықты. Осынау шараны ұйымдастырған адамдарға шексіз ризамын. Саяхаттан алған әсерім жүрегімде ұзақ сақталады, ¬ – дейді өскемендегі №45 мектептің 9-сынып оқушысы Бибінұр Дәулетбекова.

– Жас ұрпақтың туған өлке тарихы мен әдебиетіне деген құштарлығын ояту үшін мұндай шаралар бізге өте қажет. Міне, оқушылар Абай, Шәкәрім, Мұхтар дүниеге келген жерді өз көздерімен көріп, ауасымен тыныстап, шығармашылығымен танысты. Ақындардың асыл сөздерін зердесіне тоқыды. Жалпы, ел боламын деген мемлекет болашағына көп көңіл бөледі. Мұндай шараларға жұмсалған қаражатты шығын деп емес, инвестиция деп қарау керек. Бұл дегеніңіз адами капиталды дамыту, – дейді Өскемендегі №25 мектеп директорының орынбасары Гүлнара Әбдрайымова.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button