Қоғам

Дүбірлі додада спортшыларымыз 22 орыннан көрінді

Дүбірлі додада  спортшыларымыз 22 орыннан көрінді

Кеше төрткүл дүниені өзіне қаратқан Рио-де-Жанейро Олимпиадасы мәресіне жетті. Қазақ елі байрақты бәсекеде үш алтын, бес күміс, тоғыз қола медаль жеңіп, жалпыкомандалық есепте 22 орынға жайғасты. Соңғы екі жүлдені қоржынымызға былғары қолғап шеберлері түсірді.
Аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Иван Дычко Лондон Олимпиадасындағыдай тағы да жартылай финалда жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл жолы да оны төрт жыл бұрынғыдай британдық боксшы тоқтатты. Джосеф Джойспен шаршы алаңға шыққан отандасымыз алғашқы раундта тәп-тәуір өнер көрсетіп, ұпай бойынша алға шыққанымен, қалған екі кезеңге күші де, жігері де жетпей қалды. Екінші, үшінші раундтарда Джойс қарқын алып, біздің жігітті кәдімгідей соққының астына алды. Өкініштісі сол, жекпе-жектің соңына қарай тілі салақтап, әбден шаршаған жерлесіміздің үшінші орынды да қанағат тұтқаны байқалып қалды. Нәтижесінде, біз күткен алтын не күміс медальдің орнына қоржынымызға кезекті қола жүлде түсті. Ал төрт жыл бұрынғы жетістігін қайталағанына Иванның өзі бұл қолаға разы болса да, отандастары разы емес екені анық.

Дүбірлі додада  спортшыларымыз 22 орыннан көрінді

Сондай-ақ, әйелдер арасындағы бокс бәсекесінде Дариға Шәкімова қолаға жетіп тоқтады. Қазақстандық былғары қолғап шебері жартылай финалда Лондон Олимпиадасының чемпионы америкалық Кларесса Шилдстен жеңіліп қалды.
Олимпиаданың соңғы күндерінде сынға түскен балуандарымыздан тым болмағанда бір жүлде күткеніміз рас. Алайда, бұл күндері боз кілемге беттеген жерлестеріміздің бірде-бірі үздік үштіктен көріне алмады. Сол сияқты, қазақстандық таэквондошы, ұлттық құраманың туын алып шыққан Руслан Жапаров та Риода жүлдеге қол жеткізеді деген жанкүйерлерінің үмітін ақтай алған жоқ. Таэквондошы қызымыз Жансель Дениз де жарысты басталмай жатып аяқтады.
Міне, біз үшін аса сәтті басталған Олимпиада осылайша қазақ жанкүйерлері үшін сүреңсіздеу болып аяқталды.
Кеше таңға жуық тура 15 күнге созылған байрақты бәсекенің алауы Риодағы атақты «Маракана» стадионында сөніп, аламанды ресми түрде Токио қабылдап алды. Төрт жылдан кейін XXXIІ жазғы Олимпиада ойындарының алауы Жапон елінің астанасында тұтанады.
Дегенмен, әлемге құшағын айқара ашқан Рио-де-Жанейрода Қазақстан спорты тарихының жаңа парақтары ашылды. Ауыр атлет Жазира Жаппарқұл Олимпиада ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақ қызы атанды. 69 келі салмақта сынға түскен оңтүстікқазақстандық зілтемірші Рио Олимпиадасының күміс медалін мойнына тақты. Тұңғыштар күресте де тіркелді. Эльмира Сыздықова қола медальға белдесіп, байрақты бәсекеде күрестен медаль алған тұңғыш қазақ қызы атанды. Эльмираның жолын Екатерина Ларионова жалғастырып, үздік үштіктен орын алса, 38 жастағы Гюзель Манюрова финалға жетіп тоқтады. Олимпиада ойындарындағы ең жасамыс балуаннан мұндай ерлікті ешкім күтпегені рас.
Риода қазақ елі тұңғыш рет судан медаль алды. Дмитрий Баландиннің 200 метрлік қашықтықта ұтып алған алтыны жанкүйерлерді былай қойып, мамандардың өзін таңғалдырды. Зілтемірші Нижат Рахимов 77 келіде топ жарып, Қазақстанға алғысын білдірді. Данияр Елеусіновтің бокстағы үшінші алтыны Қазақстанды үздік отыз елдің бел ортасына шығарды.
Қазақстан олимпиадалық құрамасы Риода жалпы саны 17 медаль ұтып алды. Бұрын-соңды біздің спортшылар мұншалықты жүлде алып-көрген емес. Медаль саны жөнінен рекорд жасаған жерлестеріміз спорттың бес түрінен көзге түсті. Рио ойындары еліміздегі спорттың дамуына баға бергендей. Бразилияға 26 спорт түрінен 104 спортшы апардық. Алайда, соның көбі іріктеуден өте алмағаны өкінтеді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button