Қоғам

Дүбірлі дода тартысты өтіп жатыр

Дүбірлі дода тартысты өтіп жатыр

Өскеменде басталған волейболдан қыздар командалары арасындағы XVIII клубтық Азия чемпионатының салтанатты тұсаукесер рәсімінде жарысты бақылау комитетінің төрағасы, Азия волейбол конфедерациясының өкілі Цзичжон Вэй облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ осындай спорттық шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, естелік сыйлық табыстады.

Кенді Алтай топырағында волейболдан мұндай ірі халықаралық жарыс алғаш рет өткізіліп отыр. Осыған дейін Сарықұрлық чемпиондарының басын қосқан біріншіліктерді негізінен Вьетнам, Тайланд және Филиппин сияқты оңтүстік-шығыс Азия елдері қабылдап келген. Қазақстанда турнир бір-ақ рет, 2004 жылы Алматыда өткен-ді. Дегенмен, облысымызда аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен «Алтай» кәсіпқой волейбол клубы құрылғалы бері жағдай түбегейлі өзгерді. Соңғы жылдары өскемендік команда қатарынан екі мәрте ел чемпионы атанып, Қазақстанның ғана емес, бүкіл Азия құрлығының мықтыларына лайықты қарсылық көрсете алатын ұжымға айналды. «Алтайдың» бұл жетістіктері Азия волейбол конфедерациясы тарапынан да ескерусіз қалмады. Нәтижесінде, 17 жылдық тарихы бар байрақты бәсеке алғаш рет Шығыс Қазақстан облысында жалауын көтеруде.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бұл бүкіл өңір жұртшылығының ортақ жеңісі екенін атап өтті.
– Құрметті спортшылар! Қадірменді қонақтар! Баршаңызды осынау спорт мерекесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Жапония, Қытай Халық Республикасы, Тайланд, Тайбэй, Иран, Вьетнам, Филиппин елдері спортшыларына, қонақжай Шығыс Қазақстан жеріне қош келдіңіздер дейміз. Сондай-ақ, бізге осындай ауқымды шараны өткізу міндетін сеніп тапсырған Азия волейбол конфедерациясы басшылығына рақмет айтамыз. Құрлықтың кіл мықтылары қатысатын жарыс тартысты да қызықты ойындарға толы болады деп сенеміз. Барлық командаға сәттілік, ал жанкүйерлерге мерекелік қөңіл тілеймін! – деді құттықтау сөзінде аймақ басшысы.

Иә, жарыс күні кеше ғана басталғанымен, қазірдің өзінде чемпионат өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп сеніммен айтуға болады. Мұны дүбірлі доданың ашылу рәсіміне қатысқан Азия волейбол конфедерациясының өкілі Цзичжон Вэй мырза да атап өтті. Мәртебелі мейман Өскемендегі спорттық шара ұйымдастырылуы жағынан бұған дейінгі чемпионаттардан еш кем түспегенін, сол үшін шығысқазақстандықтарға зор алғыс білдіретінін жеткізді.

Дүбірлі дода тартысты өтіп жатыр

Азия біріншілігінің ашылу салтанаты барысында Спорт сарайын лық толтырған көрермен қауым назарына Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласы тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылым ұсынылды. Содан кейін аренаға жарыстың басты кейіпкерлері сегіз елдің волейболшылары шығып, жанкүйерлер қошеметіне бөленді. Еліміздің мемлекеттік әнұраны шырқалды.

Артынша кезек чемпионаттың бірінші күнін қорытындылаған негізгі оқиғаға да келіп жетті. Алаңға өскемендік «Алтай» мен қытайлық Тайбэй өкілі «Тайвань Пауэр» командалары шыққанда, бес мыңға жуық халық жиналған арена бейне бір араның ұясындай гуілдеп кетті.

Айта кетейік, чемпионаттағы алғашқы сенсация да осы жерде тіркеле жаздады. Тайбэйлік қыздар «Алтайдың» ойынын әбден зерттеп, зерделеген болуы керек, алаң иелеріне кәдімгідей қарсылық көрсетті. Бес кезеңге созылған, көрермен қауымның айызын қандырған кездесуде біздің қыздар 3:2 (21:25, 25:22, 25:19, 17:25, 15:11) есебімен әупірімдеп жүріп жеңіске жетті.

Иә, бұл матчта өскемендік ұжым өзіне тән ойын өрнегін көрсете алмады. Мұны кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында команданың бас бапкері Ярослав Антонов та мойындады.

– Бүгін тым көп қателестік. Бәлкім, бұл өз жанкүйерлеріміздің алдында ойнағанның әсері де болған шығар. Енді өткен кездесуге мұқият талдау жасап, келесі матчтарда мұндай қателіктерге жол бермеуге тырысамыз. Себебі, келесі қарсыласымыз бұдан да қиын, – деді ол.

Чемпионаттың бірінші туры аясында бұл күні Жапон елінің чемпионы «Хисамицу Сеяку Спрингс» Филиппин мықтысы «Филиппин Супер Лига» волейболшыларынан 3:0 есебімен басым түсті. Дәл сондай есеп қытайлық «Тяньцзинь Боxай Банк» пен Вьетнамның «Вьетин Банк Клуб» командалары арасындағы ойында да тіркелді. Тағы бір ойында тайландтық «Супреме» Иранның «Сармайе Банк» командасын 3:1 есебімен тізе бүктірді.

Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button