Қоғам

Дүбірлі дода осымен 17-ші рет өткізіліп отыр

Дүбірлі дода осымен 17-ші рет өткізіліп отыр


Өскеменде «Қазақстан оқушысы-2016» көпкүндік халықаралық веложарысы басталды. Биыл 47-ші рет өткізіліп отырған дәстүрлі додаға еліміздің Астана, Алматы қалалары мен облыстарынан бөлек, Ресейдің Омбы шаһарынан келген жас велошабандоздар да қатысуда.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған осы жолғы велобәйгені облыс әкімдігінің қолдауымен Білім және ғылым министрлігінің ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы ұйымдастырғанын айта кеткен жөн. Облыс орталығының Комсомол аралында өткен жарыстың ашылу рәсіміне аталмыш орталықтың өкілі Сергей Горкушенко қатысып, жас спортшыларға ақ жол тіледі. Ол өз сөзінде осындай спорттық шараның арқасында оннан астам әлемдік деңгейдегі велошабандоздың жұлдызы жарқырағанын мақтанышпен айтты. Олардың ішінде Андрей Кашечкин мен Андрей Кивилев сияқты «Тур де Франс» сынды байрақты бәсекелердің жүлдегерлері де бар екенін атап өтті.

– Олимпиада чемпионы, атақты отандасымыз Александр Винокуров спорттық мансабындағы алғашқы медальдарын осы «Қазақстан оқушысында» жеңген болатын. Сол ағаларыңның жолын сендерге де берсін. Бүгінгі жарысқа қатысушылардан да болашақ Олимпиада және әлем чемпиондары шығады деп үміттенемін, – деді өзінің құттықтау сөзінде мәртебелі мейман.

Жарыстың тарихына аз-кем тоқталсақ, ең бірінші «Қазақстан оқушысы» велобәйгесі 1970 жылы Алматы қаласында өткен екен. Содан бері велокөпкүндіктер жыл сайын ұйымдастырылып, жалғасын тауып келеді. Осыншама уақыттың ішінде бұл сайыста жеті мыңға жуық спортшы өнер көрсеткенін де айта кеткен жөн. Ал ең ауқымды жарыс 1982 жылы өткен, оған 39 командадан 219 жас велошабандоз қатысқан екен. Бұл жолғы бәйгеге велосипедтерін жетектеп, жүзге жуық бала келіпті.

Осы орайда тағы бір айта кетерлік жайт, 47 жылдық тарихы бар велокөпкүндік осымен 17 мәрте Шығыс Қазақстан жерінде ұйымдастырылып отыр.
Спорттық шараның салтанатты ашылуынан кейін жарыстың бас қазысы, халықаралық дәрежедегі төреші Рашид Хакимов велобәйгенің басталғаны туралы белгі беріп, жас шабандоздар бәсекені бастап кетті. Бәйге жеңімпаздары мен жүлдегерлері алдағы күндері белгілі болады.
Естеріңізге салайық, аталмыш жарыс 7-14 тамыз аралығында Глубокое, Ұлан аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларының жолдарында өтеді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button