Дүбірлі дода алдындағы соңғы дайындық

«Алтай» волейболшылары Алматыға аттанды. Онда Юрий Панченко шәкірттері клубтық Әлем чемпионаты алдындағы соңғы оқу-жиындарын өткізбек.
Естеріңізге салайық, қыздар командалары арасындағы жаһандық дода 4-9 желтоқсан аралығында Қытайдың Чжэцзян провинциясындағы Шаосин қаласында өтеді. Жерлестеріміз жарыстағы алғашқы кездесуін 4 желтоқсан, сейсенбі күні түркиялық «Экзачибаши Витра» командасымен өткізеді. Сондай-ақ біздің топта бразилиялық «Дентил Прайя» мен биыл Өскеменде өткен Азия чемпионатында топ жарған тайландтық «Суприм Чонбури» волеболшылары да өнер көрсететінін айта кеткен жөн.
Белгілі болғандай, Алматыдағы оқу-жаттығу жиындарына 16 волейболшымыз қатыспақ. Алайда, лимитке байланысты олардың бәрі Қытай еліне бара алмайды екен. Осы орайда, жаһандық дода алдында команда сапы былтыр «Алтай» құрамында өнер көрсеткен сербиялық Бояна Радуловичпен толыққанын атап өткен абзал. Бұған қоса негізгі командаға «Алтай-2» командасының бес ойыншысы қосылыпты.
Сонымен Әлем біріншілігі алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиындарына қатысатын «Алтай» командасының құрамы төмендегідей:
Сана Анарқұлова, Кристина Аниконова, Ольга Дробышевская, Әлия Садықова, Наталья Шаршакова, Наталья Маммадова, Матея Икич, Наталья Акилова, Татьяна Фендрикова, Кристина Белова, Айнагүл Айжарықова, Сильвия Попович, Бояна Радулович, Айдана Орынтаева, Ана София Юсино, Ботагөз Сәрсенбаева.
Нұржан Кенжеұлы