Дайындық жұмыстары сылбыр

Шығыс Қазақстанда суға шомылу маусымы басталып қойса да, демалушыларды қабылдауға дайын емес жағажайлар әлі де жетіп артылады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Титовтың айтуынша, аймақта облыс әкімінің қаулысымен жаппай демалуға арналған 16 жағажайдың тізімі бекітілген. Сондай-ақ шомылуға тыйым салынған 64 орын анықталған. Қазір қала және аудан әкімдіктері жаппай демалу орындарына нақты иелерді бекіту жұмыстарын жүргізуде.
– Жағажайларды тексеру барысында олардың бірталайында балалардың шомылатын орындары жоқ екені анықталды. Бұған қоса, құтқарушылар мен дәрігерлердің стационарлық бекеттерін жабдықтау және азаматтардың шомылуын шектеу мақсатында қалтқылар орнату жұмыстары сылбыр, – дейді маман.
Д.Титов мәлім еткендей, өзен-көлдердегі қайғылы оқиғаларға негізінен жабдықталмаған жерлерде суға түсу, жүзе алмау, балаларды қараусыз қалдыру және ішімдік ішіп шомылу сияқты факторлар себепші болады.
– Қазір жер-жердегі әкімдіктермен бірлесіп ескерту белгілерін орнату жұмыстарын жүргізудеміз. Бүгінге дейін шомылуға тыйым салынған жерлерде 123 белгі қойылды. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта мектептер және лагерьлердің директорларымен аймақтық семинар-кеңес өткіздік. Сондай-ақ облыстағы мектеп оқушыларына арналған интерактивті сабақтар ұйымдастырылды, – дейді ол.
Сәрсен Қабылым