ҚоғамТОП

Дайындық жұмыстары бір сәт те дамыл тапқан жоқ

Облыста ақпан айының басында аймақ басшысының тапсырмасы бойынша басталған көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар бір сәтке де толастаған емес. Бүгінде өңірдің барлық ауданы мен қаласында, сондай-ақ таулы аймақтар мен тас жолдардың бойында тасқынға тосқын боларлық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.

 

Таулы аймақтар басты назарда

 

Әсіресе биыл қыста жауған қардың қалыңдығы екі метрге дейін жеткен Марқакөл ауданында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарының қарқыны қатты. Бұл өңірде өзен-сулардың да қоры мол, сондықтан тасқынның алдын алуды жергілікті билік күні бұрын, яғни, көктем келмей бастап кеткен.

Аудан орталығында және ауылдарда техниканың көмегімен көшелердегі қарды шығару, өзендердің арнасын кеңейтіп, суағарларды тазалау жұмыстары қолға алынған.

– Көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары уақтылы жүргізіліп жатыр. Көшедегі қарды шығарып, су арналарын тазаладық. Марқакөл бойынша екі КамАЗ, К-700, грейдер, шынжыр табанды трактор және басқа да арнайы техникалар жұмыс істеуде. Қажетті инертті материалдар дайындалған, шамамен 50 мың текше метр қар шығарылды. Ауданда бір су қоймасы бар, оған күндіз-түні кезекшілік қойылды. Бүгін жұмысшылар Қарашілік ауылындағы қарды сыртқа шығарып, суағарларды тазалап жатыр, – дейді Марқакөл ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Рүстембек Кемешов.

Көктем келіп, ауа райының жылынуына байланысты облыстың барлық аудан-қаласында су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ортақ іске тұрғындар да белсенді атсалысып, қарғын судан болар қауіптің алдын алуда жұдырықтай жұмыла әрекет ету қажеттігін айтады аудан басшылығы.

Биыл қалың қардың астында қалып, біршама қиындық көрген аудандардың бірі – Катонқарағай. Соңғы ақпарат бойынша, бүгінде бұл аудандағы қар жамылғысының қалыңдығы бәлендей қалың емес, 38 сантиметр шамасында, алайда топырақтың тоңы бір метрден асады.

Көктем кезінде болатын төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында Катонқарағай ауданында біршама жұмыс атқарылыпты. Аудан әкімінің қаулысымен, 2024 жылға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген. Қазірдің өзінде қардан және мұздан 24 көпір, 59 су өткізу құбыры тазартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.

– Жалпы, Катонқарағай ауданы бойынша алты елді мекен су басу қаупі бар аймақта орналасқан. Олар: Берел, Қызыл Жұлдыз, Ақсу, Коробиха, Барлық және Катонқарағай ауылдары. Барлық ауылындағы Бұқтырма өзенінің су деңгейі 150 сантиметрге жетті, ал оның шекті деңгейі – 300 сантиметр мөлшерінде. Аудан аумағында су басу қаупі туындаған жағдайда алты елді мекендегі халықты көшіру үшін 328 адамды қамтитын төрт уақытша орналастыру пункті құрылған, – дейді аудан әкімінің орынбасары Расул Мырзабекұлы.

Оның айтуынша, 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру шеңберінде аудандық және облыстық бюджет есебінен Ақсу, Бұқтырма, Коробиха, Чесноковка, Сарымсақты өзендерінің арнасын тереңдету және жағасын нығайту жұмыстары жүргізілген болатын.

Аса қауіпті аймақта орналасқан тағы бір аудан – Алтай. Қазір мұнда қар мен мұзды шығару жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Жалпы, қыс бойы жергілікті коммуналдық қызметтер Алтай қаласынан 28 515 текше метр қар шығарған.

Сондай-ақ кәріз жүйесін бақылау және жаңбыр суы ағатын құдықтарды тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жылда біраз қиындық туындайтын Малеев пен Соловьево сияқты ауылдарда су ағып өтетін жолдар мен көпірлердің жағдайы жіті бақылауда.

Аудандағы төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары көктемгі су тасқыны кезінде әрекет ету ережелері жазылған парақшалар таратып жүр.

 

Жедел желі іске қосылды

 

Бүгінде тасқынға тосқын боларлық жұмыстар облысымыздың барлық аудан-қаласында жүргізіліп жатыр. Мәселен, кей тұстарында қардың қалыңдығы бір метрден асатын Глубокое ауданында қазір қауіпті аймақта орналасқан 15 елді мекен бар болса, оның барлығында су тасқынына қарсы кешенді іс-шаралар қолға алынған. Төтенше жағдай кезінде халықты уақытша орналастыратын жалпы сыйымдылығы 2 177 адамға арналған 30 эвакуациялық пункт жабдықталған.

Зайсан ауданында 300 тонна инертті материал қоры, 10 мотопомпа, жергілікті атқарушы биліктен 254 адам мен 152 техника сақадай сай тұр. Ал Күршімде аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу бағдарламасы бойынша апатты болдырмау бағытындағы жұмыстарға 9,8 миллион теңге көлеміндегі қаражат қарастырылыпты.

Алдын алу жұмыстары Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха аудандарында да жүргізіліп жатыр. Риддер қаласында жағдай тұрақты бақылауда.

Ал облыс орталығы – Өскеменде су басу қаупіне байланысты жедел желі іске қосылған.

– Кәсіпорын қызметкерлері кәріз құдықтарының жолын және арықтардың арнасын тазалап жатыр. Қар шығару жұмыстары да жалғасуда. Жалпы, инженерлік жүйелер жұмысты еңсеріп жатыр. Дегенмен, қалада арнайы жабдық қойылмаған, қарғын су тоқтап қалатын учаскелер де бар. Мұндай учаскелерде жағдай күрделенетін болса, мамандар барып қызмет көрсетеді, – деп түсіндірген «Таза Өскемен» мекемесінің басшылығы су басу қаупі туындаған жағдайда 53-25-77, 8-777-331-85-36 нөмірлеріне қоңырау шалу қажет екенін ескертті.

Рас, соңғы бірнеше күнде Шығыс Қазақстанда температуралық фонның жоғарылауы байқалады, бұл өз кезегінде қардың қарқынды еруіне себепші болуы ықтимал.

Осыған байланысты, облыстың азаматтық қорғаныс қызметтері жоғары әзірлікке келтірілді. Тіпті, жоғарыда айтқанымыздай, өңірге Семей қаласындағы №68303 әскери бөлімінен қосымша күш келіп жеткен. Олар қауіпті жағдай туындай қалса, Алтай мен Күршім аудандарына жөнелтілмек.

 

 Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button