Дайындық жұмыстары ойдағыдай

Алтайдың шоқыларына қыстай жауып, жиналған қалың қар күрт еріген жағдайда өзен біткеннің арнасынан асып, жағалаудағы ауылдарға шынайы қатер төндіретіні де бекер емес. Ал бұған қарсы тұрар әзірлігіміз қандай деңгейде? Біз бұл сауалды Күршім ауданы әкімдігінің төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Д.Әділбековке қойған болатынбыз.
-Даярлық жұмыстары тиісті деңгейде жүріп жатыр – дейді Данияр Талғатұлы. – Күршім ауданы әкімдігінің «2019 жылдың көктемгі кезеңіне арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары туралы» қаулысы қабылданған болатын. Осы қаулыға сәйкес көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді.
Бас маманның айтуынша, аудан көлемінде 45 көпір, 582 су өткізетін құбыр бар. Олардың ішінде 27 көпір мен 456 құбыр облыстық маңызы бар жолдарда орналасқан. Жеті көпір мен 62 су өткізетін құбыр республикалық жолдарда, ал қалғаны жергілікті маңызы бар жолдарға тиесілі. Бүгінге дейін аталған көпірлер тегіс тазаланған, ал құбырлардың 80 пайызы тазаланды.
Аудан бойынша елді мекендерге тасқын қаупін төндіретін сегіз өзен, бір су қоймасы бар. Орта Теректі өзенінде орналасқан сыйымдылығы 1, 05 млн. текше метрлік су қоймасына «Қазсушар» РМК облыстық филиалы бір адамды бекітіп, ол күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Ал аталған сегіз өзеннің жағасында 15 елді мекен бар. Осы қауіпті аймақтағы 534 үйде әлдеқандай жағдай туындаса, көшірілуге жататын 6223 адам тұрып жатыр.
2019 жылғы даярлыққа, төтенше жағдайлардың алдын алуға аудан әкімдігі 2 898 мың теңге қаржы бөліп отыр: оның ішінде 226 мың теңге азық түлік қорына, 226 мың теңге қаптар сатып алуға, 1 500 мың теңге жанар-жағармайға, 946 мың теңге қосалқы шығындарға арналған. Бұдан басқа, төтенше жағдайларға арналған тағы да 30 тонна жанар-жағармай қоры бар.
Су тасқыны қатер төндірген жағдайда оның алдын алуға және жоюға осыған дейінгі келісімшарттарға сәйкес «Күршім» және «Теректі» коммуналдық мекемелерінен 139 дана техника жұмылдырылатын болады. Ал облыстық «Востоквзрывпром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жару жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ облыстық «Авиация бөлімшесі» мекемесімен ұшу-барлау жұмыстарын жүзеге асыру үшін келісімшарт осы жылдың қаңтар айында жасалып қойыпты. Су тасқынының жағдайы туралы ақпарат алмасу сызбасы пысықталып, осы кезеңді апатсыз өткізу және су басуы ықтимал аймақтардан тұрғындарды, мал-мүлік пен материалдық құндылықтарды көшіру жөніндегі жоспарлар жасалды. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында сағатына 108, 60, 36, 32,4 текше метр су соратын 24 мотопомпа әзірленіп отыр.
-Өткен жылы, – дейді Данияр Талғатұлы, – «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасы бағдарламасы бойынша 36 млн. теңге қаржы бөлініп, жағаны бекіту жұмыстары толық жүзеге асырылған болатын. Мәселен, Күршім ауылында 5,4 млн. теңге қаржы жұмсалып, 500 метр өзен арнасы тереңдетіліп, тазаланды. «Тырла» учаскесінде жаңадан ұзындығы 300 метрлік дамбы салынды. Боран маңындағы Қара Ертіс өзенінде 7,5 млн. теңге қаржыға ауылды судан қорғауды қамтамасыз ететін 450 метрлік жаңа дамбы салынды. Үшбұлақта Күршім өзенінің 100 метрлік арнасы түзетіліп, жаңадан 400 метрлік дамбы салынды. Бұл жұмыстарға 4,5 млн. теңге жұмсалды.
Жаңауылдың маңынан ұзындығы 300 метрлік, Қаратоғайда 2900 метрлік, Төсқайың ауылында 600 метрлік жаңа дамбылар салынды. Бурабай ауылындағы 600 метрлік дамбыға күрделі жөндеу жасалып, жаңадан 100 метрлік дамбы салынды. Сонымен бірге сол маңдағы «Еспенбет» учаскесіндегі дамбыға да жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстарға 5,4 млн. теңге қаржы жұмсалды. Сөйтіп, барлығы 5050 метр дамбы жаңадан салынып, 500 метрлік өзен арнасы тазартылды және жиыны 600 метрлік дамбылар күрделі жөндеуден өткізілді.
Үстіміздегі жылдың көктемгі су тасқыны кезеңінің алдын алу мақсатында аудан көлеміндегі бірқатар өзендерде жару жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланған болатын. Ол үшін облыстық бюджет есебінен 12 053 мың теңге, жергілікті бюджет есебінен 947 мың теңге қаржы бөілініп, жару жұмыстары сәтімен аяқталды. Бұдан басқа да бірқатар кешенді шаралар өз ретімен жүзеге асырылып жатыр. Сөйтіп, жалпы аудан бойынша биылғы жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне толықтай дайынбыз деп батыл айта аламын, – деп аяқтады сөзін бас маман.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.