Қоғам

Дайындық ойдағыдай

Қыс ортасынан ауған шақтан су тасқынының алдын алу шаралары шындап қолға алына бастайды. Биыл аталған шаралар қандай деңгейде қолға алынып жатыр? Біз бұл сауалды аудандық әкімдіктің азаматтық қорғаныс, жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Д.Әділбековке қойған болатынбыз.

– Дайындық ойдағыдай, – деп сенімді жауап қайтарды Данияр Талғатұлы. – Аудан көлемінде 51 көпір және 775 су өткізетін құбыр бар. Көпірлер мен су өткізетін құбырлардың асты күз айларында тазаланып, талапқа сай жағдайға келтірілген болатын. Қазіргі кезде су тасқынының алдын алу мақсатында оларды қайталап тазалау жұмыстары басталды.

Жалпы, Күршім ауданы бойынша су басу қаупін төндіретін 8 өзен, бір су қоймасы бар. Осы «КазВодХоз» мекемесіне қарасты Теректі су қоймасындағы судың қазіргі кездегі көлемі 200 мың текше метрді құрайды. Ал оның жобалық сыйымдылығы 1,05 млн. текше метрге бағаланып отыр.

Күршім, Қалжыр, Маралды, Қара Ертіс, Қайыңды, Қара Қаба, Қалғұты, Сарыөзек өзендерінің бойында 15 елді мекен орналасқан. Олардағы 534 үйде 6223 адам тұрады. Міне, осы тұрғындардың барлығы су басу қаупі төнген жағдайда дереу көшірілетін болады. Ал ондай жағдайда көшірілгендердің негізгі баспаналары сол арадағы ауыл мектебі болып табылады.

Бұған қосымша 30 адамдық 12 шатыр бар, көшіруге 11 автобус атсалысып, азаматтық қорғаныс жүйесі бойынша тағы да 534 адам мен 134 техника жұмылдырылатын болады.

Бас маманның айтуынша,  2018 жылы «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою бойынша шаралар кешені» Жол картасы бағдарламасымен 36 млн. теңге ақша бөлініп, осы қаржыға бөгендер жөнделіп, өзендер арналары тазаланған екен. Дегенмен, бүгінгі таңда Маралды мен Бурабай ауылдары қауіпті  де ұрымтал тұс болып саналып отыр.

Аудан әкімдігі көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша бірқатар жұмыстар ұйымдастырып жатыр. Аудан әкімінің төтенше жағдайдың алдын алуға арналған төтенше қорында 13 732 мың теңге қаржы бар. Осы  бағдарлама бойынша қосымша тағы да 6 498 мың теңге қаржы қарастырылып отыр.

– Тасқынға қарсы қолданылатын 2 шынжыр табанды қуатты техника (тягач), ГАЗ-66 көлігіне орнатылған «КУНГ» құралы даяр тұр, – дейді Д.Әділбеков. – Сонымен бірге 100 тонна инертті материал қоры, 3 000 дана қап, 10 тонна жанар-жағар- май әзірленді. Сондай-ақ қуаттылықтары әртүрлі лайлы суды соратын 24 мотопомпа даяр тұр.

Сол 2018 жылы аталған Жол картасы  бойынша 36 млн. теңге қаржы бөлініп, өзендер жағаларын нығайту жұмыстары толықтай жүзеге асырылған болатын. Дәлірек айтар болсақ, ұзындығы 500 метр өзен арнасы тазаланып, 5050 метр жаңа бөген салынды. 600 метр бөгенге күрделі жөндеу жасалды. Ал аудан көлеміндегі бөгендердің ұзындығы 17,35 шақырымды құрайды. Дегенмен, өзендер бойында орналасқан елді мекендердің қауіпті аймақ болып саналатынын жоққа шығара алмаймыз.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button