Қоғам

Дайындық барысымен танысты

Облыс  әкімі Даниал Ахметов Семей қаласына арнайы жұмыс сапарымен келіп, Абайдың 175 жылдығына дайындық барысымен танысты.

Абай алаңында ауқымды жөндеу жұмыстары басталды. Алаңның бейнесі толығымен өзгермек. Жоба бойынша бордюрлерді жаңарту, ақын ескерткішінің айналасын көркемдеп абаттандыру қарастырылған.

Мердігер «Фирма» Азия»  ЖШС барлық жұмыстар шілде айына дейін аяқталатынын уәде етеді. Айта кету керек, осы мердігер – Қарағайлыдағы барлық жобаларды сәтті жүргізіп жатқан серіктестік.

Облыс әкімі Абай атындағы театрда болды. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс әкімінің айтуынша, осындай ауқымды өзгерістерді театр жылдар бойы көрмеген. Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаражат бөлінді.

– Біз Абайдың 175 жылдығына орай театрды жөндеу жұмыстарын бастадық, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов, – қаржы бөлінді, олай болса, Абай тойына жауапкершілікпен қарау керектігін тапсырамын. Бірінші қабаттың вестибюлінде үш театрдың стендтер-фотосуреттері орналасқан екен, мұнда әрлеу, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Құрылыс жұмыстары барысында театрдың ескі қаптамасы алынып тасталып, заманауи жаңаша өңдеу жасалады. Сондай-ақ ғимараттың жарықтандырылуы жаңартылады. Театрдың жанында ағаштар отырғызылмақ, сондай-ақ баспалдақтар мен жабу плиталары ауыстырылып жатыр.

Ғимарат ішінде екінші қабаттың фойесіне күрделі жөндеу жүргізілмек. Жиһаз, түстер гаммасы, дизайнерлік шешімдер есебінен фойенің интерьері айтарлықтай өзгереді. Сонымен қатар көрермендер залы боялып, еден жабыны ауыстырылып, ауаны баптау жүйесі орнатылмақ. Сонымен қатар сахна жаңартылады. Әртістер үшін гримеркаларда жөндеу жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ.

Сондай-ақ облыс әкімі Даниал Ахметов Абай мұражайының аумағын қайта жарақтандыру міндетін алға тартты. Мұнда тротуарлық плиткаларды ауыстыру, гүлзарлар орналастыру жоспарлануда. Сондай-ақ ақынның ұлдарымен отырған ескерткіші бой көтереді.

– Біз Абайды  ең жақын адамдары – ұлдарының ортасында көргіміз келеді. Бұл жерде біз Абайды өз отбасын сүйетін адам ретінде және оның балаларының бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқын көрсетеміз, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі іс-шаралар ақынның мерейтойы лайықты деңгейде өтуі керектігін еске салып, жұмысқа жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button