«Құдайы қонақтар» үйлерді аралап жүр

Арнайы комиссия өкілдері қаладағы есепте тұрған жайсыз отбасыларды аралап, тексеру жүргізді. Комиссия құрамында Зырян ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова мен құқық қорғау органдарының өкілдері бар.
Жалпы, мұндай отбасыларда ата-аналары спирттік ішімдіктер ішіп, бала тәрбиесіне қарамауы себепті олардың балалары мектепке баруды қойған.
– Жайсыз отбасылардың негізгі проблемасы – ішімдік. Осындай рейдтер ұйымдастыру арқылы біз жайсыз отбасылардың пәтерлеріне бас сұғып, жай-күйін білеміз. Ондағы балалардың қалай тәрбиеленіп жатқанын, бос уақыттарында немен айналысатынын қадағалаймыз. Сондай-ақ отбасылардың тұрмыстық жағдайына да назар аударамыз, – дейді Жанна Асқарова.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, мұндай рейдтер қалада тұрақты түрде жүргізіледі. Сондықтан кез келген уақытта сау ете қалатын «құдайы қонақтарға» ешкім таңданбайды және комиссия мүшелерін үйлеріне еш қарсылықсыз кіргізеді. Рейдтің мақсаты – құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, қажет болған жағдайда ата-аналар мен балаларға психологиялық көмек көрсету, жайсыз отбасыларды дұрыс жолға бағыттап, өмірдің қиын жағдайынан шығуға көмектесу.
Комиссия өкілдері сонымен қатар мектеп ғимараттары кешкі уақытта бос тұр ма, жоқ па тексеру үшін білім мекемелеріне де ат басын бұрды. Өз тарапынан аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова барлық сынып жетекшілерін және мектеп директорларын жайсыз отбасыларды және олардың балаларын ерекше бақылауда ұстап, керек кезде қол ұшын беруді тапсырды.