Қоғам

Даярлық көңіл көншітерліктей

«Қыстың қамын жаз ойла» дейді халық нақылы. Жазда қам жасамасаң, ертең қылышын сүйретіп қаһарлы қыс келгенде жағдайыңның мүшкіл болары сөзсіз. Ендеше, аудан көлемінде алдағы қысқа қандай дайындықтар  жасалуда? «Қытымыр қыстан қысылмай шығамыз» деп айтуға негіз бар ма? Біз осы сауалдармен Күршім ауданы әкімінің бірінші орынбасары Е.Шораяқовқа арнайы барып жолыққан едік.

– Қысқа даярлық барысы жіті назарда, – деп  жауап қайтарды Ерлан Тельманұлы. – Ең басты мәселе – тас көмірдің уақтылы жеткізілуі десек, бұл жұмыс қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 2022-2023 жылдардың жылыту маусымы үшін 3500 тонна көмір сатып алуға «Қаражыра» акционерлік қоғамымен 26 653095 теңгеге, ал оны тасымалдайтын «Иртыштранс» ЖШС-мен 17 850 000 теңгеге келісімшарт жасалды. Бүгінде 1050 тонна көмір «Күршім» коммуналдық кәсіпорнына тасып жеткізілді. Қосымша 1520 тонна көмір мөлшерін бекіту бойынша  жұмыстар жүргізіліп жатыр. Себебі КВР 2.0 пештерін орнатуға және қосымша нысандардың жылу жүйесіне қосылуына байланысты көмір шығыны артып отыр. Ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында көмірді толықтай Күршім ауылында орналасқан жылыту қазандықтарына жеткізу жоспарланған. Сатып алынған көмір карьерден тиеліп, алдымен «Дегелең» стансасына, бұдан соң Бұқтырма стансасына дейін жеткізіледі. Бұл жауапты жұмысты «КТЖ-Транспортные перевозки» ЖШС орындамақ. Одан кейін «Иртыштранс» ЖШС бұл көмірді Бұқтырмадан Құйған айлағына дейін су жолымен әкеледі, ал кейіннен кәсіпорын қазандықтарға осы көмірді өзінің тасымалдаушы техникасымен жеткізеді.

Ауданда 204 мекеме бар, олардың 49-ы көмірмен, ал 155-і электр қазандығымен жылытылады. 2021-2022 жылғы білім беру маусымында білім беру саласы бойынша 48 мекеменің (41 мектеп, 3 балабақша, 2 өнер мектебі, 1 шығармашылық үйі, 1 сауықтыру лагері) бесеуі көмірмен, тоғызы теплофонмен, 31-і электр қазандығымен жылытылды. Осылардың ішінде 3 мекеме (№5 мектеп, өнер мектебі және «Балдәурен» лагері) жылуды орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы алып тұрды.

Бұл маусымды жүзеге асыруға тиіс «Күршім» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны Күршім ауылының өзінде 3 жылыту қазандығы арқылы 12 мемлекеттік мекемені, 3 көпқабатты және 55 жекеменшік үйді жылумен қамтамасыз етеді.

Атап айтар болсақ, №1 жылыту қазандығында қуаттылығы 1,72 Гкал. болатын Ресейдің Барнаул қаласынан сатып әкелінген КВР-2 (отынды қолмен беріп тұратын су ысытатын қазандық) маркалы пеш орнатылған. Ол 1200 шаршы метр аумақты жылытады. Биыл бұған қосымша тағы бір пешті қосу жоспарлануда. Сонда тағы 6 көпқабатты үйді, Күршім гимназиясын, салық басқармасы мен «Күршім» балабақшасын жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік туады. Осы №1 жылыту қазандығының су құбырлары жаңартылып, ауыстыруды талап етеді, себебі мекеме басшысының айтуына қарағанда, өткен маусымда жылыту бойынша біршама артық шығындар жұмсалған екен.

2022 жылы №1 және №2 жылыту қазандығына қосымша қуаттылығы 1,72 Гкал болатын КВР-2 пештерін орнату жоспарланып отыр. Бұл қазандық 2021 жылы Барнаул қаласынан арнайы тапсырыспен жеткізілген, ауыстыруға дайын тұр.     Денсаулық сақтау саласында 41 мекеме бар. Оның ішіндегі 15 мекеме электрмен, аудандық орталық аурухана ТНУ қазандығымен жылытылады. 26 мекеме көмірмен , сондай-ақ қосымша жылыту теплофондарымен жылытылып келеді. Алдағы жылыту маусымына қажетті 646 тонна көмірдің 609 тоннасын Марқакөл ауруханасына жеткізуге «Тердыкбаев» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасалды. Бүгінге дейін осы көмірдің 544 тоннасы жеткізілді. Ал мәдениет саласына қарасты 27 клуб пен 22 кітапхананың жетеуі электрмен, 21-і теплофондармен жылытылады.

Күршім ауылы мен ауылдық округтерде орналасқан медициналық пункттерге 37 тонна көмірді тендерді ұтып алған мердігер «Сабырбаев» ЖК толық жеткізіп берді. Яғни, бүгінге дейін барлығы 517 тонна көмір межелі  нысандарға жеткізіліп үлгерді (90 пайыз).

Аудан үшін қажетті 26 895 тонна көмірдің бүгінге дейін 20 652 тоннасы тасымалданды. Қазіргі кезде Құйған айлағында 270 тонна көмір бар. Осы аптада тағы да 800 тонна көмір жеткізіледі деп күтілуде.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button