Даярлық орталығынан шыңдалып шағады

Бүгінгі таңда облыстың қалалары мен аудандарында қызмет істеп жүрген полицейлер өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып, қоғамдық тәртіпті қадағалап қана қоймай, ұдайы өздерінің кәсіби білімін жетілдіріп, шеберліктерін шыңдап отырады. Бұған біз олардың кәсіби мерекесінің қарсаңында жаңадан құрылған бөлімшесінде – арнайы даярлық басқармасында болғанымызда көз жеткіздік.
Естеріңізде болса бұл арнайы даярлық орталығы облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен жылдың 23 қарашасында ашылған болатын. Бұрын ҚАЖК ОВ-156/13 мекемесіне қарасты нысан ол мекеме таратылған соң департаментке беріліп, мұндағы екі қабатты 1983 және 1989 жылдары салынған екі ғимаратқа облыстық бюджеттен бөлінген 357 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, тиесілі аумағы жақсартылған еді. Ғимарат ішкі істер бөлімдерінің жеке құрамымен теориялық және практикалық сабақтар өткізуге лайықталып өзгертілді. Қызметке қажетті жабдықтар, жиһаздар, ұйымдастыру техникалары, жаңа басқармаға қажетті көліктер, техникалар сатып алынды. Оқу-жаттығу орталығына қарасты жөнделген екі ғимараттың жалпы ауданы 1800 шаршы метрді құрайды.
– Өздеріңіз көріп отырған бірінші ғимаратта кезекші бөлім орналасқан, онда бейнебақылаудың, бақылау-өткізудің және арнайы байланыстың заманауи жүйесі орнатылған. Қару-жарақ бөлмесі, арнайы жедел әрекет ету жасағы қызметкерлеріне арналған қазарма, акт залы және интерактивті тир кабинеті, сонымен бірге арнайы даярлық басқармасы қызметкерлерінің кабинетітері бар. Бұдан басқа да қызметтік кабинеттер, арнайы казарма жасақталған. Ал екінші ғимаратта тренажерлік зал, қызметтік кабинеттер, 60 төсек-орындық казарма, асхана орналасқан, – дейді тілшілермен әңгіме барысында облыстық ІІД Арнайы даярлық басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Мирхат Дүсіпов.
Оның айтуынша, тиесілі аумақта жеке құраммен саптық және тактикалық-арнайы даярлық сабақтарын өткізу үшін жаттығу алаңы да жасалған. Орталық жұмысын бастаған күннен бастап әр апта сайын облыс полицейлері осында кәсіби даярлық, арнайы – тактикалық, денешынықтыру, медициналық және психологиялық даярлық бойынша теориялық және практикалық оқудан өтіп, сынақтар тапсырады.
Басқарма басшысы келтірген деректер бойынша 2017 жылдың 21 мамыры мен 2018 жылдың 11 маусымы аралығында ІІД базасы мен оқу-жаттығу орталығындағы жиыннан полицияның 1468 қызметкері өткен екен. Биылдың өзінде 766 полицей біліктілігін арттырған. Ал аудандық, қалалық ІІБ басшылары Астана қаласындағы орталықта осындай курстан өтсе, басқарма бастығы Түркияға барып шеберлігін шыңдап қайтқан. Енді білген-түйгендерін жергілікті жерде үйретуде. Бұл іске министрлік ерекше көңіл бөліп отырғанын айтады құқыққорғау саласының өкілдері.
Ағымдағы жылдың бес айында орталықта денешынықтыру дайындық бойынша 1010, тапаншадан оқ ату даярлығы бойынша 290 сабақ өткізілсе, полицейлерді терроризм, экстремизм секілді шұғыл жағдайларда, жаппай берекетсіздік кезінде дұрыс әрекет етуге баулу мақсатында 34 көшпелі сабақ ұйымдастырылған. Сондай-ақ, Өскемен қаласының маңында орналасқан әскери бөлімдердің полигондарында да отыздан астам оқу-жаттығу жиындары тұрақты түрде жүргізілген. Енді маусымның 17 мен 30 аралығында арнайы мамандандырылған күзет басқармасының жеке құрамымен оқу-жаттығу жүргізу жоспарланып отыр.
Оқу орталығын аралап келеміз, өздеріне тиесілі әр алаңда күннің ыстығына қарамай, форманың сыртынан бронды кеудеше киіп, қолына қалқанын алып, бес қаруын асынған облыстың әр ауданынан келген учаскелік инспекторлар, жедел уәкілдер, тергеушілер, жол-патрульдік полицейлер өз салалары бойынша лекторлардың нұсқауымен үздіксіз жаттығуда. Әр жұма сайын полигонға шығып, оқ атып, граната лақтырып, кросс жүгіріп әзірліктерін де пысықтайды. Орталықтың жаңа материалдық-техникалық базасы, темірдей тәртіп пен мұнтаздай тазалық бірден көзге ұрады. Мұнда апта сайын 40 адамнан жиналып, арнайы дайындықтан өтеді, артынан сынақ тапсырады. Оларға қазарма, арнайы асханада үш уақыт тамақтану қарастырылған. Кешке душқа түсіп, теледидар қарайды, тынығады.
Казармадан шығып, арнайы даярлық басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Серік Қалиевпен бірге плацта жаттығып жатқан кезекті бір топтың қасына келдік. Бұл жерде сақшылар жеңіл көліктің ішінде отырған күдіктіні жылдам қарусыздандырып, далаға алып шығып тұтқындауға машықтанып жатыр екен. Бірі қылмыскер, бірі полицейдің рөліне енген жас жігіттердің қимылына көз ілеспейді әрі тапсырманы да үздік орындап жатыр.
– Бұл жерде үшінші күн дайындалып жатырмын. Мұнда үйренгендерімнің алда қызмет барысында кәдеге жарайтындығына бек сенімдімін. Көп нәрсе үйрендік. Жаңа өзіңіз көргендей, көлік ішіндегі қылмыскерді қолға түсірдік. Терроризмге қарсы әрекеттерді, бөлмені тінтуді, қылмыскерді қарусыздандыруды үйрендік, – дейді Семей қаласында көші-қон полициясы бөлімінде істейтін полиция капитаны Асқар Жакипов.
Жасыратыны жоқ, қазіргідей неше түрлі оқиғалар, жағдайлар орын алып жатқан заманда полиция қызметкерлері барлық жағынан кәсіби дайындықта болуы қажет. Себебі, учаскелік инспекторлар қызмет барысында қылмыскерлермен жалғыз өзі бетпе-бет келетін жағдайлар аз емес. Сондықтан мұндай оқулар өте керек-ақ.
Өңірдегі қоғамдық тәртіпті қорғау, қылмыспен күресу кәсіби даярлығы жоғары жандарға сеніп тапсырылғанына көзіміз жетіп, аталған арнайы даярлық орталық жұмысына көңіліміз толып, кешкісін қалаға қайттық.
Дәурен Аллабергенұлы