Даулы іске нүкте қойылда

Бұған дейін біздің газетімізде жазылған «ЕуроАзияФарм» ЖШС-нің қызметіне қатысты даулы іске нүкте қойылды. Шығыс Қазақстан облысының ауданаралық экономикалық соты Шығыс Қазақстан облысының тексеру комиссиясының аталған ЖШС-ға қатысты арызына соңғы шешім шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, арызданушы сотқа аталмыш фирмадан бюджетке 56 миллион теңге өндіру туралы шағымданған болатын. Бұл «ЕуроАзияФарм» ЖШС-нің дәрі-дәрмекті тасымалдауға қатысты келісімшарттық міндеттемелерін орындамауына, препараттарды басқа балама түрлерімен алмастыруына, не болмаса тиісті жеріне мүлде жеткізбеуіне қатысты болған.
Бұл аздай, дәріхана жүйесі басшысының қызметі салдарынан сөрелерде сақтау мерзімі бітуге жақындап қалған немесе мүлде өтіп кеткен медикаменттер болған.
Сот процесі екі жылдай уақытқа созылды. Тергеу барысында «ЕуроАзияФарм» ЖШС сенімсіз мердігер деп танылып, алдағы уақытта мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайтындардың тізіміне енгізілді. Алайда фирма нарықтағы өз орнын сақтап қалуға барынша тырысып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына да, тексеру комиссиясына да қарсы арызданды. Бұл орайда аты шыққан ЖШС өкілдерінің келтірген негізсіз уәждерін ескермей, әділ шешім шығарған сотқа ризашылық қана білдіруге болады.
Сонымен, Азаматтық-процессуалды кодекстің 155, 158 және 269-баптарын басшылыққа ала отырып, Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.Салимов тексеру комиссиясының «ЕуроАзияФарм» ЖШС-не қатысты бюджеттің қаражатын қайтару туралы арызын қанағаттандырып, жауап берушінің арыз көлеміндегі (56 159 200 теңге) мүлкіне шектеу қою туралы шешім шығарды. Соттың шешіміне жеке шағым түсіруге болады, алайда арызды қанағаттандыру туралы шешім хаттама тілімен айтқанда «дереу орындауға жатады».
Қылмыстық та, азаматтық та істер араласып кеткен сот талқылауында ақыры әділеттілік жеңді. Облыс басшысы Даниал Ахметов медтехника мен дәрі-дәрмектерді мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жариялы ету мақсатында тәуелсіз топты құрғаннан кейін, аталмыш әлеуметтік нарыққа бұдан былай бас пайдасы үшін көп нәрсеге баруға дайын сенімсіз мердігерлер келмейді деп үміттенеміз. Тұрғындарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде берілуге тиісті барлық медикаменттер дәріханалардың сөрелеріне уақытында және толық көлемде түседі деп сенеміз.
Серафима Березовская