Қоғам

Даулардың дені ұлттық дәстүр аясында шешіліп келеді

Даулардың дені ұлттық дәстүр аясында шешіліп келеді

Медиация – соңғы жылдары өркениетті елдерде кеңінен қолданылып, жанжалдарды сотқа жеткізбей, үшінші тараптың араласуымен шешудің нақты жолына айналған жаңа сала.
Көптеген елдерде медиация туралы заңдар қабылданып, бітімгершілік салты заңдық сипатқа түсіріліп, қоғамдық өмірден өзінің орнын да алған. Алайда медиация – жеке адамдар ойлап тапқан ғылымның жаңа саласы емес, сан ғасырлар бойы келе жатқан, екі жақты (тарапты) бітістірудің жүйеге түсірілген моделі ғана. Оның белгілерін, әдіс-тәсілдерін кез келген ұлттардың қоғамдық, әлеуметтік өмірінен кездестіруге болады. Қоғам болғаннан кейін адамдардың арасында мүдделер қайшылығы болмай тұрмайды. Ол кейде қарапайым түсінбестіктен де туады, ал кей жағдайда сан түрлі пендешіліктен, бәсекелестіктен, адамдар мен топтардың арасындағы көзқарас алшақтығынан да пайда болады. Осындай жағдайда кикілжіңге барған екі жақты дастарқанның басына отырғызып, мәмілеге алып келу, үшінші тараптың – арашашылардың, бітімгерлердің міндеті. Халық кейде «екі адамның арасына есі кеткен ғана түседі» десе де, «арашашы», «бітімгер» болу – құрметті де қастерлі жұмыс. Қазіргі медиатордың жұмысы да осыған саяды.
Медиацияның әдіс-тәсілдері бірдей болғанымен әр елдің медиация үрдісі әртүрлі. Ол сол елдің ішкі өміріне, тарихына, ұлттың ерекшелігіне, адамдарының менталитетіне байланысты.
Ұлттық ерекшелік демекші, соңғы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бабалардан қалған бітімгершілік дәстүр қайта жаңғырып, еліміздің сот саласында медиация кеңінен қолданыла бастады.
Тарихқа көз жүгіртсек, бабаларымыз дау-жанжалдың түйінін тарқату үшін неше түрлі қадамдарға барып, түрлі іс-шаралар қолданған. Бүгінде көбі ұмытыла бастаған сол дәстүрлердің бірнешеуіне тоқталып өтсек.

Даулардың дені ұлттық дәстүр аясында шешіліп келеді

«Аналардың жаулықтарын тастауы». Екі жақтың азаматтары ашу қысып, өздерін ұстай алмайтын деңгейге жеткенде атқа қонып, шоқпарларын көтерген қалың нөпірдің алдына аналар шығып, бастарындағы жаулықтарын жерге тастап, халықты тоқтату дәстүрін көбіміз естіген де шығармыз. Бұл салтты 1991 жылы Орал қаласындағы казактар мен «Азат» қозғалысының азаматтарының арасындағы қақтығыс кезінде Хадиша есімді әйел қолданған. Казактардың шеруін жасатпаймыз деп жиналған жиырма мыңдай адам қолдарында қарулары бар тәртіп сақшыларына қарсы жүгіргенде, Хадишаның халықтың алдына шығып, жерге ақ орамалын тастауы ашу-ыза қысқан жас жігіттердің ананың ақ жаулығын басуға болмайтынын біліп, тоқтай қалулары талайларды қайран қалдырды.
Жүздеген жылдар бойы қолданылмаған осы дәстүрді жастардың түсіне білгені – оның біздің халықтың қанында, жадында сақталғанының белгісі деп білу керек. Ұлттың аналарды сыйлау қасиеті, олардың орамалдарын басуға да болмайтыны – қазақ халқының тарихында талай қанды қақтығыстарды тоқтатуға кепіл болғаны анық.
«Найза сындыру». Ағайындардың арасындағы жаулық қан төгіске апармас үшін және суық қаруды қолдануды тоқтату мақсатында қариялар, азаматтардың әкелері мен аталары сөзге тоқтамаған жігіттердің найзасын, сойылын сындырған. Бұл – бұдан әрі ағайынның қанын төгетін қаруды қолыңа алма дегенді білдіреді. Жеріңді, еліңді басып кірген дұшпанға жұмсайтын жауынгер қаруы қазақ даласында ішкі қақтығысқа пайдаланылмауы шарт болатын. Халықтың сан ғасырлық өмір салтынан шыққан бұл дәстүрдің негізі қазіргі өркениетті елдердің барлығында заң есебінде қабылданған. Сыртқы жауға қарсы тұратын әскери күш ешқандай жағдайда ішкі қақтығыстарды, төңкерістерді тоқтатуға, тұрақтандыруға қолданылмайды. Бұл жағдайда тәртіп орнату жұмысына тек қана ішкі әскерлер араласады.
«Теріс бата беру». Елдің ішіндегі, ағайын арасындағы кикілжіңдер ушыға келе қанды қақтығыстарға айналғанда үлкендер желіккен жастарды тоқтату үшін «теріс бата» беруді де қолданған («Батаның» бұл түрін кейде «қарғыс» айту деп те атайды). Ата-анасының айтқанына көнбей, қаруын жинап, аттарын сайлаған тентек балаларын тоқтатудың соңғы жолы – «теріс бата беремін» деп қорқыту болған. Ондай бата алу – қарғыс алғанмен тең болған. Сондықтан қарапайым сөзге көнбейтін, ашу-ыза мен намыс қыздырған жастар теріс батадан тайсақтап, ағайын арасындағы қанды қырғынға қатыспай қалған.
«Ала арқанды кесу». Бұл салттың түрі екі жағдайда қолданылады. Бірінде – дауласушы екі жақ бидің алдына барғанда ала жіпті өздері алып келіп, екі жағынан ұстап тұрады екен де, би өзінің шешімін айтып, жіпті кескенде, дау тоқталып, үкім күшіне енеді. Екінші жағдай да осыған ұқсас; тек қана үкім айтылып, ала арқан кесілгенде, сол дауды ешкім қайтадан қоздырмайтындай нүктесі қойылған болып табылады. Екі жақтың адамдарының арқанды (жіпті) өздерінің ұстап, керіп тұруы – айтылған билікке көнеміз дегенін көрсетеді.
«Ат құйрығын кесу». Өкінішке орай, ала арқан кесіліп, билік айтылып болғаннан соң да сол даудың қайтадан көтерілетін кездері болады екен. Бірнеше жыл өтіп кетсе де, көкейлерінде шерменде болып қатқан ескі кек екі атаны қайтадан бітіспес ерегіске алып келеді. Демек бұл жерде бітістіруші ақсақалдардың да, шешім шығаратын билердің де қолынан ештеңе келмейді. Дерт тереңге тарап кеткен, екі тараптың өкілдері бірін бірі көрсе, қан төгілетін жағдайға жеткенде қазақ халқы «ат құйрығын кесу» салтын жасайды екен. Бітіспес екі жақтың өкілі бастары екі жаққа қараған екі аттың басын ұстап тұрады да, аттардың құйрығы бір біріне байланады. Алмас қылыш аттардың байланған құйрығын кескенде екі атаға қараған ел екі жаққа жол тартады. Біреуі батысқа барып, адайлардың ішіне кірігіп кетсе, екіншілері шығысқа жол тартып, наймандардың арасынан жер алады.
Айта кету керек, алыстан келіп, сол жердегі елдің басшыларына «біз ат құйрығын кесісіп келдік» дегенде, олар жаз жайлау, қыс қыстау жерлерін бөліп береді екен. Бұл салттың басты мақсаты – жауласу жағдайынан құтылып, кектесуді тоқтата алмаған елдерді бірін-бірі көрмейтіндей етіп, қазақ жерінің екі жағына жіберу.
Бұлардың барлығы – бір ұлттың ішіндегі дау-жанжалдарды қанды қақтығысқа ұластырмауға арналған халықтың салт-дәстүрінің бір бөлігі ғана. Қазақ өмірінің әрбір саласында ата-бабаларымыздың тәжірибесінен өтіп, ғасырлар бойы қалыптасқан түрлі тәсілдердің болғанында талас жоқ. Олардың кейбіреулері қазақ халқы көшпелі өмір салтынан ажыраған соң келмеске кетсе, енді біреулері өзінің қажеттілігін әлі күнге дейін сақтап, жаңа кезеңдегі бітімгершіліктің жолдары мен тәсілдеріне айналары сөзсіз.
Біздің айтқымыз келгені, бабалардан қалған дәстүрлеріміздің бірқатары бүгінде қайта жаңғырып, сот саласында да жемісті қолданыла бастады. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанның барлық аудандарында медиация орталықтары ашылды. Кейбір аудандарда, нақтырақ айтсақ, Абай ауданында ел ішіндегі үлкенді-кішілі дау-дамайларды халыққа танымал, сыйлы адамдардан құралған бітімгерлер тобының қатысуымен өзара келісімге келе отырып шешу тәжірибесі қолданыла бастады. Жақында облыстық соттың төрағасы Досжан Сарманқұлұлы осы ауданға арнайы барып, тұрғындармен жүздесіп қайтты. Қазір аудан орталығы – Қарауылда сегіз адамнан тұратын бітімгершілер тобы жұмыс істеуде.
Реті келгенде айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы медиацияны сот процесіне қолдану бойынша республикада көш басында келеді. Ұлан аудандық сотында да медиация бойынша қаралатын істер саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 2016 жылдың 1 қаңтары мен 11 мамыр аралығында 6 қылмыстық, 18 азаматтық және 5 әкімшілік іс медиатордың қатысуымен қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Мұрат Халмұрзаев,
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан аудандық сотының төрағасы

Осы айдарда

Back to top button