ҚоғамТОП

Датчик алты адамның өмірін сақтап қалды

Көміртегі тотығы датчигі бір отбасының өмірін сақтап қалды. Оқиға Катонқарағай ауданының Жұлдыз ауылында болған.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, былтырғы қазан айында аудандық ТЖБ мамандарымен орнатылған көміртегі тотығы датчигі 1988 жылғы әйел мен оның 2009, 2010, 2012, 2014 және 2019 жылдары туған бес баласын ажалдан арашалап қалды.

– Ағымдағы жылдың 22 ақпанында күндізгі сағат 15.30 шамасында Жұлдыз ауылындағы тұрғын үйлердің бірінде орнатылған датчик дабыл қақты. Дабылды естіген әйел тез арада балаларын үйден шығарып үлгерді, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметінен.

Үй иесінің айтуынша, құрылғының қатты дыбысы уақытында әрекет етуге, өзін және балаларды көміртегі тотығымен уланудан құтқаруға мүмкіндік берген.

Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері пеш жанындағы қабырғалар мен шатырдың жануын сөндіру арқылы үйдің тұтастай отқа орануына жол бермепті.

– Жыл сайын әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың үйлеріне осындай датчиктер орнатамыз. Мұндай жұмыс ағымдағы жылыту маусымы алдында да жүргізілген болатын. Біздің қызметкерлер жергілікті атқарушы билік органдары мен демеушілер бөлген 2 445 датчикті межелі жерлеріне жеткізіп, орнатты. Жалпы алғанда, үш жылдың ішінде облыста сигнализаторлардың іске қосылуының сегіз жағдайы тіркелді, нәтижесінде 32 адам, оның ішінде 22 бала құтқарылған, – деп өтті облыстық ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.

Облыстық ТЖД мамандары, әсіресе, бүгінгідей аязды күндері өрт қауіпсіздігі ережелеріне жіті мән беруге шақыруда.

– Жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, сондай-ақ, оларды қадағалауды балаларға тапсыруға болмайды. Сонымен бірге, жағуға дайындалған отынды, басқа да жанғыш заттар мен материалдарды пешке тым жақын жерге қоймаған абзал. Өрт немесе басқа да төтенше жағдай кезінде бірден 101 немесе 112 нөмірлеріне қоңырау шалған дұрыс, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметінен.

Соңғы ақпарат бойынша, жылыту маусымы басталғалы бері Шығыс Қазақстанда 217 өрт тіркелсе, оның 46 пайызы жеке тұрғын үйлерде болған. Қызыл жалын 14 адамның өмірін жалмаған. Оның 11-і зейнеткерлер мен уақытша жұмыссыздар болыпты.

 

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button