Қоғам

Дарынның жеңістері әлі алда

Осыдан бірер күн бұрын Австрияның Инсбрук қаласында таэквондодан халықаралық «Austrian Open» турнирі мәресіне жеткен болатын. Бұл байрақты бәсекеге Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Өскемендегі Қажымұқан атындағы Жекпе-жек сарайының шәкірттері де қатысқан-ды.

Осы ретте, дода қорытындысы бойынша таэквондошыларымыз ел қоржынына бірнеше жүлде салғанын айту керек. Мәселен, 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Батырхан Төлеуғали бірінші орынға ие болса, дәл сондай нәтижеге 53 келі салмақта сынға түскен Дарын Зайнеш те жетті. Сондай-ақ дәл осы 53 келіге дейінгі салмақта тағы бір спортшымыздың қанжығасы майланды. Атап айтсақ, Медет Елемесов екінші орын иегері атанды. Осылайша, жас спортшыларымыздың сәтті өнерінің арқасында ел қоржыны екі алтын және бір күміс медальмен толықты.

Облыс орталығында орналасқан Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы Дарын Зайнеш жарыстан қайтқан бойда бізбен додадан алған әсерлерімен бөлісті.

– Туымыздың көкте желбірегені ерекше сезім сыйлайды ғой. Әрине, алған әсерім керемет. Дегенмен, босаңсуға болмайды, әлі де жаттығып, шеберлікті шыңдай түсу керек, – дейді жас спортшы.

Дарынның айтуынша, ол таэквондоға ата-анасының ықпалымен барған екен. Кейіннен осы спорт түріне деген қызығушылығы арта бастаған. Ол өз өмірін осы бір жекпе-жек түрімен байланыстырғанына еш өкінбейді.

Дильназ Әнуарбек,студент

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button