Қоғам

Дарынның денсаулығы түзеліп келеді бірақ әлі де көмек

 Дарынның денсаулығы түзеліп келеді бірақ әлі де көмек


Туа біткен дерттің кесірінен төрт жасында екі бірдей бүйрегінен айырылған күршімдік балақай Дарын Дәулетбековке әкесі Оралбек екінші рет өмір сыйлады. Бір жылдан бері диализдің көмегімен өмір сүріп келген балғынға жуықта Нұр-Сұлтан қаласындағы ана мен бала орталығында күрделі ота жасалып, әкесінің бір бүйрегі салынды. Бауыр еті баласының өздігінен зәр шығарып, бүйрегі жұмысын қалыпты атқарып жатқанына қуанған анасы Маржан Әбжанова бізбен хабарласып, осы жаңалығымен бөліскен еді.

Естеріңізде болса, Маржан Әбжанова өткен жылы маусым айында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында облыс әкімімен жүздесіп, көмек сұраған-ды. Басты проблема – баласына донор болғысы келетін әкесі Оралбектің бас бостандығынан айырылып, темір тордың арғы жағында отырғаны болатын. Облыс басшысы сол жолы қолдан келген қолдау көрсетуге уәде еткен-ді. Сол кезден бастап кішкене Дарынның денсаулығы газетіміздің назарынан тыс қалған жоқ. Отбасының қиын жағдайын «Бүйрегі жоқ балаға көмек керек» («Дидар», 2018 жылдың 3 қарашасы) атты мақалада көрсетіп, сол жолы дидарлықтар қаржылай көмек берген едік.

Міне, тура бір жыл дегенде Дарынның өмірінде қуанышты жағдайға да кезек келді. Әкесінің бір бүйрегін алған балақайдың денсаулығы қазір түзеліп келеді.

– Отаны 18-сәуірде жасаған, кеше тағы бір кішкене операциядан шықтық. Жағдайы бірқалыпты. Ұйқысы тыныш, кейде балалармен ойнайды. Оның толық оңалып кетуі үшін алты ай бойы вальцит деген дәріні ішуіміз керек, – дейді анасы Маржан.

Айтысына қарағанда, вирусқа қарсы бұл препарат асқынудың болмауына септігін тигізеді, бүйректің ағзамен тезірек үйлесіп кетуі үшін өте қажет. Осы жерде Маржан тағы бір проблеманың ұшын шығарды.

– Донор болған әкесін де, ұлымның өзін де тегін тексеріп, отаны квотамен жасады. Ол үшін алғысым шексіз. Бірақ салынған бүйрек үйлесіп кету үшін ішетін дәріні өзім сатып алып жүрмін. Өйткені, орталықта тегін кепілдендірілген медициналық көмектің шеңберінде берілетін препарат оны алмастырушы дәрі екен. Емдеуші дәрігердің өзі «мүмкіндігіңіз болса, вальцит ішкені дұрыс» деді. Содан даналап сатып алып жүрмін, бірден алуға қаражатым тапшы, – дейді ол.

Дәріханада вальцит дәрісінің 60 таблеткасы 270 мың теңге тұрады. Дарынға кем дегенде алты ай қабылдау керек. Әзірге күніне бір таблеткадан ішіп жүр. Бір-екі күнде ауруханадан шыққанымен Дарын үнемі дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс. Аптасына бір рет анализдерін тапсырып, астанадағы дәрігерлерге жолдап отыруы қажет. Сол себепті бала мен анасы облыс орталығынан 400 шақырым жердегі, ешқандай жағдай жасалмаған үйлеріне бара алмайтыны да түсінікті. «Кеше ғана ота жасатып шыққан баламның ағзасы әлі де әлсіз. Қаншама қиыншылықтарды көре жүріп, операция жасатқанымызда енді баламды өбектеп, оған ешқандай жұқпа жұғып кетпеуін қадағалап, барынша күтуге тиіспін. Гормон препараттарын қабылдап жатқандықтан, оған нәрлі, құнарлы тағамдар ішу керек. Сол себепті Өскеменге келген соң, сол жерден пәтер жалдап тұруға мәжбүрмін. Қалада болғаным ұлымды дәрігерлердің бақылауына да қолайлы болар еді» дейді Маржан сөз арасында.

Дарыннан басқа мектеп жасындағы тағы үш баласы бар, еш жерде жұмыс істемейтін, жарымжан баласының жәрдемақысына ғана қарап отырған Маржан Әбжанова үшін жоғарыда айтқандардың барлығы материалдық жағынан өте қиын. Бір байқағаным, Маржан басқалардан алақан жайып, қаражат сұрап үйренбеген. Осы жолы да ота жасардың алдында тексерілу үшін астанаға екі рет ұшақпен барып, қайтуға қаражат таппай, қиналады. Нұр-Сұлтан қаласына баласы екеуі бір рет жедел ұшып, барып-келгендері 138 мың теңгеге шығып кеткен. «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелері бойынша атқарушы директоры Андрей Лазаревтің атына қаржылай қолдауларын өтініп, хат жазған екен, 500 мың теңге бөліпті. Бұл жолы да компания басшылығы бірден телефон шалып, «қанша керек» деп сұрағанда, тағы да ештеңе айтпай, өздері ұсынған сомаға келіскен ғой. Бұл бәлкім, Маржанның қанағатшылдығы шығар. Қазір қажетіне сол компанияның демеушілігінен қалған қаражатты жаратып жүргенін айтады. Айтпақшы, квота бойынша баланың емі, жатын орны, тамағы тегін болғанымен, қасындағы анасының шығыны толықтай өз мойнында.

Біз кішкентай Дарынның тезірек оңалып, қатарға қосылып кетуіне тілектеспіз. Осы орайда, құрметті әлеумет, тағы да өздеріңіздің көмектеріңізге жүгінуді жөн көрдік. Қайырымды жандар демеушілік танытам деп жатса, Маржан Әбжановаға 87789306326 телефоны арқылы хабарласуларыңызға болады. Каспий голд картасының нөмірі 5169 4931 8278 2295

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button