Дарынды қыз Дана

Өскемендік Дана Асанқызы небары сегіз жаста болса да бірнеше халықаралық конкурстың лауреаты. Жуықта Нұр-Сұлтан қаласында «Шабыт» өнер студиясы ұйымдастырған II Республикалық «Spring inspiration-2022» өнер байқауында вокал номинациясы бойынша жүлдегер атанып, ата-анасы мен өнердегі ұстаздарын қуанышқа бөледі.
Жас таланттың бұған дейінгі жетістіктері де аз емес. Мәселен, 2020 жылы халықаралық «Қазақстан таланттары» байқауында бас жүлде, республикалық «Небесные ласточки» фестивалінде I орын, халықаралық «Дарындылар шұғыласы» фестивалінде І орын иеленген. 2019 жылы да халықаралық байқаудың бас жүлдегері, республикалық сайыстың I орын иегері атанды.
Дана Асанқызы Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейінің 3 «Б» сыныбында оқиды.
– Дана – сыныптағы үздік әрі жан-жақты, өнерлі, дарынды оқушымыз. Білім сайыстарына да белсене қатысып, «Асыл тас», «Айналайын», «Малахит», «Ақ бота» облыстық, республикалық, халықаралық зияткерлік олимпиадаларында бірнеше рет жүлдегер болды. Үздік оқушы, биші, әнші, спортшы Дананың алар асуы әлі алда, – дейді сынып жетекшісі Данара Рахымжанова.
Анасы Нұргүл Қанағатованың сөзінше, кішкентай Дана үш жасында тілі анық шыққаннан бастап ыңылдап ән айтып, музыкаға жақын болып өскен. Қызының өнерге бейімі, қызығушылығы бар екендігін байқаған анасы оны төрт жасынан бастап алдымен вокал үйірмесіне, бес жасында балетке, алты жасында көркем гимнастикаға береді.
Балеттегі тренері Кристина Касумованың тәлім-тәрбиесінің арқасында талай жарысқа қатысып, жүлделі болды. Көркем гимнастика үйірмесіндегі тренері Юлия Родионованың айтуынша, Дана өзінің еңбекқорлығының, табандылығының арқасында бұл өнер түрінен өткізілетін халықаралық сайыстардан жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Анасы Нұргүл кәсіпкерлікпен айналысатындықтан, Дананы негізінен үйірмелерге әкесі апарып-әкеледі. Асан Сейітқазыұлы кезінде өрт сөндіру бөлімінде абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан. Анасы Нұргүл Қанағатова да өнерден құралақан емес. Ағайынды Абдуллиндер атындағы музыкалық колледжде білім алып, кейін кәсіпкерлікке бет бұрған.
Халқымыздың «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, баланың жақсы болмағы нағашыдан» деуі бекер емес болар. Анасының айтуынша, Дананың нағашы ағалары да өнерлі жандар. Айта кетсек, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының тумасы Болат Қанағатов Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында КСРО халық әртісі-профессор Ермек Серкебаевтың класында білім алып, қазір Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі, бірнеше халықаралық конкурстың лауреаты. Ал енді бір нағашы ағасы Самат Қанағатов Өскемендегі қазақ ұлттық оркестрінің бас дирижері болған, қазір өзінің жеке өнер мектебін ашып, өңірдегі жас таланттарды өнерге баулып жүр.
Дарынды қыз Дананың жексенбіден басқа бос уақыты жоқ. Өйткені сабақтан тыс уақытта ән, би, көркем гимнастикадан бөлек сенбі сайын мәнерлеп оқу үйірмесіне барады.
–Үйде бос жатқан бала телефон шұқылап, көп уақытын теледидар көруге жұмсап, жалқауланып кетеді. Сондықтан баланың бос уақытын денсаулығына пайдалы етіп, тиімді ұйымдастыру маңызды, – дейді анасы Нұргүл Қанағатова.
Өскемендегі №1 балалар музыка мектебінің вокал сыныбының оқытушысы Гүлнұр Бақытханқызының айтуынша, шәкірті Дананың түрлі ән байқауларында да қол жеткізген жетістіктері жетіп артылады. Көптеген халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық байқауларда өнері жоғары бағаланып, мектебінің абыройын аспандатып жүр.
– Осындай алғыр, озат, өзіне сенімді шәкірт тәрбиелеу мен үшін үлкен мәртебе! Дананың болашағынан зор үміт күтеміз! –дейді ұстаздары.
Біз де Дананың өнер жолында биік шыңдарды бағындырып, еліміздің мақтанышы боларына сенеміз!
Айжанат Бақытқызы