Қоғам

Дарынды жастар марапатталды

Айжанат Бақытқызы

Биылғы Балалар жылына және 1 маусым – халықаралық Балаларды қорғау мерекесіне орай өткен форумда облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова өңіріміздің дарынды жастарын марапаттады.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да өткен форумға халықаралық, республикалық деңгейдегі білім, спорт, өнер сайыстарында  облыс намысын абыроймен қорғап жүрген жүзден аса дарынды оқушы қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ХХІ ғасырдағы Қазақстанды биік белестерге сіздер сияқты білімі озық, ойы ұшқыр жастар бастауы керек» деп жас буынның алдына айқын міндет белгілеп берді. Форум қатысушылары – ұстаздарының еңбегін, ата-аналарының үмітін ақтап, жүзден жүйрік шығып, өзгелерге үлгі-өнеге болған дарынды оқушылар. Гүлденген, әділетті, дамыған жаңа Қазақстанның болашағы сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан жауапкершілікті терең сезініп, жаңа білімді меңгеріп қана қоймай, оны Отан игілігі үшін қолдана білуге шақырамын, – деді жиынды құттықтау сөзбен ашқан білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова.

Дарынды оқушыларымыз халықаралық және республикалық жарыстарда өңіріміздің білім деңгейін лайықты көрсетіп жүргенін мақтан етеміз. Жетістіктер қоржынындағы медальдар саны жылдан жылға артып келеді.

Бүгінгі таңда балалардың өз қабілетін жүзеге асыруына барынша жағдай жасалған. Өңіріміз білім, ғылым, өнер және спортта еліміздегі ең мықты аймақтар қатарында. Биыл оқушыларымыз халықаралық, республикалық сайыстарда олжалы болып, 208 медаль иеленді. Оның ішінде 60 алтын, 66 күміс, 82 қола медаль. Әрине, әр жеңістің сыртында балалардың қажырлы еңбегімен қатар аймақ басшылығы тарапынан жасалған тұрақты қамқорлық пен қолдау тұрғандығын айрықша атап өткен жөн.

Білім саласындағы осындай жан-жақты, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыста ғана емес, ел намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғап жүрген балалар да бар. Олар халықаралық Менделеев олимпиадасынан, дүниежүзілік гимназиада мен Еуразиялық олимпиададан жарқын жеңістермен оралды.

Талантты оқушылардың бірі Бекболат Мамырбековтің айтуынша, ол 7-сыныптан бастап химиядан білімін тереңдетіп оқып жүр. Нәтижесінде республикалық олимпиадада химия пәнінен алтын медаль жеңіп алса, оқу-жаттығу жиындарында ең жоғары нәтиже көрсетіп, олимпиадалық резервте халықаралық Менделеев олимпиадасында қола медальді иеленді.

– Олимпиадада білім қоры ғана емес, сонымен қатар төзімділік пен шыдамдылық, сабырлық керек. Тыңғылықты даярлықтың арқасында ғана білім сайыстарында жоғары нәтижеге жетуге болады, – дейді Бекболат.

Форумға қатысушылар арасында оқыс жағдайда көмек көрсеткен батыл оқушы да болды. Айта кетсек, Семей қаласының №11 орта мектебінің 7 сынып оқушысы Руслан Омаров суға батып бара жатқан сыныптасының өмірін құтқарып, Төтенше жағдайлар министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Басқарма басшысы Сайрангүл Жұмаділова халықаралық сайыстардың жеңімпаздарына облыс әкімінің атынан алғыс хаттар мен смарт сағаттар табыс етті.

Бұл марапатқа ие болғандар – химия пәнінен еліміздегі олимпиадалық резервтің мүшесі, халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпазы Бекболат Мамырбеков, 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионы, Орталық Азия чемпионы Анастасия Рыпакова, информатика пәнінен еліміздің олимпиадалық резервінің мүшелері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпаздары Дінмұхамед Оралханов пен Қаныш Мұхаметкәрім, суға батып бара жатқан сыныптасын құтқарғаны үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің Құрмет грамотасына ие болған Руслан Омаров, халықаралық және республикалық шығармашылық байқаулардың лауреаты София Губич.

Өңіріміздің зияткерлік құрама командасы биыл 30 медаль жеңіп алды, оның ішінде сегізі алтын медаль. Сайрангүл Ахметкәрімқызы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада жеңімпаздарына медальдар мен дипломдар тапсырып, халықаралық және республикалық зияткерлік олимпиадалар, ғылыми жобалар мен конкурстардың жүлдегерлерін грамотамен және ақшалай сертификаттармен марапаттады.

Облысымыздың мақтанышына айналған дарынды оқушыларымызды құттықтай отырып, болашақта да биік белестер мен толағай табыстар тілейміз!

Осы айдарда

Back to top button