Білім

Дарынды жастар – еліміздің жарқын болашағы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы атаулы жылға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдегі дарынды балалар халықаралық және республикалық зияткерлік олимпиадалардың жүлдегерлерімен, спорттық, шығармашылық байқаулардың және «WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатының жеңімпаздарымен кездесті.  

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Балаларға ерекше көңіл бөлу керек. Олардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі» деп, ең алдымен, билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, балаларды қорғау бойынша нақты шараларды іске асыруды тапсырды. Сондықтан өңірде осы бағыттағы ауқымды іс-шаралар жалғасады. Жаңа технологиялар қарыштап дамып келе жатқан қазіргі уақытта жасанды интеллект, цифрландыру салаларына айрықша мән беру қажет. Дамыған елдердің қатарына қосылу үшін жастарымыз білім саласындағы әлемдік бәсекеге қабілетті болуы керек.

Әр адам өз ана тілін білуі тиіс. Сонымен қатар ағылшын тілін үйренудің де маңызы зор. Жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабына сай үш тілді еркін меңгергені жөн. Мен білімді, талантты жастарымызға сенемін. Командамыздың биыл Шанхайда өтетін «WorldSkills Competition-2022» кәсіби шеберліктен Әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғауына тілектеспін, – деді Даниал Ахметов.

Биылғы оқу жылы білім саласы үшін жемісті жыл болды. 2021 жылы облыс оқушыларының командасы өңірімізді беделді халықаралық және республикалық олимпиадаларда лайықты көрсете білді. Оқушыларымыз 208 медальді жеңіп алды, оның ішінде 60 алтын, 66 күміс және 82 қола.

Соңғы үш жыл ішінде өңіріміздегі колледж студенттерінің командасы «WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатының абсолютті жеңімпаздары атанып, республиканы халықаралық аренада лайықты танытып келеді. 2021 жылы «WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатында колледж студенттері 27 медаль жеңіп алды, оның ішінде 13 алтын, 5 күміс және 9 қола.

Айта кету керек, облыста балалардың өз қабілеттерін жүзеге асыруы үшін барынша жағдай жасалған. Шығыс өңірі білім саласында еліміздегі ең мықты аймақтар қатарында. 2-7 сынып оқушылары арасында өтетін «Зерде» ғылыми жобаларының республикалық байқауында өңір командасы жалпы командалық бірінші орынды иеленді.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасы бойынша «Jastar Time» инновациялық орталығы ашылды. Онда оқушылар 2D/3D графикамен, бағдарламалаумен, бейнемонтажбен айналысады. Орталық ІТ саласындағы тәжірибелермен, идеялармен алмасу үшін іскерлік алаң ретінде қызмет етеді.

– Кез келген жеңіс – қажырлы еңбектің нәтижесі. Олимпиадада жеңімпаз болу үшін көп оқып, іздену керек, – дейді Қазан қаласында өткен Веб-дизайн және әзірлеу бойынша халықаралық олимпиаданың жеңімпазы Арсений Бендюков. Оның айтуынша, 6-сыныптан бастап Python бағдарламалауға қызығушылық танытып, веб-қосымшалар жасаумен айналысуды бастаған.

«Jastar Time» орталығының базасында ол үшін барлық жағдай жасалған: заманауи компьютерлер, мықты мұғалімдер. Орталықта кез келген адам бағдарламалауды, үш өлшемді модельдер құрауды, өзінің StartUp-жобаларын әзірлеуді үйренеді.

Облыстағы өнерлі балалар мен жас спортшыларымыз да республикалық және халықаралық спорт алаңдарында шеберліктерін дәлелдеп келе жатыр.

Дөңгелек үстел басында ашық диалог ретінде өрбіген кездесу барысында оқушылар мен студенттер өздерінің жетістіктері мен алдағы жоспарлары жайлы айтып берді.

– Мен кішкентай кезімнен спортпен айналысамын. Бізде спортпен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған, түрлі спорт секциялары жұмыс істейді. Сабақтан кейін жекпе-жек, күрес, баскетбол, волейбол үйірмелеріне қатысамын. Панкратион бойынша республика чемпионымын. Біздің мектебіміз «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында бірнеше жыл қатарынан бірінші орын иеленіп келеді. Туған жеріміз үшін адал қызмет етіп, Отан алдындағы борышымызды абыроймен өтеуге уәде етеміз, – деді Шоқан Уәлиханов атындағы дарынды балаларға арналған «Жас Ұлан» мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Александр Дуденко.

Кездесудің барлық қатысушыларына облыс әкімі Даниал Ахметов грамоталар мен дипломдар табыстады. «WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатының жеңімпаздарына ноутбуктар, дарынды оқушыларға 100 мың теңгенің ақшалай сертификаттары берілді.

Іс-шара соңында дарынды оқушылар аймақ басшысы Даниал Ахметовпен естелік суретке түсіп, республикалық шығармашылық байқауларда жеңіс тұғырынан көрінген жас суретшілердің туындылары қойылған көрмені тамашалады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button