Дарынды балаларға арналған мектеп
Ержан Әбіш
Өскеменнің 19-шы шағын ауданында құрылысы аяқталмаған машина жасау колледжінің ғимараты бар. Білім министрлігі оқу орнын салуды бастап, алайда соңына дейін бітірмеген, ғимарат ұзақ уақыт қараусыз тұрды.
Жуырда аймақ басшысы Даниал Ахметов аталмыш нысанның облыс теңгеріміне берілгенін, енді мұнда физика, математика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған 900 орындық мектеп салынатынын мәлім етті.
Мұнда облыс аудандарынан келетін балаларға арналған 160 орындық интернат ашу да көзделіп отыр. Оқу үрдісіне мықты ұстаздар тартылады, педагогтар үшін де жайлы жатақхана салу жоспары бар. Білім ордасы Президент бастамасымен әзірленген «Жайлы мектеп» жобасына толық сай келмек. Кабинеттер стандарттар бойынша жабдықталады, 300 орындық спортзал, бассейн, асхана болады.
– Құрылыстың жарамдылығына сараптама жүргізіледі, ол толық қауіпсіз болуы шарт. Сонымен қатар жақында біз қарқынды дамып келе жатқан осы ауданда үлгілік жоба бойынша 600 орындық мектеп салуды бастаймыз. Бейінді басқармаларға аталған аудандағы аяқталмаған балабақша ғимаратымен жұмыс істеуді тапсырдым. Меншік иесіне нысанды аяқтаудың тиімді тегершіктері ұсынылады, – деді нысанның жай-күйімен танысқан аймақ басшысы.