Қоғам

Дарынды балаларға велосипед сыйлады

Дарынды балаларға велосипед сыйлады


«Қатал бәсекеге негізделген заманда әр адам жан-жақты білімді, тәжірибелі болуға тырысуы тиіс. Өсе келе білімді меңгеру қиынға соғады әрі оған уақыт та бола бермейді», – дедіпөңірдегі дарынды ұл-қыздармен кездескен аймақ басшысы. Балаларды қорғау күніне орай Даниал Ахметов оларға құнды сыйлықтар тарту етті.

–Бүгін– Балаларды қорғау күні. Сендерді осы тамаша мерекемен құттықтап, бақытты болашақ тілеймін! Ел келешегі – сендерсіңдер.Сендерді мақтан тұтамыз! Біздер, ересектер,сендер үшін өмір сүріп, еңбек етеміз, – деді облыс әкімі үлкен дастарқан басында оқушылармен қауыша отырып.

Аймақ басшысы балаларға басты мақсаттары – жақсы оқу, үлгілі, тәрбиелі азамат болып ержету екендіктерін айтты. Жеткіншектерге үш тілді де – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерудің маңызды екенін ерекше ескертті. «Мен өзім де ағылшын тілін оқып жүрмін» деген ол негізгі білім мен машықтарды жас кезде игеріп алу керектігін, уақыттыбосқа өткізбей, келешек өмірге қазірден дағдылануқажеттігін атап өтті.

Ал облыстың түкпір-түкпірінен жиналған дарынды балалар аймақ басшысына өз өнерлерін көрсетіп, болашақ армандарымен бөлісті.

Мәселен, Тарбағатайдың Ақжар ауылынан келген Талант Тәкенов акварельмен салынған «Қысқы орман» пейзажын Даниал Ахметовке сыйға тартты. Жас суретшінің өнеріне тәнті болған облыс әкімі «Атың затыңа сай өрен екенсің, осы бетіңнен қайтпа!» деп, балақайдың қолын қысты. Ал Өскемендегі №1 музыка мектебінің тәрбиеленушісі Александр Бородухин жеті жасынан түрлі аспаптарда ойнауды үйреніп жүргенін жеткізіп, көпшілік алдында әйгілі композитор Бахтың туындысын синтезаторда ойнап берді.

Әсіресе өскемендік бесінші сынып оқушысы Жалғас Тоқановтың өнері көпшілікті айырықша таңғалдырды. Ол Рубик текшесін бір минут ішінде жинап шықты. №15 орта мектепте білім алып жатқан ол сегіз жасынан бері Рубик текшесімен қызыққан, сондай-ақ Жалғас – шахматтан 3 разряд иегері. Анасы Жанар Жайлыбаева ұлының жаратылыстану пәндерінен озат екенін айтады.

–Жалғас кішкентай кезінен «Лего» конструкторларын құрастыруды жақсы көретін. Өсе келе осы Рубик текшесімен шұғылдана бастады. Оны құрастыруды Интернет арқылы үйреніп алды. Өскеменде текшені жинауды үйрететін арнайы үйірме бар, оның айлық құны – 16 мың теңге. Біз оған бармай, өз бетімізше үйрендік. Баланың бойында қызығушылық болса, өзі-ақ ізденіп, қағып алады, – дейді анасы.

Кездесу соңында Өскемендегі №25 орта мектептің оқушысы Антон Слугин өзі құрастырған роботтың мүмкіндіктерін паш етті. Арнайы бағдарламаланған құлтемір алдында тұрған кедергілерді айналып өтіп, балақайлардың қызығушылығын туғызды.

Аймақ басшысы да баланың ыждаһатталығына ризалығын білдіріп, оған табыс тіледі. Сондай-ақ алдағы оқу жылынан бастап барлық облыс мектептерінде робот техникасы сыныптары ашылатынын айтып, осы бағыттың дамитынын атап көрсетті.

Жиын соңында аймақ басшысы жиырма алты баланың әрқайсысына бір-бір велосипедтен сыйлады.

– Бала кезімде ата-анам велосипед сатып әперсе ғой деп армандайтынмын. Ол кезде мұндай екі дөңгелекті темір тұлпарға әркімнің қолы жете бермейтін еді. Сондықтан мен сендерге осындай тарту жасауды ұйғардым. Барлықтарың да велосипед тебе білетін шығарсыңдар. Жүргізе алмасаңыздар, алдағы жаз айларында үйреніп аласыңдар. Бұл – спорттың денсаулыққа өте пайдалы бір түрі. Өзім кейде таңғы алтыларда Самар тас жолына шығып, велосипед тебемін, – деген аймақ басшысы барлық жиналған жеткіншектерді тағы бір мәрте мейрамдарымен құттықтап, оларға сәттілік пен табыс тіледі.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button