Ағымнан жарылсам

Дариға ТІЛЕНДІКЕЛІНІ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі: – Нұрағаңнан қалған әр затты көзімнің қарашығындай сақтап отырмын

Дариға ТІЛЕНДІКЕЛІНІ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі: – Нұрағаңнан қалған әр затты көзімнің қарашығындай сақтап отырмын

Біздің танысуымызға себепкер болған
– «Менің атым – Қожа»


– Дариға апай, үйіңізге баспалдақтармен көтеріліп келе жатқанда ерекше сезімге бөлендім. Нұрағаңның табанының ізі қалғандай. Ал пәтеріңізге кіргенде мына тұрған рояль, домбыра, суреттер, тіпті, жиһаздардың бәрі сол кісі туралы сыр шертіп тұрғандай әсер берді. Әлі күнге дейін сізге де солай көрінетін шығар?

– Әрине, Мөлдір. Нұрағаның өмірден озғанына 15 жыл болыпты. Нақтырақ айтсам, 1998 жылдың 15-ші қазанында ақтық сапарға шығарып салдық қой. Тірі адам тіршілігін жасайды екен. Міне, өзің көріп отырған Нұрағаңнан қалған үлкен пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ел қатарлы өмір сүрейік деп қызым екеуміз тырмысып, қолымыздан келгенше жаңартуға тырыстық. Бірақ, шкаф, кереует пен орындықтарды ауыстырған жоқпын. Өйткені, бұл дүниелерде Нұрағаңның қолының ізі қалған ғой. Анау кереуетте отырып, қасиетті қара домбырасын күмбірлетуші еді. Тіпті, осы үйдің қабырғаларына ол кісінің иісі сіңіп қалғандай. Ал киім-кешек сақтайтын шкафта күні бүгінге дейін смокингтері, фрактары, бағалы костюм-шалбарлары ілулі тұр. Иіскесең, Нұрағаңның иісі шығады. Кейбіреулер: «Дүниеден озған адамның киімдерімен өз киіміңізді қатар қоймаңыз» деп те айтты. Бірақ бұл сөздерге құлақ асқам жоқ.

Бір айта кетерлігі, ол кісінің өзіндік табиғи иісі керемет болатын. Әтірдің керегі жоқ. Сондай бір таза, сырбаз адам болды ғой. Бұл пәтерді болашақта мұражай етсек пе деген де ойымыз бар. Мен сізге айтайын, Нұрағаңның 70 жылдығын тойлаған кездегі папкалар мен қаншама суреттерді сақтап отырмын. Оның бәрі – аса құнды дүниелер. Алла сәтін салса, қалалық немесе облыстық мұражайларға да өткізіп қалармыз. Қазір пәтеріміздің бір балконы сол кісінің заттарымен лықа толып тұр. Онда партитуралары, ноталары, Нұрағаң туралы жазылған кітаптар, халық берген сыйлықтарына дейін сақтаулы. Тіпті, Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданына барғанда тарту еткен маралдардың мүйізіне дейін бар. Осының бәрі көпшіліктің шын көңілден көрсеткен құрметтері ғой. Енді сол асыл дүниелер бүлініп кетпесе екен деп қатты уайымдаймын. Әрине, бұл дүниелер арнайы қағаздармен оралып, қораптарға салынды.

Десе де, қатты аязда анау мүйіздерге дейін сынып кетуі мүмкін ғой. Жаздың аптап ыстығында да бүлінуі ғажап емес. Қағаздардың бәрі бір-біріне жабысып, суреттер сарғайып кетеді. Сондықтан менің қазіргі бар ойым, мақсат-мұратым, бағып-қағып отырғаным – Нұрағаңнан қалған дүниелерді көздің қарашығындай сақтау. Ал оларды үйге шығарып қояйын десең, сыймайды. Жарайды, шаңын кетірерміз. Бірақ қайда қоймақпын?! Халық сыйлаған адамның шаңырағы болғандықтан, әлі күнге дейін қонақ үзілмейді. Міне, сондықтан, әйгілі өнерпаздан қалған барлық заттарды көзімнің қарашығындай сақтап отырмын.

– Әйгілі композитор, төлтума дирижер, кемел домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің асыл жары ретінде халық сізді жақсы таниды. Ол кісімен қалай танысып едіңіздер?

– Бұл енді ұзақ әңгіме (күліп алды). Мен тоқетерін ықшамдап айтайын. Ол кезде «Қазақфильм» киностудиясында кешкі актерлік курста оқып, күндіз жұмыс істейтінмін. Біздің кезімізде ата-анамыз қандай білім алғымыз келсе де шектеу қоймады ғой. Мені де тағдыр айдап, алып шаһар Алматыға келдім. Бірақ, армандаған оқуыма тапсырып едім, конкурстан өте алмадым. Айналамда бірі актер, бірі әнші болғысы келетін, поэзияны да керемет жақсы көретін өнерлі жастар болды. Содан не керек, сәті түсіп, бәріміз киностудияға бара қалдық. Сол уақытта Шәкен Айманов деген тамаша режиссер, актер ағамыз актерлік курс ашып жатыр екен. Бағым жанып, сол курсқа мен де түсіп кеттім. Кешке оқимын, ал күндіз өндірістік бөлімде жұмыс істеп жүрдім. Мысалы, режиссерлер кино түсіріп жатқан алаңға көлік керек болса, біздің көмегімізге жүгінетін. Сол бөлімде 3 адам жұмыс істедік. Бастығымыз үлкен жастағы орыс кісі еді.

Бір күні режиссер Абдолла Қарсақбаев ағамыз келе қалды. Ол кісімен бірге қимылы шапшаң, жымиысы да тартымды, құлағы қалқайған тағы бір адам ере кірді. Ал Абдолла ағамыздың кино түсіру жұмыстарымен басы қатып кетсе керек, маған: «Қарындасым, маған шұғыл түрде көлік қажет. Түсірілім жүріп жатқан жерге мына композиторды алып баруым керек» деді. Сол сәтте режиссердің «Менің атым – Қожаны» түсіріп жатқан кезі екен. Ал ол киноның түсірілімдері Үшқоңырдың жайлауында жүріп жатыр. Содан қасындағы әлгі кісі бірден жұлып алғандай: «Ой, қарындасым дейсің ғой, қарындасыңның аты кім?» деді. Мен журналға үңіліп отыр едім. Енді айтпасқа болмайды ғой, кішкене басымды бұрып: «Дариға» дедім. «Ммм, есімің жақсы екен!» деп композитор жігіттің маған тиісе сөйлемесі бар ма?! Шынымды айтайын, ойымда ешнәрсе жоқ. Мен ол кезде жап-жас қызбын. Ал олар – менің сыйлайтын ағаларым. Абдолла Қарсақбаев ағамыз өле-өлгенше «қарындасым» деп кетті. Негізінде Нұрағаң екеуі де – Алматы облысының тумалары. Және шығармашылық жағынан өте жақын адамдар еді. Абдолла аға кино түсіретін болса, Нұрағаң міндетті түрде музыка жазады. Басқа композиторға ол кісі жаздырмайды.

«Қарындасым, бұл әнді мен саған арнаймын»


– Сонда ұлы композитордың қандай қасиеттері сіздің жүрегіңізді жаулады?

– Ол жағы қызық болды (күліп алды.) Ол кезде «Қазақфильм» киностудиясының директоры Камал Смайылов болатын. Жаны жайсаң, сондай бір тамаша адам еді. Қазақ киносының алтын қорына айналған «Қыз Жібек», «Құлагер», «Менің атым – Қожа», «Алты жасар Алпамыс» және тағы басқа да фильмдер сол кісінің тұсында түсірілген ғой. Айтайын дегенім, бір күні Балтық теңізі жағалауынан бір топ өнер адамдары келетін болды. Камал ағаның тапсырмасы бойынша Есентай өзенінің жағасына киіз үй тігіп, қонақтарды қарсы алу үшін барымызды сала дайындалдық. Бұл – тікелей біздің өндірістік бөлімнің жұмысы. Олжас Сүлейменов, режиссер Тұрар Дүйсебаев, жазушы Әкім Тарази сынды біраз адамдар тізе қосып, қонақтарды күттік қой.

Әрине, ол топтың арасында Нұрағаң да бар еді. Камал Смайылов: «Нұреке, келіп, қонақтарға домбыра тартып беріңізші. Қасиетті қара домбыраның не екенін білсін» деп өтінсе керек. Мен сізге сол кездегі шетелдіктердің Нұрағаңның домбыра тартысына қатты таңғалып, керемет ләззат алғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. «Не деген ғаламат?!» деп таңдай қағысты. Мына екі шектен осыншама құдіреттің төгіліп жатқанына, керемет музыка шығып жатқанына бас июмен болды олар. Әсіресе, «Аққу» күйін тартқан кезде қонақтардың естерінің шығып, ерекше таңданғанын мүлдем сөзбен жеткізе алмас едім. Мамыр айының ортасы еді, таза ауа, әдемі табиғат, құстар сайрап, су сарылдап ағып жатыр. Не керек, қонақтар қатты риза болды. Сонымен, тарқасатын сәт те жақындап келеді. Мен ойлаймын, Нұрағаң басшыларға алдын ала ескертіп қойды ғой деп. Жиналғандардың бәрі көлікке сыйғандарынша кезек-кезек кетіп жатты. Бір кезде Нұраға екеуімізге: «Сіздерге орын жоқ, сыймайсыздар. Қазір басқа көлік жібереміз» деді. Сөйтіп, киіз үйді күзететін ата үшеуміз қалып қойдық. «Аааа, қазір келеді көлік, қарындасым» деп қояды Нұрағаң.

Менің де ойымда ештеңе жоқ. Содан әлгі келеді деген көлігімізді күтумен қаншама уақытымызды өткіздік. Бір сағат күттік, екі, үш сағат күттік, көлік жоқ. Бірақ, сол аралықта керемет әңгімелестік. Бір кезде киіз үйді қарауылдайтын атамыз ұйықтап қалды. Дала жып-жылы, су сарылдап ағып жатыр, мүлгіген тыныштық, жарық ай, жымыңдаған жұлдыздар, сап түзеген қарағайлар. Медеу жақты өзің көз алдыңа елестетші, көріністің өзі керемет қой. Анандай жерде үлкен тас жатыр екен. Бір мезетте: «Қарындасым, сен мына тастың үстіне шығып отырасың ба?» деді. Мен тастың үстіне шығып, отырып алдым. Табиғатқа тамсанып, көктегі жұлдыздарға қарап тұрып, Нұрағаң шабыттанса керек. Кенет:

«Куә бол, жұлдыз,
Куә бол, айым,
Куә бол, Алатауым»
деп ыңылдап, әндете жөнелмесі бар ма?! Сол қарқынмен ыңылдап әлгі әннің шумағын да шығарды. Бүкіл табиғатты құшағына сыйдырардай екі қолын кеңге жайып, әнді тоқтамай айтып жатыр, айтып жатыр. Әрине, керемет туындыны естіген соң жүрек тебіренбей қоймайды ғой.

«Куә бол, жұлдыз,
Куә бол, айым,
Куә бол, Алатауым»

Бұл – Нұрағаңның өзі шығарған өлең жолдары. Сол түні екеуміз «Куә бол» әнін ыңылдап айтумен болдық. Келеді деген көлігіміз ақыры келген жоқ. Таң ата бастағанда Есентай өзенінің бойымен қалаға қарай жаяу түстік. Қалаға қарай жол еңіс, шаршаған да жоқпыз. Не керек, сол түні керемет ән шықты, екеуміздің қуанышымызда шек жоқ. Мынадай керемет әннің шығуына куә болу мені де шексіз бақытқа бөледі. Осы тұста мен Нұрағаңның азаматтығын айтайын. Шаттанған кейпінде: «Қарындасым, бұл әнді мен саған арнаймын» демесі бар ма?! Осы сөзді естігенде менде де жан қалмады. Табиғат аясында жүгіріп, қуанып жүрмін. Үлбіреген жап-жас қызбын ол кезде. Тұңғыш рет композитормен сырласып, жаңа әнінің шығуын өз көзіммен көрдім, мен де сондай тебірендім, ғаламат сезімде болдым. Сол кісімен бірге қуандым, сол кісімен бірге жаным елжіреді. Тағдырдың жазуы осы екен, тағдырыма Нұрағаңдай ұлы адамды кездестірдім.

Осы уақытқа дейін сондай кісінің сүйген жары болғаным үшін бір сәтке де өкінген емеспін. Нұрағаң мені өмір бойы аялап, сыйлап өтті. Мен ойлаймын, егер ол кісі мені жақсы көрмесе «Куә бол» сияқты әйгілі ән туар ма еді?! Мені жақсы көру арқылы тебіреніп, керемет туындыны шығарып отыр ғой. Шыны керек, «Қарындасым, осы әнді саған арнаймын» деген сөзінің өзі мені ол кісіге жіпсіз байлады десем де болады. 1969 жылдың аяғында біз шаңырақ көтердік. Нұрағаңның тағы бір қасиеті, шығарған әніне ешқашан сөз жаздыруға асықпайтын. Ән шыққан соң оны әбден жүректе әлдилеу керек дейтін. Және қандай да бір туындыны шығарса, біреуге тыңдатып, мақтанбайтын. Екіншіден, ол әнді тез жарыққа шығаруға әрекеттенбейтін.

– Ал өзіңізге арналған «Куә бол» әнінің толық нұсқасы қашан дайын болып еді?

– Шамамен бір жылдай уақыт өткен кез. Бір күні Нұрағаң ақын Тұманбай Молдағалиевті үйге шақырды. Ол кісіге бірінші әлгі әуенді ойнап берді, сосын: «Бұл дүние мына жеңгеңе арналған және барлық жағдайды қазір саған баяндап береді» деді. Содан Тұмаш екеуміз басқа бөлмеге бардық. Сол түндегі ғажайып табиғатты, Нұрағаңның тебіренгенін, әннің қалай шыққанына дейін тәптіштеп айтып бердім. Тұманбай да тез сезініп:

«Көзімді жұмсам да көрем сені,
Еседі арманның қоңыр желі.
Куә бол, Алатау бақытыма,
Куә бол, көктерек көлеңкелі»
деп құйылдырып, сөзін шығара жөнелді. Ал қайырмасына келгенде Нұрағаңның сөздерін қалдырды. Сонымен, үш шумағын лезде жазып жіберді. Ең бастысы, шын мәнінде сол түндегі көріністі бейнелейтін сөздер Тұмаштан ағылып келіп жатты. Ән деген сөзімен қабысып тұруы керек қой. Ал «Куә бол» әні осы сөзіме дәлел. Ең бастысы, Нұрағаң екеуміздің махаббатымызды оятқан, менің ол кісіге деген сезімімді тұтатқан керемет туынды деп айта аламын.

Сұхбаттасқан – Мөлдір Жанбаева

Осы айдарда

Back to top button