Дархан Баяхметов Әлем чемпионатына қатысады
Үржар ауданының тумасы, балуан Дархан Баяхметов грек-рим күресінен ұлттық құрама сапында әлемдік додаға баратын болды.
Ол бұған дейін 2008 және 2012 жылдары өткен Олимпиада ойындарына қатысқанын естеріңізге сала кетейік. Бейжіңдегі Олимпиадада жерлесіміз 5-ші орынға табан тірегенін ескерсек, Дарханнан алдағы уақытта толағай жеңістер күтуге болады. Дархан – 2010 жылы Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері және 2009 жылғы Азия чемпионы.
Астанада өткен Президент кубогының соңғы күні грек-рим күресінен ұлттық құрама бапкерлерінің кеңесі өтті. Оның қорытындысы бойынша 2015 жылғы 7-13 қыркүйекте Лас-Вегаста өтетін Әлем чемпионатына мынадай балуандар іріктелді, олардың қатарында Алмат Кебіспаев (59 келі), Демеу Жадыраев (66 келі), Дархан Баяхметов (71 келі), Досжан Картықов (75 келі), Асхат Ділмұхамедов (80 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (85 келі), Ерұлан Ысқақов (98 келі) және Нұрмахан Тінәлиев (130 келі) сияқты спортшылар бар.
10 тамызға дейін балуандар жеке бағдарлама бойынша жаттығып, кейін ұлттық құрама Алматы облысындағы «Ақ-Бұлақ» кешенінде жиын өткізеді. Ал 24 тамызда команда АҚШ-тың Колорадо қаласына оқу-жаттығу жиынына аттанады. Осыдан соң Таңат Сағындықов шәкірттері 7-13 қыркүйек аралығында өтетін Лас-Вегастағы Әлем чемпионатына жол тартады.
Дарын Нұрсапаров