ТОП

Даңқты генерал тұғырына қонды

Облыс орталығында болашақта тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнының біріне айналатын тағы бір саябақ ашылды. Бұл парк те күн санап өсіп келе жатқан Жібек маталар комбинаты ауданында орналасқан. Ең бастысы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілген саябақтың төрінде даңқты қолбасшысының ескерткіші де қойылыпты.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майдан шебінде ерен ерлік көрсете білген батыр отандасымыздың саябағы Қазыбек би мен әл-Фараби даңғылдарының қиылысында орын тепкен. Ал қоладан соғылып, көпшіліктің көңілінен шыққан ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 8,5 метрге таяйды екен. Генералдың болмысын сипаттайтын мүсін шынымен де сәтті шығыпты. Мұны салтанатты іс-шараға арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметов те айтты.

– Құрметті жерлестер, бүгін – облысымыз бен Өскемен қаласы үшін айтулы күн. Себебі біз Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған ескерткіштің ашылу салтанатына арнайы жиналып отырмыз. Сағадат Қожахметұлының өмір жолы барша қазақстандыққа үлгі-өнеге болуы тиіс. Оның Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерін қалыптастыру және дамыту жолындағы атқарған еңбегі орасан зор. Осы ретте, Сағадат Қожахметұлы Қазақстандағы Халық қаһарманы және армия генералы деген атақтарға ие болғаны бірінші адам екенін де ерекше атап өткім келеді. Біздің міндетіміз – батырға лайықты құрмет көрсету, даңқты тұлғаның рухын жаңғырту. Генералдың ерлігі мен еңбегін насихаттау мақсатында салынған саябақ халықтың сүйікті демалыс орнына айналады деп сенемін. Ұлы жауынгердің ескерткіші құтты болсын! – деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.

Бұдан соң сөз алған Сағадат Нұрмағамбетовтің шәкірті әрі әріптесі, генерал-лейтенант Болат Жанасаев пен даңқты қолбасшының немересі Лира Нұрмағамбетова да жылы естеліктерімен бөлісіп, осындай саябақ пен ескерткіштің ашылуына мұрындық болған ел ағаларына алғыстарын айтып, генералдың мүсіні мазмұнды шыққанын қуана жеткізді.

Одан кейін кезек ескерткіштің лентасын қию рәсіміне де келіп жетті. Мұндай құрметке Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Құрмат Рахимов пен Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев ие болды. Артынша жиналған қауым батыр баба рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Шынымен де, аймақ басшысы айтқандай, аумағы бір жарым гектарға жететін жаңа саябақта отбасымен демалуға барлық жағдай жасалған екен. Мұнда төрт субұрқақ, терраса, 100-ге жуық орындық пен сәулет өнерінің өзге де туындылары орын тепкен. Саябақ аумағына 200-ге жуық түп ағаш отырғызылып, жеріне судай жаңа газонның төселуі де келушілерді қуантпай қоймайтыны сөзсіз.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button