Даниярға сегіз өнер де аз екен

Ел ішінде еленбей жүрген өнер иесі мен қолы епті ісмер жандар аз емес. Олар қашанда ауылдың қарапайым азаматы болып қала береді. Шынтуайтына келгенде, олар ұлттық өнердің нағыз шеберлері. Арнайы оқу-тоқуы болмаса да, тума таланттар. Кейде көлеңкеде жүрген осындай таланттарды елеп-ескермейміз. Қаншама таланттар осылайша тасада қалып қояды. Жергілікті жерде жасалып жатқан қамқорлық та жоқ. Олар өз күнін өзі көріп отырған жандар.
Сегіз жасынан қамшы өреді
Осындай жандардың бірі – Данияр Мұқашев. Орта білімі бар ол қолөнерінің арқасында қоңыр төбел тіршілік кешіп отырған шебер. Күнделікті күн көріс жасап, несібесін айырып отырған шағын шеберханасы үйінің тар бөлмесінде орналасқан. Қарапайым ауыл азаматының қолынан келмейтіні жоқ. Алғашқыда таулы өңірде мал баққан екен. Ұлттық өнердің барлық түрін өзі үйренген. Оған ешкім ұстаздық етпеген. Қолынан шыққанның бәрі өз қиялынан жасалған. Бұл өнерді сегіз жасынан бастаған Данияр алдымен қамшы өруді үйренген. Бұл өзі аса ептілікті талап ететін айрықша өнер.
Бірде, мектепте оқып жүрген кезінде көшеде жатқан қамшыны тауып алып, әлгіге зер салып ұзақ қарайды. Сөйтіп, қамшыны тарқатып басқа өріммен қайта өріп шығады. Міне, оның өнері осы күннен басталған. Данияр қамшының бірнеше түрін өреді. Ол ең күрделі деген 12 өрімдік қамшыдан бастап, сегіз өрімдік, алты өрімдік қамшылардың барлық түрін аз уақыттың ішінде қолыңызға ұстатады. Әр нәрсені өз қиялымен жасап отырады. Біз әңгімелеп отырған қамшының ең күрделі түрі 12 таспалы қамшыны бір сағатта өріп шығып, екі сағатта тобылғы сапты қамшыны қолыңызға ұстатавды. Егер Данияр осындай шеберлікпен әлемдік жарысқа түссе, Гиннесстің рекордтар кітабына енуі бек мүмкін.
Бүгінде Даниярдың қолынан күніне 60-70 тобылғы сапты қамшы өріліп шығады. Қамшы ықылым заманнан қасиетті саналады. Оның қасиеті жайында аңыздар қаншама. Заманында ең жақсы қамшыны сыйға ұсыну дәстүрі болған. Бұл ретте қамшы соңғы жылдары емшілердің емдік қаруына айналғандай. Әсіресе, Оңтүстік өңірлердің емші-балгерлері тапсырыс беретін көрінеді. Данияр осы ырымға мүлде қарсы көрінеді. Атадан қалған ұлы мұраны бизнеске айналдыруға бола ма екен?
– Қамшы өру дәстүрі біздің өңірде әлі қалыптаса қоймаған. Ал Алматы, Астана сияқты ірі қалалардың шеберлері қамшы өру дәстүрін жақсы қалыптастырды. Нәтижесінде, осы бір ұлттық өнеріміз әлемге танылды, бірақ кемшін тұстары көп ақ, – дейді шебер. – Алдымен дәстүрлі технология сақталмайды. Айтайын деп отырғаным, қамшы, ноқта, жүгенге қайыс жасау технологиясы мүлде сақталмайды. Қазіргі қайыстар қытайдың технологиясымен жасалған. Ол ненің терісінен жасалғаны белгісіз, адам денсауығына да зиянды. Өз көзіммен көрдім, шеберлердің жасаған көздің жауын алатын әдемі қамшылары дизайнымен ұтады. Қамшыларының сабы киіктің сирағынан жасалған. Шын мәнінде оның ішіне темір салынған. Бұл дегеніміз, суық қару болып саналады. Қамшы ықылым заманнан тобылғы, кәдімгі қызыл тобылғыдан жасалады. Сонда мұның қай жері ұлттық өнер болып саналады? Шын мәніндегі қамшыны өзге жұрт қалай қабылдайды?
Данияр тері илеу технологиясын ерекше меңгерген. Ол 30-жылдардағы тері илеу технологиясын пайдаланады. Сиырдың, жылқының терілері 20-25 күнде дайындалады. Даниярдың қорасы кәдімгі шағын таза өнімнің цехы дерсің. Теріні қолдан илейді. Бұл табиғи таза өнім болып табылады. Данияр жүген, ноқта, өмілдірік, ер-тоқым жасайды. Даниярдың ер-тоқымы үлкен сұранысқа ие. Ер-тоқым да қолдан жасалады. Ердің қапталдары қарағаш, қайыңнан жасалады. Бір өзі бір айда 40-50 ер-тоқымды жасап шығарады. Қаладағы шағын өндірісте осындай сапалы өнім жасамайтын шығар. Ер-тоқымға сұраныс көбіне Астана, Алматы өңірлерінен келеді екен. Жақында Еуропада тұратын бір қандасымыз таза тері мен ағаштан жасалған, ою-өрнегі бар, күмістелген ер-тоқым жасауға тапсырыс беріпті. Шебер тапсырыстың қай елден түскенін айтпады. Шебер ер- тоқымның бұл түрін жасау аса күрделі деп отыр. Оған кем дегенде 2-3 ай уақыт кететін көрінеді. Шебер сонымен қоса сандық, кебеже, торсық, бесік жасайды.
Тас қалаудың шебері
Шебердің айтуына қарағанда, көшпенділер салт-дәстүрінің мәдениетін толық меңгерген. Біз жоғарыда айтқан сегіз қырлы Даниярдың тағы бір өнері – тас қалау өнері. Ашығын айтуымыз керек, тас қалау өнері біздің өңірде жоқ десек те болады. Ықылым заманда таулы өңірдің тұрғындары тас үйлерде тұрған, тас қоралары болған деген деректер бар. Данияр тас қалау ісімен он шақты жыл айналысып келеді. Бұл өнерді Данияр алғаш тас қора салудан бастаған. Кезінде біздің таулы өңірлерде тас қоралар, тас үйлер өте көп болған. Әсіресе, кеңес кезінен қалған жұрнақтары әлі күні сақталған. Соңғы он жылдықта іскер азаматтар тас қора салуды қайтадан қолға алды. Алғашқы болып бұл өнерді қолға алған Данияр бауырымыз. Тас қалаудың өзіндік ерекшеліктері болады. Бұл өңірде тастың түр-түрі кезігеді, бірақ оны қиыстыра әдемі қалай білу ерекше өнер. Жылына төрт-бес қораны тастан салады. Олардың ұзындығы 30-40 метрге дейін жетсе, ені 5-6 метрден кем болмайды. Бұл дегеніміз асқан шеберлікті, ептілікті, ұқыптылықты талап етеді. Табиғи тастардың формалары әртүрлі болады. Сондықтан оларды сындырмай қалау Даниярдың қолынан келетін көрінеді. Қазір өңірде тас қалаушы азаматар бар көрінеді. Осылардың барлығының жұмысын көрген Данияр: «Олар тастың қиюы келмесе, сындырып табиғи тасты бүлдіреді», – дейді.
Даниярда ондай болмаған екен. «Тас қашанда өз жігін табады және сол жердің топырағын дұрыс пайдаланбайды», – деп отыр. Тегінде тас өз топырағымен байланады. Оны байлай білу керек. Соңғы кездегі тас қораға жеке шаруашылығы барлардан тапсырыс жиі түсуде. Алдымен бұл экологиялық таза, қыста қандай аяз болса да қораңыз жылы болады. Оның үстіне ол 70-80 жыл тапжылмай қызмет етеді. Атам қазақ осының барлығын ертеден білген. Тас қорада болған мал ешқашан ауруға шалдықпайды, таза болады екен.
Данияр өзі салған қоралардың жобасын өзі сызады. Ол біздің өңірдегі ықылым замандағы тас қораларды зерттеген және олардың салыну тәсілдерін өз көзімен көрген. Даниярдың айтуынша, Қызылкесік өңірінде 11-12 мың жылқылары бар Бұланбай, Базар, Байқадам сияқты дала көпестері болған. Олардың жылқы қораларының жұрнақтарын көрген және зерделеген екен.
– Жылқыда қора болмайды деген бекер екен, – дейді Данияр. Жылқы қорасының ұзындығы 70-80 метр шамасында болғанын көрген және қазірге тапсырыс берушілер сол тарихи ескі қоралардың тасын әкеледі, – дейді. Осы үйінділердің ішінен олардың тас үйлерінің орындарын тапқан, олардың сызбаларын жобалаған. Олар шамамен 1860-70 жылдардың шамасында салынған деп жобалайды. Даниярдың жорамалында ол заманның бай көпестерінің үйлері де тастан салынған. 5-6 бөлмеден тұрған үйлердің биіктігі шамамен үш метр шамасында. Демек, сол заманның көпестері де өркениетте болған. Қызылкесік өңірінде Құнанбайдың қыстауы болған және өзге өңірлерден шеберлер шақыртып келісті салған деседі. Өкінішке қарай, Құнанбайдың қыстауын көрген және білетін қария 60-шы жылдар өмірден озған екен.
Данияр соңғы екі жылда тастан үй салып жүр. Айтысына қарағанда, елге белгілі бір азамат Елеке сазының етегінде орналасқан Самық деген жерге алты бөлмелі тас үй салдырған. Өте көрікті шыққан. Жылыту қазандығы бір-ақ жерден жағылады, өте жылы. Алматы өңірінің шеберлері келіп үйдің жобасына қызыққан екен.
Осы жылдарда Данияр 30-дан астам тас қора салған. Тапсырысты соңғы жылдары Зайсан, Аягөз өңірлері жиі береді екен. Биыл жазда Астанадан арнайы тапсырыс бойынша қалаға жақын жерден екі қабатты тас үй салуға тапсырыс алған. Шебер осындай қомақты жұмыстарды өзінің екі інісімен тындырады. Тындырар іс өте көп, «шебердің қолы ортақ» деген осы болар.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.