Данияр Жүнісов, Amanat партиясының Өскемен қалалық филиалы атынан байқаушы:
– Мен №25 облыстық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінде орналасқан №20 сайлау учаскесінде байқаушы болдым. Учаске қаланың Новаторлар және Буров көшелеріндегі жиырма шақты көпқабатты үйді қамтыды.
Менімен бірге «Жастар үні» қоғамдық бірлестігінің байқаушысы және бір тәуелсіз байқаушы жұмыс жүргізді. Сайлау учаскесіне таңғы сағат 5-45-те бардым.
Жалпы, дауыс беру науқаны заң аясында өтті, ешқандай бұзушылық орын алған жоқ. Өздерінің конституциялық құқығын пайдаланып, қалаған кандидаттары үшін дауыстарын беруге келген тұрғындар қарасы өте көп болды. Сайлаушылардың басым көпшілігі түске дейін-ақ дауыс беріп үлгерді. Адамдар жақсы көңіл-күймен, ерікті түрде, ешбір қысымсыз дауыс беріп жатты. Азаматтардан ешқандай шағым алған жоқпын.
Түс ауа учаскеге мүмкіндігі шектеулі жандардан және өздігінен жүре алмайтын немесе үйінен шыға алмайтын қарт адамдардан, ата-әжелерімізден түскен 15 өтініш бойынша, үй-үйді аралап, дауыс беру жәшіктерін апардық. Тобымызда учаскелік сайлау комиссиясының екі мүшесі, бір полиция қызметкері және байқаушы ретінде өзім болдым.