Аудан орталығының тұрғындары, басқа да ауылдардан осы жиынға арнайы келген қауым аудандық Мәдениет үйінде бас қосып, Күршімге әдейілеп ат басын бұрған облыс әкімі Даниал Ахметовті асыға күтіп отырған. Межелі уақытта аймақ басшысы да келіп, емен-жарқын әңгіме басталып жүре берді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бүгінде әкімдер бұрынғыдай жылына бір рет есеп берумен ғана шектелмейді, – деп бастады сөзін өңір басшысы. – Бұдан былай олар халықпен ай сайын кездесіп, жұрт көкейіндегі мәселелерге жіті құлақ түріп отыруға тиіс. Мұның өзі қоғамдағы өзара диалогты нығайтып, елдің әкімдерге деген сенімін арттыра түсетіні сөзсіз. Құдай қаласа, әлі талай мәрте жүздесеміз.
Осыдан кейін кезек алған аудан әкімі Дулат Қажанов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы көлемді баяндама жасап, тыңдарман қауымды былтырғы және биылғы төрт айда қол жеткен табыстардан құлағдар етті.
Ары қарай аймақ басшысы жалпы облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, саяси ахуал жайлы әңгімелеп, ауыл халқына белгісіздеу болып жатқан көптеген мәселеге тоқталып өтті. Өңір басшысы өткен мезгіл ішінде облыс көлеміндегі барлық салада алға басу бар екендігін, 8 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, 88 мың отбасының пәтерге ие болғанын, олардың ішінде 2190 көпбалалы отбасының баспана алып, қуанышқа кенелгенін тілге тиек етті. Бұдан соң ол қаңтардағы қасіретті оқиғаны еске салып, ел көңілінің әлі де алаңдаулы екенін, бұның бәрі халқымыз үшін үлкен сын болып, өмірге деген көзқарасымызды түбегейлі өзгерткенін атап айтты.
– Біз Жаңа Қазақстанды құруға тиіспіз, – деді өз сөзінде Даниал Ахметов. – Сол жолда жұмыла еңбек етіп, барымызды сала тер төгуге тиіспіз. Өйткені біздің басқа Отанымыз жоқ…
Марқа өңірін дамытуға қаржы бөлінді
Бұдан соң өңір басшысы алдағы уақытта саяси партияларды тіркеу, сайлау процесін жеңілдету, сот және құқық қорғау жүйелерін, елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру мәселелерін ортаға салып, барынша ұғынықты түсініктер берді. Сонымен бірге білім беру саласына қойылатын жаңа талаптар жайында әңгімелеп, бүгінде бұрынғы қазақ, орыс, ағылшын тілдерімен қатар облыстағы 19 мектепте неміс және француз тілдерінің енгізілгенінен хабардар етті.
– Шекара маңындағы ауылдарды дамытудың кешенді жоспары шеңберінде 5 жыл мерзімге 231 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде Күршім ауданына 61 млрд. теңге тиесілі болатын. Мен Марқа өңірін дамыту жоспарына деп тағы да 4 млрд. теңге бөлгізіп отырмын. Ал атағы бүкіл республикаға әйгілі болып отырған Бұқтырма су қоймасы үстінен салынып жатқан көпір құрылысы бүгінде 51 млрд. теңгеге бағаланып отыр. Биыл оған 10 млрд. теңге бөлініп, құрылыстың жүріп жатқанын көріп отырсыздар. Алдағы жылы осы мақсатқа тағы да 20 млрд. теңге бөлеміз. Сөйтіп, бұл көпірді 2,5 жыл ішінде аяқтауды жобалап отырмыз, – деді облыс әкімі.
Осылай деп жұртшылықты көптеген келелі жайлардан құлағдар етіп өткен облыс әкімі сөзін «маған қоятын сауалдарыңыз болса, жауап беруге даярмын» деген лебізімен тұжырды. Ал сұрақ қоюға ниетті жандар баршылық еді. Алдымен сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ақтекенов осыдан бірер жыл бұрын кездескенде көтерілген мәселелер – көпір құрылысы мен шекаралық ауданды дамыту жайы болса, бұлардың екеуінің де жүзеге асып жатқанын көлденең тартып, жасаған көмегі, қолдауы үшін Президентке және өңір басшысына алғыс айтты.
Келесі сөз алған зейнеткер Н.Қайыров Зайсаннан Күршімге газ тарту мәселесін көтерген еді, оған облыс әкімі Зайсан газының көлемі аз болғандықтан Күршімді қамтуға жеткіліксіз екендігін түсіндірді. Есесіне Тарбағатай өңірінде зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, егер ол жақта газ қоры мол болса, облысты тегіс қамтуға мүмкіндік болатынын жеткізді.
Бұдан соң Марқа өңірінің тұрғындары сөз алып, ауданды қайта ашу жайын қозғады және Марқакөлдегі №2 соттың жабылғалы жатқанын айтып, халыққа аса қажетті осы мекемені орнында қалдыруды сұрады. Ал Даниал Ахметов бұл жайды дереу қарап, бір шешімге келтіретінін айтты. Бұдан кейін толғақты мәселе ретінде Марқакөлде невропатолог, пульмонолог дәрігерлердің жоқ екендігі, «үй берілсе, жас мамандар ауылға келер еді» деген пікір айтылды.
Аудандағы талапқа сай келмейтін интернет байланысы, оңайлықпен қол жетпейтін тендердің жайы, малына сүйенген ауыл тұрғындарын тақырға отырғызып жатқан бруцеллез туралы өткір-өткір мәселелер ортаға салынды. Сонымен бірге Марқакөл көліне дейін асфальт жол салынса, бұл туризмнің дамуына үлкен ықпал етер еді деген тілектер де естілді. Сондай-ақ ауданда сот-медициналық сараптамасының жоқтығы шынымен толғақты мәселеге айналып отырғаны, ол үшін жұрттың Көкпекті мен Үлкен Нарынға сандалып жүргені айтылды.
Қарияларға қандай міндет жүктелді?
Аталған жайларды мұқият тыңдаған облыс әкімі Даниал Ахметов оларға жеке-жеке жауап қайтарып, өз құзіретіндегі мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететінін, ал кейбірінің шешімін жағдайға байланысты амалсыздан кейінге қалдыруға тура келіп отырғанын жасырмады.
Осыдан кейін сөзін қарияларға арнаған облыс әкімі: – Біздің негізгі мақсатымыз – ұлтаралық келісім, бейбітшілікті сақтау, ал желкілдеп өсіп келе жатқан жас буынды осы бағытқа тәрбиелеу, жақсы жолға жетелеу – сіздердің міндеттеріңіз, осы жолда барынша белсенділік, ынталылық танытыңыздар, – деп тілегін айтты.
Келелі жиын аяқталған соң ат басын аудандық орталық ауруханаға бұрған Даниал Ахметов ондағы перзентхана бөлімшесінде болып, дәрігерлердің жағдайымен танысты, бөлімшеге жаңадан әкелінген құрал-жабдықтарға зер салды.
Бұдан шыққан бойда коронавирус індетін емдеуде үлкен рөл атқарған ПТР бөлімшесіне кіріп, ахуалмен жақын танысқан соң мұндағы жағдайлардың барлығына разы екендігін аңғартты.
Хасен Зәкәрия, Күршім