Қоғам

Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Қытайда болып қайтты

Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Қытайда болып қайтты

Шығыс Қазақстан Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялық аймағымен сауда-экономикалық байланыстарын одан әрі нығайта түспек. Шекаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру және көрші елдегі инвесторлардың Қазақстандағы жобаларға қатысуы сияқты келелі мәселелер осы жолы Үрімші қаласында ұйымдастырылған екіжақты кездесулер барысында жан-жақты талқыланды. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ бастап барған шығысқазақстандық делегация екі күн бойы қытайлық кәсіпкерлерді Шығыс өңірінің инвестициялық әлеуетімен таныстырып, оларды өңірдегі ірі экономикалық жобаларға белсенді араласуға шақырды.
Көршілеріміз біздің елден барған делегацияны әуежайдан зор құрметпен күтіп алды. Шекаралық ынтымақтастықты нығайту, бизнесті бірлесіп өркендету жайы бірден Шыңжан аймағы халық үкіметінің төрағасы Шохрат Закирмен өткен кездесуде әңгіменің өзегіне айналды. Кездесуде аймақтар арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және мәдени байланыстарды нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
– Шығыс Қазақстан – еліміздің ірі индустриялық-аграрлық аймақтарының бірі. Өңірдің экономикалық әлеуеті өте зор. Және біз үшін сіздердің елдеріңізбен, әсіресе, Шыңжан-Ұйғыр автономиялық аймағымен әріптестік орнатып, оны ары қарай дамыту ерекше маңызды. Жалпы, біздің облыс Қытай Халық Республикасының аймақтарымен қашан да тығыз қарым-қатынаста болған. Енді байланыстарымызды жаңа деңгейге көтеретін уақыт жеткен сияқты, – деген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ өз сөзінде облысымызда алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс бірқатар жобаға да жеке-жеке тоқталды.
Олардың ішінде ең алдымен Семейдегі болашақ электр станциясының жобасын айтуға болады. Аталмыш стансаның құрылысына шамамен 700 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаражат қажет.

Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Қытайда болып қайтты

– Біз үшін бұл ең маңызды жобалардың бірі деп айтуға толық негіз бар. Болашақ стансаның жобасын әзірлеп те қойдық, – деді облыс әкімі. – Дұрыс түсініңіздер, біз көмек сұрап келген жоқпыз, тек қытайлық кәсіпкерлерге бизнесті бірлесіп өркендету жөнінде ұсыныс жасап отырмыз.
Өз кезегінде Шыңжан аймағы халық үкіметінің төрағасы Шохрат Закир бұл келіссөздер екі өңір арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге шығаратынын айтып, шығысқазақстандық делегация жұмысына сәттілік тіледі.
– Қазақта да, қытайда да «Алыстағы туысыңнан, жақындағы көршің артық» деген тамаша бір нақыл сөз бар. Біздің аймақ үшін Шығыс Қазақстанның орны қашан да бөлек екенін айтқым келеді. Ал осы жолғы келіссөздер арамызды одан сайын жақындата түседі деп үміттенемін. Жалпы, сіздердің облыстарыңызбен металлургия, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында байланысымызды нығайтуға мүдделіміз. Сондай-ақ, екі аймақ, екі ел арасындағы алыс-беріс мөлшерін арттыруға, экономикаларымызды өркендетуге «Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуі» де тамаша мүмкіндік бермек. Мұны Қазақ еліне жасаған ресми сапары барысында Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мырза да айрықша назарға алған болатын, – деді Шохрат Закир.
Жиын соңында екі өңір басшылары бірқатар саладағы өзара ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандумдарға қол қойды.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ бастаған Шығыс Қазақстан облысының ресми делегациясы сонымен қатар, Қытайдың алып корпорация басшыларымен де кездесулер өткізді. Кездесулер барысында шетелдік бизнесмендер Қазақстандағы инвестициялық климаттың жақсы екенін айтып, қаржыларын табысты еселеп табуға кепілдік беретін елге ғана әкелетінін жасырмады.
Бұл ретте «Шығыс Қазақстан облысы Қытайдың инвесторларын екі жаққа да тиімді болатын үлкен жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырады», – деген аймақ басшысы әрбір ірі компанияның басшысымен жеке-жеке кездесіп, осы жөнінде тиісті келіссөздер жүргізді.
Кездесуде талқыланған мәселенің бірі Қазақстан мен Қытайды жалғайтын «Майқапшағай-Шар» теміржолына қатысты болды. Құны 1,4 миллиард долларды құрайтын аталмыш жоба жүзеге асса, қос ел арасындағы экономикалық байланысы тіптен нығайып, теміржол бойындағы халықтың әл-ауқаты анағұрлым жақсаратыны сөзсіз. Сондай-ақ, облыс аудандарының бірінде құс фабрикасын салу мәселесі де тараптармен қызу талқыға түсті.
Келіссөздер барысында Даниал АХМЕТОВ инвесторларды болашақта Шығыс Қазақстан облысының аумағында пайда болатын тағы бір алып нысан – Тұрғысын су электр стансасының жобасымен де таныстырды.
Жиында белгілі болғандай, бүгінде Шығыс Қазақстан мен Қытай елі арасындағы сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі 527 миллион доллардан асып отыр. Оның ішінде экспорттың үлесі 353 миллион долларды құраса, импорттың мөлшері 174 миллион долларға жетіпті.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында қытайлықтармен бірлескен 52 кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын атап өткеніміз орынды. Қазақстанға осы елден қосымша инвесторларды тарту мақсатында бұл күндері Үрімші қаласында үлкен бизнес-форум да ұйымдастырылды. Ауқымды шараға Шыңжан өлкесімен қатар, Шанхай, Бейжің, Гонконг қалаларынан барлығы 160-қа жуық компания өкілдері қатысты. Форумда шығысқазақстандық делегация мүшелері қонақтар назарына бірқатар ірі жобаны ұсынып, мемлекет тарапынан шетелдік инвесторларға берілетін жеңілдіктерді егжей-тегжейлі түсіндірді.
Жиын соңында екі ел кәсіпорындары бірнеше жобаны бірлесіп жүзеге асыру жөнінде меморандумдарға қол қойды. Олардың ішінде «Еуразия агрохолдингі» компаниясы мен «Рифа Инвестмент» ЖШС-нің Аягөз ауданы, Мамырсу ауылдық округіндегі мал сою цехының құрылысы, «Бәтуә» ЖШС мен «Bin Tuang» компаниясының Үржар ауданында ирригациялық жүйе құрылысы, «SanBaoShengjile» компаниясының Шығыс Қазақстан облысында мал шаруашылығы кластерін дамыту, «LunXin» компаниясы мен облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ауылшаруашылығы дақылдарын өңдейтін зауыт құрылысы, «Восток Агрохолдинг» ЖШС мен «ЕМА» корпорациясының рапс және күнбағыс тұқымын өңдеу, «Танба Ху» ЖШС мен Зайсан аудандық әкімдігінің Зайсанда балық зауытын іске қосу, «Иртыш-Т3» ЖШС мен Зайсан аудандық әкімдігінің Зайсанда шағын тракторлар, мотоциклдер, жылу батареяларын шығару, «Куа бол Пеншен» ЖШС мен Үржар аудандық әкімдігінің цемент-бетон бұйымдарын шығару жобалары бар. Олардың жалпы құны 468, 790 млрд. теңгені құрап отыр.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button