Даниал Ахметов облыс әкімі: – Рухы азат елдің ғана арманы асқақ болмақ

Батырларға ұран, бабаларға арман болған қастерлі Тәуелсіздік – замандастарымыздың басына бақ болып қонған ұлы құндылық. Жаңа дәуір жылнамасына шежіресі жазылып, рухани дүниесі жаңғырып жатқан өр Алтай, қарт Шыңғыс, ерке Ертіс пен нұр Зайсан елі нендей ісімен ерекшеленді?
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында редакциямызға арнайы келген облыс әкімі Даниал Ахметовпен сұхбат барысында осы сауалдарға жауап алған едік.
– Даниал Кенжетайұлы, халқымыз үшін аса маңызды да ұлық мереке қарсаңында сұхбат бергеніңізге ризашылық білдіреміз. Егемендік елімізге не берді?
– Кез келген ұлт пен халық үшін тәуелсіздіктен асқан, тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ! Осыдан 27 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, мемлекеттілігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде бүкіл әлемге танылды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың толағай табысы, еліміздің қарқынды дамуы – тұрақтылық пен береке-бірліктің арқасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі.
Осы уақыт аралығында тәуелсіз Отанымыз жаһандық үдерістер мен бейбітшілік миссияларының бел ортасында болып, ғаламдық маңызы бар бастамалардың ұйтқысына айналды. Әлем бізді бейбітшіліктің «қара шаңырағына» балайды. Сөз жоқ, мұның барлығы – біздің бірлігі бекем халқымыздың жасампаз еңбегі, Елбасымыздың әлем алдындағы үлкен саяси беделінің көрінісі.
Түркі әлемінің «темір қазығы» болған өр Алтай елі де осы тәуелсіздік жылдарында өрлеу үстінде келеді. Рухы биік, намысы үстем бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау болса, біздің асыл мұратымыз – осы Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтап, тұғырын берік, ғұмырын баянды, Мәңгілік ету!
Ұлы Президентіміз – «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақстандықтарды өз тарихымен мақтанып, жасампаздығымызды сақтауға шақырды. Демек, біз өткенімізді мақтан тұтып, бүгінімізді нақты бағалап, жаңа көзқараспен, ел дамуы жолында бірлесе, табанды қызмет жасауымыз керек. Киелі Тәуелсіздік әрқайсымызға өшпес рух сыйлайды деп сенемін!
– Иә, осы рух тарих пен оны жасаушы тұлғаларға деген көзқарасты да өзгертті. Ата-бабаларымыз кіндік кесіп, кір жуған атамекендер атаулары өзгеріп жатыр. Жалпы, ономастика саласындағы оң өзгерістер туралы айтсаңыз.
– Дұрыс айтасыз, рухы азат елдің ғана арманы асқақ болмақ. Ол рухты бізге сыйлаған – Тәуелсіздік!

Ұлы замандасымыз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен оның жалғасы ретінде таяуда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала тарихты таразылау, дәстүрдің озығын дәріптеу, барымызды жоғалтпай, келешек ұрпаққа жеткізу арқылы ұлттық сананы жаңғыртудың нақты жолдарын көрсетеді. Еліміздегі үлкен өзгерістерге қозғау болып отырған бұл құжаттар идеологиялық тұрғыдан жүргізіліп жатқан салиқалы саясаттың жемісі екендігін мойындауымыз керек. Мемлекет басшысы төл тарихымыздың тереңіне үңіліп, ғылымның бүгінгі жетістігі тұрғысынан қарайды. Әлемдегі жаһандық өзгерістердің көшінен қалмау үшін Ұлы даланы мекен етіп жатқан біздің халықтың бүгінгі ұрпақтарын кешегі ата-бабадан қалған керемет рухани мұраны көздің қарашығындай сақтауға үндейді.
Қазақстанның Шығысы – бірнеше мемлекетпен шектесіп жатқан көпұлтты аймақ. Тарихы қатпарлы өңірден соңғы жылдардың өзінде теңдессіз жәдігерлер табылды. Біз арнайы бағдарлама қабылдап, Алтай мен Тарбағатай, Шыңғыстау мен Көкентаудың баурайын зерттеуді қолға алдық. Себебі археология мен тарих ескерткіштері, өнер мен рухани құндылықтар тоғысқан бұл өңірлер – Қазақстан халқының сан қырлы мұрасын қалыптастырып, ұлттық бірегейлігін сақтауда маңызды мәнге ие.
Шілікті мен Берел, Елеке сазындағы қорғандардан табылған б.э.д. VIІI-VII ғасырлық жәдігерлер сол заманның өзінде ата-бабаларымыз табиғатпен үйлесім тауып, металлургия мен зергерлік өнерді терең меңгергенін көрсетеді. Елімізге есімі белгілі қазақстандық археологтар – Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың басшылығымен соңғы үш жылда жүргізілген зерттеулердің арқасында БАҚ өкілдері «дала амазонкасы» атап кеткен сақ патшайымы мен «алтын бозбала», 19 мыңнан астам артефакті табылып, ұлттық тарихи қорымызды құнды деректермен толықтырды. Бұның барлығы Алтайдың адамзат өркениетінің ошағы, түркі әлемінің алтын бесігі болғанын толық қуаттайды.
Кешегі кеңестік қоғамның саяси жүйесіне тәуелді болған заманда ұлтымыздың осы бір бай тарихын әйгілейтін, ата-бабаларымыздың жер мен судың табиғи ерекшеліктеріне қарай берген атауларын халықпен санаспай, жаппай өзгерту белең алды. Бұл үрдіс тек біздің елімізде ғана емес, Одақ құрамында болған республикалардың бәрінің де басында болған ауыр жағдай.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасының негізгі мақсаты да атамекеннің әр сайы мен қырқасының, өзені мен жер атауының рухани-танымдық маңыздылығына айрықша мән беріп, жас ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизм тұрғысынан тәрбиелеу.

Біз бір нәрсені мұқият түсінуіміз керек. Ономастика – жүрдім-бардым қарайтын, бір күнде, тізеге басып, өзгерте салатын мәселе емес! Бұл – кезең-кезеңмен, халықпен ақылдаса отырып шешілетін жауапты іс. Осыны ұғу керек.
– Облыс орталығы – Өскемендегі оң өзгерістер туралы қалам тартпаған журналист жоқ шығар?!.
– Иә, бір ғана Өскеменнің өзінде соңғы екі жылда 41 көше атауы өзгерді. Бұл бағытта біздің нақты бағдарымыз бар. Кез келген өзгеріс халықтың оң бағасын алуы үшін оның қазақстандық бірегейлікке, тәуелсіздік идеалдарына, тарихи маңыздылығына сәйкес болуы аса маңызды.
Халық кешегі өткен кеңестік-коммунистік режимнің де көлеңкелі тұстарын білуі керек. Ұрпағымыз қай көшемен келе жатқанын, ол көшенің кімге арналғанын, ол адамның қандай болғанын нақты білгенде ғана, біз рухани жаңғырамыз.
Мысалы, Дзержинский, Орджоникидзе, Ворошиловтар кім? Оларға көше берерліктей қандай ерлік жасады? Қазаққа, жалпы бұқара халыққа олардан тиген пайда бар ма? Жоқ! Бірі қанады. Бірі тонады. Бірі халықты шыбынша қырды. Ал бүгінгі ұрпақ сол кезеңдегі бүкпесі көп тарихты біле ме? Білмейді!.. Біздің мақсат – соны түсіндіру.
Өскеменде Карл Маркстің есімі берілген күре жол Қаз дауысты Қазыбек би көшесі деп атала бастады. Қазыбек би деген кім? Ол – осынау жеріміздің шетін жау баспасын деп үлкен саясат жүргізген тұлға. Сол жерді бүгінде 130 ұлттың өкілі «Қазақстаным» деп, емін-еркін басып жүрген жоқ па?!
Облысымызда сегіз мыңдай көше, мыңнан артық әкімшілік-аумақтық бірлік бар. Соңғы екі жылда 314 көше атауы ауысты. Облыстық ономастикалық комиссия биылдың өзінде төрт отырыс өткізіп, 478 мәселені қарап, 321-і бойынша оң шешім қабылданды. Оның ішінде 291 көше, 14 әкімшілік-аумақтық бірлік, тоғыз нысан бар.
Рухани жаңғыру басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды ғана көрсету үшін жасалмайтынын үнемі алға тартып отырамын. Бұл жерде үлкен жауапкершілік қаншама ұлттың басын қосып отырған қазақ халқына тиесілі екенін ерекше атаған жөн. Біз тарихи тағдыр тоғыстырған көпұлтты, біртұтас елміз. Сондықтан нақты ғылыми деректерге сүйеніп, жаһандық тарихтағы өз орнымызды байыппен әрі дұрыс пайымдай отырып, елімізді мекендеп жатқан басқа ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарауға тиіспіз. Бүкіл қазақстандықтардың мүддесі бір арнаға тоғысқанда ғана, шешім дұрыс болады.
Мысалы, Антон Чехов әлемдегі ең ұлы жазушылардың бірі деп танылған дарын иесі. Ол – әлем әдебиетінің классигі. Оның шығармаларымен бірнеше ұрпақ сусындап өсті. Мұндай адамға көше атын беру орынды деп есептеймін. Сол сияқты ойшыл, әлемнің ұлы жазушысы Лев Толстойдың да орны ерекше. Шәкәріммен хат алысқан кемеңгер жазушының елімізге қатысы жоқ деп кім айта алады?
Александр Затаевичтің қазақ өнерінің жанашыры болғанын бәрі біледі. Ол – Ақан сері, Біржан сал, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Мұхит, Дәулеткерей, Тәттімбет шығармаларын алғаш рет жарыққа шығарып, ұлттық дәстүрлерді сақтаушылар мен дамытушылар жайында қайталанбас деректер жазып қалдырған этнограф. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» қазақ өнеріне қосқан баға жетпес байлық деп есептеймін. Ендеше, бір көшемізді осындай адамның құрметіне неге атамасқа?!
ХIХ ғасырдың 30-жылдары азаттық жолында билік диктатурасына қарсы болған саяси күрескерлердің көбі патшалық Ресейден жер аударылып, қазақ жерін паналаған. Солардың бірі – Адольф Янушкевич. Шығыс Қазақстанды түгелдей дерлік аралап, оның ішінде Семей, Аягөз жерлеріндегі сапарларынан құнды деректер жазып қалдырған саяхатшы Янушкевичтің еңбегін қазақ елі тарихындағы құнды дүние емес деп кім айта алады?! Олай болса, жүз алпыс жылға жуық тарихы бар поляк-қазақ мәдени-әдеби байланысының көш бастаушысы болып саналатын Янушкевичке бір көшемізді неге бермеске?!
Ал енді, Дмитрий Менделеевтің әлемдік ғылымдағы орнын кім білмейді? Оның периодикалық жүйесін бүкіл дүниежүзі қолданып отырған жоқ па?! Сол сияқты тұңғыш ғарышкер болған – Юрий Гагарин. Оның аэроғарыш саласына қосқан үлесін бүкіл әлем мойындаған. Олай болса, Менделеев пен Гагаринге берілген көше атауларын өзгерту керек пе? Жоқ! Олар – бір ғана ұлтқа емес, барша адамзат өркениеті үшін қызмет еткен, ғылымда үлкен бетбұрыс жасаған тұлғалар.
Ұлтты, халықты біріктіруші атаулар болады. Мысалы, Тәуелсіздік, Достық, Ынтымақ, Бірлік сияқты. Бұл – мемлекеттік деңгейде базалық құндылықтарымызға айналған киелі ұғымдар. Оны халық та түсініп, өздері қолдау білдіріп келеді. Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында ерлік көрсетіп, батыр атанған жерлестеріміз бар. Оларды да ұмытуға болмайды. Зырян ауданының үш мектебіне Кеңес одағының батырлары В.С.Харин, А.Б.Бикетов және С.М.Суминнің, Көкпекті ауданы, Самар ауылының Мәдениет үйіне Ұлы Отан соғысы ардагері И.К.Федосовтың есімдері берілді.
Атаулары табиғи ортасына байланысты қойылған көшелер болады. Луговая, Набережная, Степная, Заречная сияқты. Олардың саясатқа, не идеологияға қатысы жоқ қой. Жергілікті халықтың өз қалауымен, қабылдауына ыңғайлы болған соң аталып кеткен.
Жалпы, көшеге ат беруде оның қашықтығына, орналасқан орнына, тұрып жатқан халықтың ұлттық құрамына ерекше назар аударылуы тиіс деп ойлаймын.
– Даниал Кенжетайұлы, халық бастап, өзіңіз қостап, Зырян қаласы мен осы аттас ауданға Алтай атауын беру туралы ұсыныс бір ғана Шығыс емес, күллі Қазақстан халқын серпілткен жаңалық болды. Зырян Алтай бола ма?
– Әрине болады! Бүтіндей түркі елі үшін қасиетті мекен, киелі жер атанған Алтай атауын Зырян қаласы мен ауданға беру туралы жергілікті қауымдастықтың 20 мың адам қол қойған өтініші мен 239 жиналыстың қорытындысы бойынша ұсыныс-тілектер ең алдымен аудандық, кейін облыстық деңгейде қаралып, Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияға ұсынылды. Мәселе бірауыздан мақұлданған. Қазір тиісті ұйымдастыру-рәсімдеу шаралары жүріп жатыр.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақстан тарихын заманауи ғылым тұрғысынан қарауды тапсырды. Бүгінде зор мәдени жетістіктер даламызға сырттан келмегенін, керісінше, көпшілігі осы өлкеде пайда болып, кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге тарағанын ғылым дәлелдеді.
Бір ғана Шығыс Қазақстаннан табылып жатқан жәдігерлер бабаларымыздың өз заманында ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтар жасағанын толық айғақтайды. Осының барлығы Ұлы даланың тарихтағы орнын жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Бұл жерде басқа халықтың рөлін төмендетіп, өзімізді жоғары санауға болмайды. Себебі біз – әлемдік өркениеттің бір бөлшегіміз. Сондықтан нақты ғылымға сүйеніп, жаһандық тарихта өз орнымызды байыппен дұрыс пайымдауға тиіспіз.
Елбасы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі өркениеті, Ұлы Жібек жолы, қазақстандық алма туралы айтып өтті. Бұның барлығы – Шығыс Қазақстанмен, оның ішінде Алтаймен тікелей байланысты. Бұл туралы әңгіме басында айттым.
Олай болса, Алтай атауының аудан мен қалаға берілуі заман талабына сай, халықтың бірауыздан қабылдаған оң шешімі деп бағалаймын.
– Сонда тарихи атауларды «Рухани жаңғыру» тұрғысынан қайта қарау жалғасады ғой.
– Жалғасады! Бұл – заман талабына сай маңызды мәселе. Бірақ қайталап айтамын, бұл жерде науқаншылдыққа салынбау керек. Атасының атын ауылға, көкесінің есімін көшеге беруге жол жоқ. Барлығы халықтың өз қалауымен, саналы түрде жүретін болады.
– Даниал Кенжетайұлы, оқырман талай сауалға жауап алды. Мағыналы әңгімеңіз үшін алғыс айтамыз, еңбегіңізге жеміс тілейміз!
Сұхбаттасқан – Уәлихан Тоқпатаев