ТОП

Даналықтан өрбіген дала заңдары

Тарихтың тереңіне бойласақ адамзатты тәртіпке салып, табиғат тепе-теңдігін сақтауға бағытталған байырғы заңдардың легі көп. Тіпті әуелгі заңдардың кейбірі әдет-ғұрып, салт-дәстүрге айналып кеткен. Бабаларымыз ұлағатты ұрпағын бүгінгідей заңды қағаз бетінен жаттауға емес, бала күнінен сана мен жүрекке хаттауға дайындаған. Сондықтан да болар дала заңы даналық деңгейіне жетіп, әр тайпа әділеттілікке үстемдік берген.

Дала заңдарының ішіндегі адамзаттың ар-намысы мен қоршаған ортаны қорғауға қатысты тармақтарының көбі уақыт сүрлеуінен өтіп, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ырым-тыйымға айналып кеткендері жетерлік. Мысалы, сол заманда қазіргідей қолхат алып, келісім жасап жүрмей-ақ «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені» деген даналыққа сүйей салған. Ал көркем табиғатты иесімен емес, киесімен қорқыту арқылы сақтап келді. Осының бәрінің түп қазығы – уәде болатын. Уәдеден тайғанның тағдыры ар мен ұяттың таразысына салынып, халықтың қарғысымен шектелетін. Осындай даналық деңгейіндегі дала заңдары «Әдет», «Жасақ», «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Жеті жарғы», «Қарамола ережесі», «Абақ керей ережесі» қатарлы ережелермен жалғасын тауып, Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясымен ұштасып отыр.

Әуелгі заң – Әдет

Қазірге дейінгі құқықтық қағидалардың қайнар көзі – «Әдет». Бұл заңның басты қағидасы түркілердің Тәңір алдында теңдікті мойындауы еді. Заңы қатал, жазасы ауыр болған. Қанға-қан қағидасын ұстанып, жазалының аяғы сынса, кінәлінің де аяғын сындырған. Адамзаттың алтын бесігі, күллі түркінің түп қазығы Алтайдан тамыр алған түркі халқының әуелгі заңы еді бұл. Алғашқы географиялық аумағы Орхон-Енисей арасы, Шығыс Түркістан, Моңғол жері, қазіргі қазақ даласы, Орталық Азия және Кавказға дейін аралық болатын. Осы өлкеде «Әдет» заңына бағынған халық өз заманына сай өркениет көшіне ілесіп, бейбіт ғұмыр кеше білді. Бұл заңның келесі жалғасы – «Білік» болатын. Әділеттілік ілімі саналатын «Білікті» зерттеушілер осыдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген Арыс бидің даналығымен көбірек ұштастырады. Осылайша ежелгі түркі ұлысының дамуы мен бейбіт өмір сүруіне «Әдет» пен «Білік» заңдарының ықпалы зор болды.

Жауынгерлік жолындағы «Жасақ»

Дүрмегі дүниені дүр сілкіндірген Шыңғысхан заманының «Жасақ» заңы төрт ғасырға жуық уақыт түркілерге төрелік еткен. Бұл заң тарих парақтарында «Яса» деп те аталады. Заң көшпелі жұрт күн кешкен дала қағидалары мен ұстанымдарын ретке салып отырған. Бұл заңды 1206 жылы Шыңғысханның кеңесшісі әрі қолбасшысы Майқы би жазған деседі тарихшылар. Бұл заң күнделікті өмірдің қағидаларына негізделген – Білік заңын, билік пен мемлекет соты – Төрелікті, әскери тактика мен стратегия – Жасақты қамтыған әділетті әрі жазасы қатал заң ретінде тарихқа таңбаланды.
Заңның түп қазығы түркілердің қанатын кеңге жайып, мемлекетін ұлғайтуға бағытталды. Соғыс жүргізу бағыты басты назарға алынды. Сондықтан да болар өзін-өзі хан деп жариялау, әдейі алдау, үш рет барынан айырылу, қашқын тұтқынды немесе құлды жасыру, соғыста жәрдем бермеу, майданнан қашу, сатқындық, ұрлық жасау, жалған куәлік беру, үлкендерге құрмет көрсетпеу қатарлы қылмыстарға қатаң жаза таңайындалып отырған. Қатаң жаза, қатал тәртіптің арқасында кең далада төрт ғасырға жуық уақыт тыныштық орнап, сауда-саттық, өнеркәсіп дами түскен.

«Қасым ханның қасқа жолы»

Қазақ халқының дәстүрі мен салтына, әдет-ғұрпына, өмір сүру салтына негізделген алғашқы заңдардың бірі – «Қасым ханның қасқа жолы». Сонау XIV ғасырда қазақ хандығы құрылып ұлы далының төсінде хан сайлаған болатын. Кейін 1511 жылы Жәнібектің ұлы Қасым билік тізгінін қолға алып, заман талабы, ел мүддесіне сай етіп осы заңды ұсынады. Баба ғұрып қағидалары қатталған «Әдет» пен «Жасақ» заңдарын негізге алады. Бұл заң да мемлекеттің нығаюына бағытталған. Бес бөлімнен тұратын бұл заң да тарихқа қатталып, санада сақталып бүгінге жетті. Бірінші бөлімде жер және жесір дауына орай құн төлеу, салық төлеу мәселелері қарастырылған. Екіншіде – қылмыс пен жаза өлшемдері белгіленген. Үшіншісінде – әскери тәртіп пен оны бұзушыларға қолданылатын жаза түрі, ал төртінші бөлімде – елшілік қарым-қатынастар айқындалған. Бесінші бөлім халықтың ата-дәстүріне арналған. Түгел жұртқа тура ізге салып, әділдік қылған заң «Қасым ханның қасқа жолы» аталып ғасырдан-ғасырға қадам басты.

«Есім ханның ескі жолы»

Жылдар жылжыған сайын заңдар жетіліп, заман талабы мен жаһандық үрдіске сай өзгеріп отырды. Елдікті сақтап, егемендікті нығайта түсуді көздеген хандардың бірі – Есім хан. Есім хан ел тізгінін ұстаған XVI ғасырдың аяғында хандықтың саяси жағдайы күрделене түскен. Сырдария маңындағы қалаларға иелік ету үшін Бұхара хандығымен болған соғыс ұзаққа созылады. Ел арасында билікке деген сенім азая түседі. Сондықтан жұртты жұмылдыру үшін заңның қатал болуы қажет болды. Осыны ескерген Есім хан өзінің құқықтық ережесін жасап, жұртты бейбіт жолмен жүруге бағыттады. Осылайша ол заң тарихта – «Есім ханның ескі жолы» деген атпен қалды.
Билерге құқық берген «Жеті жарғы»

Есім ханның ескі жолының жалғасы ретінде «Жеті жарғы» тарих пен тағдырға таразылық жасады. Бұл заң арқылы билер шешім шығарып, әділдік әліппесін даналықпен қабыстырды. Халық арасындағы даулы істерге билер шешім шығарып, түйін қоятын болған. Билер тұрақты жалақы алмайтын болғандықтан әділетті шешімін табыстары сот ісіндегі даудан өндіріліп отырған. Ауыл арасындағы ұсақ-түйек дауларды ру билері, кейбір күрделі мәселелер мен тағдырлы істерді тайпа мен жүздің билері бірлесе шешетін болған. Сондықтан да Тәуке ханның тұсында билер кеңесінің беделі өсті. Ұлы жүзде – Төле би, Орта жүзде – Қазыбек би, Кіші жүзде – Әйтеке би төрелік етті. Қазақ тарихында бұл үш бидің ойып алар орны бар. Әділдікке үстемдік берген билер ретінде ұрпақ жадында сақталып келеді.
Кейінгі аумалы-төкпелі заманда ұлт жадынан ұмытыла бастаған заңның үзінділері бізге этнограф А.Левшиннің жазбалары арқылы жетті. Бұл заңның негізінде: адам қанын төгу, тонау, ұрлық, зорлау, зинақорлық, жақынына үйлену, біреудің әйелін оның келісімінсіз алып қашу өлім жазасына бұйырылған. Жеті куәгер болған жағдайда Құдайды әшкерелеген адамның жазасы да өлім болған. Десе де кейбір жазалар билердің шешімімен жеңілдетіліп, құн төлеу арқылы қылмыскер жазасын жеңілдетіп отырған. Мысалы, өлтірілген ер адам кұны – 1000, әйел кұны – 500 қой. Сұлтан өлтірілсе, жеті кісінің мөлшерінде, яғни 7000 қой берілген. Күйеуін өлтірген әйел өлім жазасына кесілген. Ондай әйелді тек күйеуінің туысқандары кешірген жағдайда ғана болмаса, ешқандай құн төлеуі құтқара алмаған. Бірақ бұл ереже аяғы ауыр әйелдерге жүрмеген. Тек өмір бойына қарабет атанатын болған. Бұл заңға сәйкес мал ұрлаған ұры алдымен малды қайтарып берген және оның үстіне үш «тоғыздан» тұратын айып төлейтін болған. Мысалы, түйе ұрлағаны үшін бірінші тоғыз – тоғыз бас түйе, екінші тоғыз – тоғыз бас жылқы, үшінші тоғыз – тоғыз бас сиыр, барлығы 27 мал айып төленуі тиіс болған. Бір кемшілігі бәлкім артықшылығы әйелдерге көп құқық берілмеген. Бұл қағида «Әдет» заңында да болған. «Жеті жарғы» бойынша әйелдер сот ісіне куәгер бола алмаған. Сондай-ақ халықтық жиындарға әр қазақтың қарумен баруы міндеттелген. Егер қарусыз келген жағдайда дауыс беру құқығына қол жеткізе алмаған. Заң аясында әрбір рудың, тайпаның өз таңбасы белгіленген.
Ел мен жер еркіндігі үшін жүзеге асырылған «Жеті жарғы» заңы жылдар бойы халықтың сеніміне ие болды. Жылдарды артқа тастап, жұрнағы бізге жетті.

«Қарамола ережесі» 

«Қарамола ережесі» 1885 жылы жазылды. Осы ережені жазу үшін Шар өзенінің бойында Орта жүз рулары бас қосты. Жүзден астам би бас қосқан жиында 74 баптан тұратын «Ереже» қабылданды. Бұл «Ереже» жоғарыда аталған барлық заңдардың қағидаларын қамтыды. Бұл заңды жазуға қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев айтарлықтай үлес қосқан. Ол заңды заман талабына, елдің мүддесіне сай қылып өңдеп, көптеген өзгертулер жасайды. Жиын басында Абай төбе би сайланып, әділдікті ту етуге кіріседі. Осылайша Абай халқының талабы мен мүддесіне сай заң ережесін жазып, ұлыққа ұсынады. Бұл «Ереженің» 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасынан араб әрпімен басылып шығарылған мұқият түптелген шағын кітапша түріндегі бір данасын белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов ғұмырының соңғы кезінде Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіне табыс еткен.

«Абақ керей ережесі»

Қазақ жерінің біразы шекара шебінің сыртында қалғаны тарихтан белгілі. Жерге иелік етеміз дегендердің егемен ел болуды аңсағаны да шындық. Соның бірі – Шығыс Түркістан өкімет құру жолында ерлерін құрбан еткен қазіргі Қытай мен Моңғолия қазақтары. Олардың да арман-мақсаттарымен қатар өз заңдары болған. Ол – «Абақ керей ережесі» деп аталған құқықтық жинақ. Бұл ережені зерттеушілер Моңғолия ғылым академиясының Тарих ғылыми-зерттеу институтының қорынан тапқан. Аталған заңды құжат «Қазақтың әдет-ғұрып құқығының материалдары» атты жинаққа 1996 жылы алғаш рет енген. Ереженің екінші тармағында керейдің билері бас қосып, осы заңды абақ керей қазақтары ұстанатыны жазылған.
Ереже 17 тармақтан, 35 баптан тұрады. Онда «Үйлену, некеге отыру жайында», «Жарлы-жақыбай, кедейлерге жәрдем ету, қол ұшын беру турасында», «Несие, қарыз талап ету жайында», «Бөгдені мұқату, жәбірлеу турасында» қатарлы қағидалар қамтылған.
Заманмен бірге заңның өзгеруі де заңдылық. Даналықтан өрбіген дала заңдары қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясымен ұштасып жатыр. Әуелден қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен бабалар қалыптаған заң жолын ұстанып, ұлы дала еліне айналып келеміз.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button