БілімТОП

Dana bala болашаққа жол ашады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасау керек екенін баса айтқан еді. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында еліміздегі жоғары оқу орындар арасында алғашқы үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы ашылды. Dana bala деп аталатын орталық цифрлық, жаратылыстану-ғылыми, техникалық және гуманитарлық бейіндегі көпдеңгейлі қосымша білім беру бағдарламаларын қамтиды.

Елімізде 160 мың ерекше бала бар

– Біз инклюзивті білім беру жүйесі бойынша мүмкіндіктер көкжиегін кеңейттік. Dana bala орталығында «ЅТЕАМ» және «Дарынды балалар» зертханалары, аппараттық психодиагностика және психологиялық түзету, сенсорлық интеграция және логопед кабинеттері ашылды. Орталықта психология және дефектология саласындағы ең мықты мамандар қызмет етеді, – деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.

Dana bala орталығының басшысы Әлима Қабдуләшімқызының айтуынша, қазір республика бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 160 мың бала бар, олардың он пайызы біздің өңірде.

– Орталықта өткен ашық есік күні аясында Өскемендегі мектептердің инклюзивті білім беруге жауапты педагогтары, ата-аналар мен мектеп жасындағы балалар келіп, білікті мамандардан кеңес алып, тәжірибе алмасып тұрады. Қонақтардың қатарында Литваның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гинтаутас Васюлис болып, орталықтың қызметіне оң бағасын берді. Біздің басты мақсатымыз – психологиялық-педагогикалық зерттеулер саласында озық тәжірибеге қол жеткізу, сондай-ақ облыс және республика аумағында инклюзивті білім беру мәселелерін шешуге өз үлесімізді қосу, –дейді Әлима Әліпова.

Орталық басшысының айтуынша, ЅТЕАМ бағдарламасы Ф.Фребельдің әдістемелік жүйесін қамтиды. Сонымен қатар оқу барысында балалар тірі және жансыз заттармен тәжірибе жүргізіп, LEGO конструкцияларын жинайды. Мұнда шахмат және роботты техника кабинеттері, «Мен әлемді жасаймын» мультистудиясы жұмыс істейді.

Аппараттық психодиагностика және психологиялық түзету зертханасында A.Томатис әдісі бойынша аудио-есту жаттығулары өткізіледі, одан бөлек BOS психоэмоционалды кешені, электроэнцефалография, байланыс полиграфы (өтірік детекторы), МастерГраф графикалық редакторы бар. Психология және түзету педагогикасы кафедрасының аға оқытушысы Жанар Өтегенқызының айтуынша, бұл заманауи құрал-жабдықтардың барлығы дамуында қандай да бір ауытқуы бар балаларға сапалы диагностика жүргізіп, түзетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар балалар мен ересектердің психофизиологиялық жағдайын диагностикалау, жүйке жүйесінің тұрақтылығын қалыптастыру, зейіннің шоғырлануы мен стреске төзімділікті дамыта отырып баланың психоэмоционалды жағдайын түзетеді. Ал сенсорлық интеграция және түзету зертханасы нейрокоррекция арқылы балалардағы кейбір ауытқуларды жеңуге мүмкіндік береді.

«Дарынды балалар» зертханасы мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларды дамыту және әлеуметтендіруге бағытталған. Мұндағы білікті мамандар балалардың қозғалыс белсенділігін, ұсақ және ірі моториканы, сенсорлық-тактильді сезімталдықты және танымдық қызығушылықтарын дамытады.

Арнайы орындықтар университет цехында өндіріледі

«Роботты техника» аймағындағы робот-конструкторлардың заманауи жиынтықтарын қолдану балаларға құрастырудың инженерлік-техникалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Балалар мен ата-аналарға даму мен тәрбиелеудің өзекті мәселелері бойынша психологиялық кеңес, сұраныс бойынша топтық тренинг және жасөспірімдерге арналған қызықты ойындар өтеді.

Жоғары санатты логопед-дефектолог Рауан Төлеуханұлының айтуынша, Томатис құралында миды ынталандырудың инновациялық әдісі қолданылады. Бұл аппараттың мүмкіндігі зор. Ол сөйлеу бұзылыстарын түзетіп, дамытады. Есте сақтау, ойлау, қабылдау, зияткерлік-танымдық қызметті жетілдіреді. Логопедтер дыбыстар мен логопедтік массаж жасауға арналған зондтар жиынтығы, «Дельфа», «Жайлау» компьютерлік сөйлеу тренажерлері, интерактивті үстел сияқты арнайы жабдықтардың көмегімен жұмыс істейді.

Айта кету керек, Dana bala орталығын заманауи құралдармен жоғары оқу орны өз есебінен жабдықтаған. Ал тірек-қимыл аппаратында ауытқуы бар ерекше балаларға арналған орындықтар университет цехында өндіріледі.

Жаңа педагогикалық мамандықтар пайда болады

Жуықта сала министрлігінің «Ғылым және жоғары білім» форумы аясында елімізде сұранысқа ие екі білім беру бағдарламасының тұсаукесері өтті.

Қазақстан жоғары оқу орындарының педагогикалық әзірлеушілер тобы «Эрго-педагогика» және «Ерте қолдау педагогикасы» білім беру бағдарламаларын ұсынып отыр.

– Университеттің авторлық білім беру бағдарламасын жасау үшін әлеуеті жеткілікті, сондықтан өңіріміз ғана емес, жалпы еліміз үшін өте қажет жаңа бағдарлама әзірлеу ұсынылды. Бала мен отбасын ерте қолдау әрбір бүлдіршіннің толыққанды дамуына жол ашады. Сонымен қатар инклюзивті  білім беру, тәрбие және әлеуметтік жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Білім беру бағдарламасын басқа жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер қолдайтынына сенімдіміз, – дейді университет ректоры.

Мәселен, «Ерте қолдау педагогикасы» мамандығы бойынша диплом алатын мамандар ерте жастан баланың психофизикалық даму ерекшеліктерін ескеретін ең оңтайлы әдіс бойынша дамуына көмектеседі. Қазіргі уақытта нәресте кезеңінде мүгедектігі бар балалардың шамамен 2%-ы ғана, төрт жасқа дейін 10%-ы ғана анықталады. Яғни балалардың көпшілігінің мүгедектігі ерте анықталмағандықтан, олар қолайлы кезеңде уақтылы түзету көмегін алмайды.

– «Ерте қолдау педагогикасы» білім беру бағдарламасы сала министрлігі мен Дүниежүзілік даму банкі бастамасымен, Қазақ ұлттық қыздар университетінің ұжымымен бірлесіп, «Педагогикалық білім беруді жаңғырту» жобасы негізінде әзірленді. Ол 0-ден 3 жасқа дейінгі балаларды оңалту, қалпына келтіруді қолдау бойынша құзыреттілікті қалыптастыру үшін студентке жағдай жасауға бағытталған. Мұндай маман елімізде өте қажет. Бұл бізге даму ерекшеліктерінің кемшіліктерін азайтуға мүмкіндік береді, – дейді психология және түзету педагогикасы кафедрасының профессоры Ирина Мацкевич.

Оның айтуынша, бұл бағдарлама даму ерекшеліктері бар балаларға мүмкіндігінше ертерек көмек пен қолдау алуға септігін тигізеді. Бұл мемлекетке арнайы білім алуға және мамандандырылған мекемелерді ұстауға жұмсалатын шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді, өйткені бала ата-анасымен қалады және қолдау алады. Бұл бағдарлама 2023-2024 оқу жылында іске қосылады.

– Мұндай инновациялық бағдарлама еш жерде, тіпті шетелде де жоқ. Бұл–  педагогика, психология, медицина, түзету әсері және басқа да көптеген ғылыми бағытты қамтитын пәнаралық бағдарлама.

«Эрго-педагогика» – біздің команда жұмыс істейтін бірнеше бағдарламаның бірі, – дейді аталған кафедраның профессоры, С.Аманжолов атындағы университеттің жобалау командасындағы жетекші әзірлеуші Светлана Стельмах.

– Эрго-мұғалім – тірек-қимыл аппараты бұзылған баланы ертіп жүруі керек, оған күнделікті ісін көмексіз орындауға үйрету керек, атап айтқанда, өзіне қызмет ету, белсенді өмірге қатысу. Нәтижесінде күнделікті өмірдің барлық саласында толыққанды тұлға болуға жол ашылады. Сонымен қатар эрго-мұғалім қалыпты балаға да қажет. Көбінесе оқу қиындықтары бар, гипербелсенді, зейіннің бұзылуы, есте сақтау қабілеті бұзылған балалар өздері үшін, айналасындағылар мен мұғалімдер үшін көптеген қиындық туғызады. Эрго-мұғалім мұндай баланың жиналуына, бейімделуіне, әлеуметтенуіне көмектеседі.

Түлектердің жұмысқа орналасуы – 98%

С.Аманжолов университеті – тәжірибеге бағытталған жоғары оқу орны. Dana bala орталығында «Дефектология», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Емдік денешынықтыру» білім беру бағдарламаларының студенттері теориялық білімдерін іс жүзінде бекітеді. Осы дағдылардың арқасында университет түлектері екі жыл қатарынан ұлттық біліктілік тестілеу нәтижелері бойынша бірінші орынға ие болды.

Университеттің биылғы бір мыңнан астам түлегі даярлаудың педагогикалық бағыттары бойынша Ұлттық біліктілік тестінен лайықты өтіп, еліміздегі 130 педагогикалық жоғары оқу орны арасында көшбасшы болды. Соның нәтижесінде түлектердің жұмысқа орналасуы 98%-ға жетіп, осы көрсеткіш бойынша республикада бірінші орында.

Университет түлегі, дефектолог-магистр Вероника Тарасова екінші жыл «Асыл мирас» аутизм орталығында клиникалық педагог болып еңбек етеді. Ол аутист балалармен жұмыс істеудің шетелдік озық әдістемелерін оқып, оларды тәжірибеге енгізуде.

– Мен университетте коммуникация дағдыларын үйрендім. Маған тәжірибе мен диссертация жазу көп көмегін тигізді. Жұмыс орнында әртүрлі заманауи, озық әдіс-тәсілдерді қолданамын. Теория мен практиканың үздіксіз байланысы өте маңызды. Мен өз дағдыларымды арттыру және осы салада іске асыру мақсатын қойдым. Өзімді осы мамандыққа арнағым келеді, – дейді Вероника Тарасова.

Айжанат Бақытқызы 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button