Қоғам

«Дамудың» қаржысы демеу болып тұр

Риддер қаласында өңірлік бағдарлама аясында тауарлы-сүт фермасын құру бойынша екі бірдей жоба жүзеге асуда.

Оның бірін «Достар» шаруа қожалығы қолға алып отыр. 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын қожалық жетекшісі биыл қолданысқа беруді көздеп отыр. Нысанға электр энергиясын тарту үшін шаруа қожалығына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 41,7 млн. теңге көлемінде мемлекет қолдауы көрсетілген.

Жергілікті әкімдік өңірлік бағдарламаға үн қосқан қожалықты әрі қарай да қолдау мақсатында «Даму» қорымен меморандум жасасып, үшжақты несие рәсімдеді. Аталмыш меморандум шағын және орта бизнес нысандарын қаржылай қолдауға бағытталған. Соның шеңберінде қалаға қарасты ауыл шаруашылығы және туризм нысандарын 100 млн. теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылған. Оның тең жартысын жергілікті бюджет бөлсе, 50 млн. теңгесін «Даму» қоры көтереді. Әзірге бұл қаражаттың алғашқы легі «Достар» және «Дудкин» шаруа қожалықтарына беріліп отыр.

Салаға бөлінген субсидия да уақтылы игерілуде. Өткен жылдың өзінде ауылшаруашылық тауар өндіретін төрт құрылым 18,2 млн. теңге субсидиямен қамтамасыз етілді. Оның ішінде екі шаруа қожалығы асыл тұқымды мал басын көбейткені үшін 11,4 млн. теңге алса, үш шаруа қожалығына жанармай бағасының шығынын жеңілдету бағытында 6,8 млн. теңгенің субсидиясы берілді. Ал «Милка» ЖШС-не сары май өндірісі үшін сегіз миллион теңгенің субсидиясы төленіпті.

-Өткен жылы 60 тонна сары май шығардық. Жалпы, біздің серіктестік тәулігіне 50 тонна сүт өңдей алады. Алайда, елден қабылдайтын сүт зауыт қуатының 10 пайызын ғана жүктеуге жетеді. Сондықтан өңірде сүт өндірісін дамытуға бағытталған шаралардың қолға алынғанына қуаныштымын. Бізге тұрақты түрде сүт тапсыратын үш өндірушінің бірі осы «Достар» шаруа қожалығы. Әзірге серіктестікте 55 адам жұмыс істейді. Сүт көбейсе, халыққа ұсынатын өнім түрлері де артып, жұмыс орындары да ашылатын еді, – дейді серіктестік директоры Сергей Зиновьев.

Есжан Ботақара.

Осы айдарда

Back to top button