Қоғам

Даму бюджетіне көңіл толады

Даму бюджетіне көңіл толады


Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті VIII сессиясында облыстық бюджет және облыс қалалары мен аудандары бюджеттері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі, 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет, облыстың сүтті мал шаруашылығын дамыту және сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктелімін қамтамасыз ету жағдайы туралы мәселелер қаралды.

Сонымен бірге, селекторлық режимде өткен сессияда облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын орындауы, облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы есептер тыңдалды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев облыстық бюджеттен облыстың қалалары мен аудандары бюджеттеріне берілетін 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлеміне әр жылдар бойынша жеке-жеке тоқталып өтті. Оның айтуынша, келер жылға 55 197 415 мың теңге, 2018 жылға 56 666 675 мың теңге, 2019 жылға 56 243 513 мың теңге қаржы қарастырылып отыр. Сондай-ақ, ол аталған қаржының басым дені әлеуметтік салаға, оның ішінде білім беру, халықты жұмыспен қамту салаларына бағытталып отырғанын атады.

Ал 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы негізгі қорытынды баяндаманы сессия төрағасы Жасұлан Шаймарданов жасап, алдағы үш жылда аймақты дамыту жолында түрлі салаларға жоспарланған негізгі қаржыларға депутаттардың назарын аударды. Сонымен қатар ол даму бюджеті 2016 жыл бойынша күтілетін кірістерді және өткен жылдардағы салықтық түсімдер динамикасын есепке ала отырып жасақталғанын жеткізді.
Сондай-ақ, 2017 жылға арналған облыстың даму бюджеті 2016 жылға қарағанда 30 пайыз өсіммен 63,9 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Аталған қаржы бірінші кезекте Мемлекет басшысы айқындаған әлеуметтік маңызды міндеттерді шешуге бағытталатын болады.

Облыстың даму бюджетіне қатысты ойын білдірген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ биыл 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда даму қарқыны қамтамасыз етілгенін, 2016 жылды 49 млн. теңге даму бюджетімен қорытындылап отырғанымызды жеткізді.

– Жыл көлемінде жүргізілген тиімді жұмыстардың нәтижесінде қазіргі уақытта Еуразиялық қайта құру және даму банкімен 38 млрд. теңгенің келісімі жасалды. Келер жылы бұл соманы 60 млрд. теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр. 2017 жылды облыстың даму бюджетін 100 млрд. теңгеден асыру мақсаты тұр. Осының бәрі де өңірдің игілігі үшін жасалып жатқан шаруалар, – деді облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ.

Аймақ басшысы облыста мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша да жүйелі жұмыстар қолға алынғандығын атап көрсетті. Нәтижесінде Өскемен мен Семей қалаларында екі үлкен аурухана кешені құрылысы қолға алынбақ. Бұл бағыттағы шаруа жалғасады. Бұдан бөлек өңірдің транспорттық инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы жұмсалмақ. Семейдің дамуына да алдағы үш жылда айтарлықтай көңіл бөлініп, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асатын болады. Қаланың 300 жылдығына тарту ретінде «АБАЙ АРЕНА» спорттық-мәдени кешен құрылысы басталмақ. Мұның бәрі келесі жылдың қаңтар айында Семейде өтетін жиын барысында арнайы талқыланады. Облыста әлеуметтік салаға да айрықша көңіл бөлініп, мектептер, ауруханалар, спорттық нысандар салынып, Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір құрылысы басталмақ.

Сессияда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков өңірдің сүтті мал шаруашылығын дамыту және сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктелімін қамтамасыз ету жөнінде баяндады. Оның мәліметінше, 2016 жылғы 4-қарашадағы жағдай бойынша бағдарламаға сәйкес көзделген 3050 басқа арналған 9 жаңа тауарлы-сүт фермасының 1420 басқа арналған төртеуі іске қосылған. 900 басқа арналған тағы 3 ТСФ құрылысы аяқталуға жақын. Облыс өңірлерінде ТСФ салу және жаңартумен қоса халықтан сүт сатып алу үшін 36 сүт қабылдау пунктін құру көзделген. Алайда, 32-сі ғана құрылып, биыл 27-сі жұмыс істеген. Жоспарланған 4 пункт осы күнге дейін құрылмаған. Ал 2014-2016 жылдары халықтан сүт сатып алу көлеміне жүргізілген талдау сатып алу көлемі артқанын көрсеткен.

Облыс әкімі бұл бағытта атқарылып жатқан шаруаларға көңілі толмайтынын айтып, тиісті басқарманың жұмысын сынға алды. Басқарма басшысына аудандарға жиі шығуды, әкімдермен бірлесе қимылдап, жалаң есеп беруден гөрі нақты нәтижеге жұмыс істеуді тапсырды.

Облыстық жолаушы көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Берік Бейсекенов еліміздегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуы жөніндегі есебін беріп, мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік сатып алуды өткізу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау саласында тиісті бақылау жасалғанын, басқарма арқылы 4 мемлекеттік қызмет көрсетілетінін жеткізді. Басқарма жұмысы жариялы түрде жүргізілетінін, конкурстар нәтижесі порталға қойылатынын, жемқорлықпен күрес бойынша түсіндірмелік жұмыстар басқарма мамандарымен тұрақты жүргізілетінін айтты.

Ал жергілікті полиция қызметінің бастығы Дулат Қазақпаев жергілікті полиция қызметінің бір жылда атқарған жұмысының есебін берді. Оның айтқандарына сүйенер болсақ, облыстағы қылмыстық ахуал өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген. Жүргізілген талдау ауылға қарағанда қалалық жерде қылмыс деңгейінің жоғары екенін көрсеткен. Ең жоғары үлес облыс орталығына және Семей қаласына тиесілі. Он мың адамға шаққанда сәйкесінше 304 және 290 қылмыстан келеді. Аудандарда Глубокое, Шемонайха, Жарма аудандары қылмыс бойынша алда тұр. 2016 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 300 мыңнан астам ұсақ құқықбұзушылықтар анықталған. Бұл былтырға қарағанда 4,2 пайызға артық. Дулат Қазақпаев соған қарамастан, жергілікті полиция қызметі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және қоғамдық тәртіпті сақтауда жүйелі жұмыс жалғасатынын айтты. Сессияда сонымен қатар, 9-желтоқсан бүкіләлемдік сыбайлас жемқорлықпен күрес күні болғандықтан, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Бахтияр Камалов бұл қоғамдық дертпен күрес егемендіктің алғашқы жылдарынан бері жүйелі жүргізіліп келе жатқанын атап, әлем елдерінің онымен күрестегі үздік тәжірибелерімен бөлісті.

Облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбай табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен Абай ауданының шаруа қожалықтарына дер кезінде көрсеткен көмегі үшін облыс әкіміне аудан тұрғындарының атынан алғысын білдірді.

Сонымен бірге, бірқатар депутаттар сессия барысында Парламент Сенатының Грамоталарымен марапатталса, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button