Қоғам
Даладан миномет снаряды табылды

Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылының маңынан әскери снарядқа ұқсас зат табылды. Қауіпті «олжаны» ауыл тұрғындары даладан кездестірген.
Жедел тексеру нәтижесінде табылған заттың кәдімгі миномет снаряды екендігі анықталды. Облыстық ТЖД баспасөз қызметі мамандарының мәліметіне сүйенсек, табылған зат ескі үлгідегі ұзындығы 33 см, диаметрі 7,5 см болатын соғыс снаряды болып шыққан. Оқ-дәріні арнайы зерттеуден өткізген мамандар снарядтың ұзақ уақыт далада, ашық аспан астында жатқандығын айтады.
Келесі күні жергілікті ішкі істер бөлімінің және әскери бөлімнің қызметкерлері, сондай-ақ, ТЖД мамандары бірігіп, қауіпті затты залалсыздандырды. Ескі үлгідегі миномет снаряды жарып жіберу тәсілімен жойылды.
Дарын Нұрсапаров