Дала семинары: Алтай тауында ата дәстүр жаңғырды

Облыстық «Халифа Алтай» мешіті тамаша бір бастаманы дәстүрге айналдырып келе жатыр. Олар қолға алған шараларын шырайлы Шығыстың ең бір шұрайлы жерінде өткізеді. Қайбір жылы жат ағым жетегіндегі жастарды Сібе көлдерінің бойында жиған еді. Биыл еліміздің әр өңіріндегі дін саласында еңбек етіп жүрген белсенді жастарды Алтай ауданына апарыпты.
Киіз үйдің басы, пайғамбардың жасы
«Дала семинары» деп аталатын апталық басқосу аталмыш ауданға қарасты Серебрянка елді мекенінің маңындағы сай аузында өтіп жатыр екен. Төр жағын жақпар тастардан құралған құзар шыңға берген онға жуық ақшаңқан киіз үйдің іргесінен таудан құлаған тасбұлақ сылқ-сылқ күліп өтіп жатыр. Бұл бұлақ көп өтпей астындағы әйдік өзенге құйып жатыр. Оң жақ іргесінде тау қымтаған киіз үйдің табалдырығынан жаңағы бұлақ құйған Бұқтырма көрініп жатыр. Киіз үйдің түрілген іргесінен жалбыз бен қарақаттың жұпар иісі танауға ұрады.
Ішінде белгілі қаламгер Сәрсенбек Смағұлов бастаған діни қызметкерлер рухани жаңғырып отыр екен. Әңгімелеріне құлақ түруге тура келді. Шаңырақтан бастап үй ағаштың киесі жайлы әңгіме өрбітіп отырған Сәрсекең біз барғанда кереге мен уықтың қосылған жеріне келіп қойыпты.
– Әдетте киіз үйлердің көбі 63 бас болады, – деп жалғады әңгімесін. – Пайғамбарымыз да 63 жас өмір сүрген. Мына қызыққа қараңыздар, әдетте шала туған сәбиді қазақ тымаққа салып, керегенің басына іліп баққан. Тымақтың іші мен кереге басындағы ауа ағысы ана құрсағының температурасымен сәйкес келеді екен. Және күн сайын бір уыққа баланы жылжытып отырған. Оң жақ босағадан жылжытылған бала 63 күнде сол жақ босағаға келеді. Бұл уақытта бала да тоғыз ай, тоғыз күндік уақытқа тура келеді екен…
Біз айтылып жатқан әңгімені шарасыздан үзіп, сыртқа беттедік. Өйткені далада әр облыстан келген жастардың арасында спорттық сайыстар өткелі жатқан болатын.
Қарағандылықтар қарсылас шыдатпады

-ның Өскемен өңіріндегі өкіл имамы Ермек қажы Мұқатайдың мұрындық болуымен өтіп жатқан бұл шараға еліміздің әр өңірінен 70- ке жуық қонақ келіпті.
-Күмісбұлақ қаласының маңындағы бұл семинар бізде екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Биылғы қонақтарымыз Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жастар секторына қарасты кілең жас азаматтар. Жастар жылына орай қолға алынып отырған шарамыздың тағы бір мақсаты – әр өңірде қордаланған мәселелерді ортақ шешу, бірізділікке түсіру. Сондай-ақ Шығыстың тұмса табиғатын өзге өңірлерге насихаттау болатын. Қонақтарымыз бір жұманың ішінде төр Алтай төсіне қарай жол тартып, әйгілі Берел қорымына дейін барып қайтады, – деп шараның мазмұнымен таныстырды «Халифа Алтай» мешітінің бірінші наиб имамы Дәулет Тілеуханұлы.
Имамдардың айтуынша, адасқан жастардың көбі ата дәстүрге шорқақ болады екен. Яғни бабасының басқан ізінен бейхабар жас кім көрінгеннің жетегіне оңай еріп кете береді. Жаңағы киіз үйді тігіп, ұлттық ойындардан сайыс өткізудің бір себебі осында жатса керек.
Біз діни қызметкерлердің арасында өткен күресті тамашаладық. Бастапқыда қазақ күресінен өтеді деген шара қатысушылардың өтінішімен еркін күреске айналды. Жеңіл, орта, ауыр салмаққа бөлінген апайтөс жігіттер бір-біріне оңайлықпен дес берген жоқ. Олардың кейбірі екі-үш минутқа жетпей дымы құрып жатса, кейбірі нағыз бозкілем шебері болып шықты. Әсіресе бұл бәсекеде қарағандылық жігіттердің бәсі жоғары болды. Бұдан кейін жігіттер арқан тарту, гір көтеру сынды ойындардан сайысқа түсіп жатты.
– Мұнда келген жастар таза табиғат құшағында салауатты өмір сүру үшін жұмыс істеп жатса, екінші бір жағынан діни сауатын жетілдіруде . Бүгінгі таңда жастардың дінге бет бұруы өте жақсы деңгейде. Мешіт жамағатының 70 пайызын осы жастар құрайды. Бірақ олардың бәрі діни сауатты деп айту қиындау. Сондықтан біз осындай шаралар арқылы бір-бірімізбен ой бөлісіп, тәжірибе алмасып жатырмыз, – дейді Нұр-Сұлтан қалалық дін басқармасы жастар ісі секторының меңгерушісі Әділет Көпен.
Біздің дархан дала төсіндегі семинарға үшінші күні жолымыз түсіпті. Бізді ертіп барған «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз хатшысы Әскерхан Ақтай журналистермен қоса өңірге есімі белгілі бірнеше жас ақынды да ертіп алған еді. Алыс-жуықтан келген қонақтардың алдында өңірдің өнерлі жастарынан «ауылдың алты ауызын» сұрады. Сөйтсек, біздің алдымызда ғана Дархан Сәдібеков бастаған өңірдің өнерпаздары қонақтарды дәстүрлі әнмен сусындатып қайтыпты. Ақыры журналистер мен ақындар да сахара сахнасына көтерілді. «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі тілшісі Азамат Қасым Алтай өңіріндегі айтулы жерлер мен ұлылар елінің орталығы Жидебей туралы кеңінен көсілсе, біз киелі өлке туралы жырларымызды оқып бердік. Бастапқыда «тәкпірлетіп» отырған қонақтарымызға үрке қарағанымызбен, соңына қарай қол соғудың орнына, қолдап отырған сөздеріне құлақ үйреніп кетті. Дәулетберді Жекей бастаған жас ақындар таңғажайып табиғат құшағына шебер Жаратушы өз қолымен құрған ғажайып сахнада отты жырларын тебірене оқыды.

– Мен Көкшетаудың тумасын. Ол жердің табиғаты талай жұртқа мәашһүр ғой. Десе де Алтайдың сұлулығы мені еріксіз таңғалдырды. Бұл өлке түркілердің түпкі мекені болғандығымен де біз үшін қастерлі. Содан кейін, бізге осы табиғатты көруге, қаншама ниеттес азаматтар табуға мүмкіндік жасаған Өскемен өңіріндегі иманды азаматтарға үлкен алғыс. Бұйырса, мұндай игі бастама басқа өңірлерде жалғасын табады деп ойлаймын, – дейді Қарағанды қаласы Әнет баба атындағы мешіттің баспасөз хатшысы Әсет Ибраев.
Тек, Әсет қана емес, әр өңірден келген қонақтардың бәрі жарыса алғыстарын жаудырып жатты. Шетінен иман жүзді азаматтар тәкпір айтқанда, қалғып тұрған Алтайдың алып жартастары жарыса жаңғырады. Бұл жаңғырықтан таяқ тастам жерде тұрған Серебрянка қаласы да селк етіп оянғандай. Осыдан кейін бұл қаланың да рухы оянар, рухани жаңғырар. Біз көп жылдар дәстүрінен адасып қалған Күмісбұлақ қаласынан осындай үмітті ойдың жетегінде оралдық.
Мұратхан Кенжеханұлы