Дала қырандары қалада сайысты

Өскеменде құсбегілердің республикалық XV чемпионаты өтіп, дала қырандары қалада сынға түсті. Оған еліміздің әр өңірінен келген он құсбегі қатысып, биіктікті қыранының қанатымен өлшейтін бабалардан қалған құсбегілік өнерді өскемендіктерге тамашалатты.
Байырғы бабалардан қалған «Қырандарын қинаған – даласын да сыйламас, ұландарын қинаған – данасын да сыйламас» деген мәйекті мақал бар. Осыдан-ақ қазақтың қыранға деген құрметін көруге болады. Түз тағысының тілін тауып, оны қолға қондыру үшін ептілік пен ерлік керек. Көк Тәңір еркесінің тілін көшпенділер ғана тапты. Қыранды қолға үйретіп, тұғырға қондыру барысында неше түрлі тәсіл мен айланың тетігін меңгерді. Осы еңбек құсбегілік өнердің негізін қалады.
Қазіргі таңда қырандар сайысы еліміздің әр өңірінде және шет елдерде жыл сайын өтіп келеді. Биыл бұл үрдіс Бөрісырғақ боранынан кейін облыс орталығы Өскеменде жалғасын тапты. Ақпанның ақ боранымен бірге Алтайдың қойнауында өткен сайыс үш күнге жалғасты. Қыранның саңқылы қала ішін жаңғыртып, салбурын емес, салтанатты іс-шара түрінде өтті. Бүркітпен қатар ипподромда қаршыға мен ителгі ұшырғандар да болды.
– Шығыс өңірінде құсбегілік өнер кенжелеп қалғаны шындық. Осы өнердің қанатын кеңге жайып, дәріптелуіне атсалысып келеміз. Бабамыздан қалған ұлттық спорт түрін болашақ ұрпаққа аманаттау – парызымыз. Сондықтан да осы өнердің өркен жаюына үлес қоса алсақ, өнеріміздің өрге жүзгендігі деп білеміз, – дейді құсбегі Тәттімбет Кәпұлы.
Бүркіттерді алдымен шырғаға салып, артынан қоянға ілдірді. Осылайша, қырандардың бабын, құсбегілердің бағын сынап көрді. Нәтижесінде III орынды Алматы облысынан келген Аян Сейітжан қанжығаласа, жүлделі II орынды Атыраудан келген Арман Қошқаров еншіледі. Бүркітшілер сайысының I орнын үржарлық Нұғым Қайдарұлының бүркіті жеңіп алды.
Аспаны ашық, жері кең қазақтың қыраны қолдан түспесін деп тілейік!
Алтай Ғали-Асқар